Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Гаухар Каткенова әлеуметтік желілерде тарап жатқан «жаңа вирус» туралы ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Алматыда бұрын белгісіз болған немесе алғаш рет анықталған вирус тіркелмеген.
Тұрғындарды әлеуметтік желілердегі расталмаған ақпаратқа сенбеуге және тек уәкілетті органдардың ресми мәліметтеріне сүйенуге шақырамыз. Зертханалық мониторинг нәтижелері бойынша қалада риновирус, парагрипп, РС-вирус (респираторлық-синцитиальды вирус) және маусымдық коронавирус айналымда жүр. Бұрын кездеспеген немесе анықталмаған жаңа вирустар тіркелген жоқ, – деді Гаухар Каткенова.
Оның сөзінше, Алматыда жыл бойы жұмыс істейтін сегіз бақылау орталығы бар. Бұл орталықтар тұрақты түрде сынамалар алып, зертханалық зерттеулер жүргізеді және қазіргі уақытта қандай вирустар таралып жатқанын анықтайды.
Санитариялық дәрігердің айтуынша, зертханалық бақылау нәтижелері қалада дәл осы риновирус, парагрипп, РС-вирус және маусымдық коронавирус белсенді екенін көрсеткен.
Тұмауға қарсы вакцина тәуекел топтарына тегін салынады
Баспасөз мәслихатында тұмауға қарсы вакцинация мәселесі де сөз болды. Гаухар Каткенованың мәліметінше, биыл Алматы қаласына жергілікті бюджет есебінен тұмауға қарсы 250 мың доза вакцина сатып алынған.
Бұл вакциналар тәуекел тобына жататын азаматтарға арналған. Ал екпе алғысы келетін басқа тұрғындар вакцинациядан ақылы негізде өте алады, – деді ол.
Мамандар тұрғындарға күзгі-қысқы маусымда вирустық инфекциялардан сақтану үшін профилактикалық шараларды сақтап, денсаулық жағдайы нашарлаған жағдайда дәрігерге жүгінуге кеңес береді.
Тағы оқи отырыңыз: ЖРВИ асқынып жатыр: Алматыда төрт бала жансақтау бөліміне түсті