Ақ халатты адамдар неге қорғансыз? Елімізде медицина қызметкерлеріне жасалатын шабуылға тосқауыл болсын деп арнайы заң қабылданды. Дегенмен сала қызметкерлерінің тартып жатқан зардабы азаяр емес. BAQ.KZ тілшісі осы сауалдарды зерделеп көрді.
Соңғы жылдары елімізде медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдар қоғамның ең ауыр әрі алаңдататын мәселенің біріне айналды. Дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлеріне қол көтеру, қорқыту, балағаттау, кәсібіне тіл тигізу сияқты оқиғалар қатары артты. Ең сорақысы – медицина саласындағы қызметкерлердің емделуші немесе сырттан келетін адам тарапынан ажал құшуы.
Бүгінде гуманитарлық қызметкер ретінде бағаланатын медицина мамандарына жұдырық ала жүгіру, соққыға жығу, денсаулығына, өміріне қауіп төндіруге қарсылық мемлекет тарапынан заң жүзінде қорғалса да, қылмыс үдеп барады.
Бұл жағдай тек медицина саласына емес, жалпы қоғамның қауіпсіздік пен мәдениет деңгейіне қатысты күрделі сұрақтарды алға тартады.
Қауіп астындағы маман кімге қалқан бола алады?
Медиwина қызметкері – адам өмірі үшін жауап беретін маман. Алайда бүгінгі таңда дәл осы жауапкершілікті арқалаған жандар өздері қауіпсіздіктен қағылып отыр. Әсіресе жедел жәрдем бригадаларының фельдшері, қабылдау бөлімдерінің дәрігерлері мен медбикелері емделушілер тарапынан агрессияға жиі ұшырайды.
Көп жағдайда шабуылдар түнгі уақытта, алкоголь немесе есірткі әсеріндегі пациенттермен, сондай-ақ ауыр халдегі науқастардың туыстарымен байланысты болып келеді. Күтудің ұзақтығы, диагнозға немесе ем нәтижесіне көңіл толмау ашу мен эмоциялық жарылысқа әкеліп, соңы күш қолданумен аяқталып жатады.
Мәселе қайдан шығады?
Сарапшылардың айтуынша, бұл құбылыстың бірнеше негізгі себебі бар.
Біріншіден, қоғамда стресс деңгейі жоғары. Экономикалық қиындықтар, әлеуметтік қысым, денсаулыққа қатысты қорқыныш адамдардың агрессиясын күшейтеді.
Қазір адамдардың санасын тұрмыстық ахуал көбірек билейді. Түрлі ахуал, жай-күй ашумен жасалатын орны толмас өкінішке апаруы мүмкін. Адамның гуманизмі мен дәрігердің кәсіби этикасы қиын сәтте сынға түссе, әрине, алдымен дәрігер алдындағы пациенттің жағдайының дұрыстығын қадағалайды және сол үшін жұмыс істейді. Ал келуші мен күтуші, емделуші, яғни барлық адам эмоционалды тұрғыда кез келген сынаққа төтеп бере алмайды. Осы кезде айтар едім, медициналық мекемелерде кәсіби психологтар мен маманданған күзет қызметі анық керек. Бұл екі тарапқа да пайдалы, – дейді психолог Айнұр Сабырқызы Үсенбаева.
Екіншіден, медицина жүйесіне түсетін жүктеме тым ауыр. Кадр тапшылығы, ұзын-сонар кезек, уақыттың жетіспеуі – бәрі пациент пен дәрігер арасындағы қарым-қатынасты ушықтырады.
Қазір ауылдық емхананың өзінде адамдар мен медқызметкер арасындағы жағдай алңдауға тұрарлық. Себебі сол – шыдамсыздық, сабырдың жоқтығы, дәрігер бәрін жедел жасауы керек, міндет арту. Ауылдардағы айғай-шу аурухана қабырғасынан шыға бермейді. Көбінесе дауыс көтеру, балағат сөйлеу, біліміне, кәсіилігіне күмән келтіру туралы науқастың туыстарынан сөз есту – аса ауыр жағдай емес. Ағайын арасы, ел іші мұндай нәрсеге атүсті қараймыз. Кешірімшілміз, – дейді аудандық емхананың медбикесі Тамара Бөртаева.
Үшіншіден, ұзақ уақыт бойы медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандар қатаң жазаға тартылмай келді. Бұл кей азаматтарда «жауапкершілік жоқ» деген қате түсінік қалыптастырды.
Төртіншіден, дәрігер мамандығының қоғамдық беделі әлсірей түсті. Дәрігерді қызмет көрсетуші ретінде ғана қабылдау – кәсіби шекараны бұзатын қауіпті үрдіс. Салдары – бір күндік жаңалықтан әлдеқайда ауыр
Медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықтың салдары бір ғана оқиғамен шектелмейді.
Физикалық жарақатпен қатар, дәрігерлер мен медбикелер ауыр психологиялық күйзеліске түседі. Көпшілігі мамандығын тастау немесе елден кету туралы ойға келеді. Бұл – кадр тапшылығын одан әрі ушықтыратын фактор.
Ең бастысы – қауіпсіздігіне алаңдаған дәрігер науқасқа толық көңіл бөле алмайды. Ал бұл тікелей медициналық көмектің сапасына әсер етеді. Демек, шабуыл тек бір дәрігерге емес, бүкіл қоғамға зиян келтіреді.
Мемлекет не істеп жатыр?
Соңғы уақытта билік бұл мәселенің өзектілігін мойындап, нақты шаралар қабылдай бастады. Медициналық қызметкерлерге шабуыл жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту, ауруханалар мен қабылдау бөлімдеріне полиция немесе күзет посттарын қою, жедел жәрдем қызметкерлерін бейнекамералармен қамтамасыз ету сияқты бастамалар қолға алынуда.
Президент қолдау көрсетті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне жасалған шабуыл үшін жазаны күшейту жөніндегі ұсыныстарды қолдады.
Дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілерін қорғауға жаңа заң
Депутаттар медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем көлігінің жүргізушілерін кәсіби міндетін атқару кезінде қорғауды күшейтетін заң түзетулерін қабылдады.
Қылмыстық кодекс 380-3-баппен толықтырылып, «медицина қызметкеріне немесе жедел медициналық көлік жүргізушісіне қатысты күш қолданамын деп қорқыту немесе күш қолдану» әрекеттеріне жеке жауапкершілік енгізілді.
Қорқыту үшін:
200–500 АЕК айыппұл,
түзеу немесе қоғамдық жұмыстар,
немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу/айыру.
Ауырлататын мән-жайлар — 3 жылға дейін.
Күш қолданғаны үшін:
Өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш: 500–1000 АЕК айыппұл немесе 2–3 жыл бас бостандығын шектеу/айыру.
Ауырлататын мән-жай: 3–7 жыл.
Ауыр зардаптар болғанда:
5–10 жылға дейін, ал ауырлататын мән-жайлар — 7–12 жылға дейін бас бостандығын шектеу/айыру жазасы қарастырылған.
Заңның мақсаты – медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәсіби міндетін атқару кезінде қорқынышсыз жұмыс жасауға мүмкіндік беру.
Бұл қадамдар – маңызды, бірақ жеткіліксіз. Өйткені мәселе тек жазамен емес, алдын алу арқылы да шешілуі тиіс.
Әлемде және елімізде қандай кешенді тәсілдер ұсынылған
Медициналық қызметкердің арнайы қорғалатын тұлға ретіндегі мәртебесін заңмен нақтылау
Денсаулық сақтау мекемелерінде қауіпсіздік жүйесін күшейту
Қоғамда дәрігер еңбегін құрметтеуге бағытталған ақпараттық-танымдық жұмыстарды арттыру
Медицина қызметкерлеріне конфликт жағдайларын басқару бойынша психологиялық және коммуникациялық дайындық беру
Дәрігерге қол көтеру – бұл тек заң бұзушылық емес, қоғамның адамгершілік деңгейін көрсететін индикатор. Медицина қызметкері өзін қауіпсіз сезінбейтін жерде сапалы ем туралы айту қиын.
Дәрігердің қауіпсіздігі – әр азаматтың денсаулығына тікелей қатысты мәселе. Сондықтан медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылыққа төзбеушілік қоғамның ортақ ұстанымына айналуы тиіс.