Дәрігер: Вакцина – дертке шалдықпауымыздың кепілі

23 Наурыз 2021, 14:31
2071
Бөлісу:
Дәрігер: Вакцина – дертке шалдықпауымыздың кепілі

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Тұрғындар арасындағы «Екпе салдыру – қауіпті» деген сыңайдағы кереғар пікір біршама сейілген. Өйткені, бүгінде ерікті түрде екпе салдырған жамбылдықтардың саны 5 мыңнан асты.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев айтты. Оның сөзіне қарағанда, жалпы басқа саланың қызметкерлерін қоспағанда, кешеге дейін өңірде 4035 медицина, 1068 білім салаларының қызметкері еркіне қарай екпе алған.

Коронавирус инфекциясына қарсы жаппай вакцинациялаудың екінші кезеңінде алдымен балабақшалардың тәрбиешілері, бастауыш сыныптардың мұғалімдері екпе қабылдауы керек. Алайда, бұл одан басқа салалардың мамандары мен тұрғындар вакцинамен қамтылмайды деген сөз емес. Ертерек қауіпті індетке қарсы иммунитет қалыптастыруды ойлағандар тұрғылықты мекен-жайлары бойынша тіркелген емханаға барып, екпе ала алады, - деп атап өтті аймақтың бас дәрігер.

Әсет Әскерұлының айтуынша, Жамбыл облысындағы 1 068 білім қызметкерінің қатарындағы арнаулы орта білім ошақтарының оқытушылары, жергілікті білім басқармасы мен аудандрдағы бөлімдердің қызметкерлері жоғарыдағыдай шешімге тоқтаған. Қазіргі таңда өз еріктерімен екпе салғызған педагогтардың денсаулықтары бір қалыпты. Әзірге коронавирусқа қарсы екпенің қандай да бір кері әсерлері байқалмаған.

Педагогтар ерікті түрде вакцина алуға жазбаша келісім берген соң, дәрігерлер арнайы бөлмеде олардың денсаулықтарын жіті тексереді. Онда дене қызуы мен қан қысымын өлшейді. Егер қарсы көрсетілімдер байқалмаса, вакцинаның бірінші дозасын қабылдайды. Пациент екпені салдырғаннан кейін де 30 минут бойы дәрігердің бақылауында болады,  - деді Әсет Қалиев.

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы бүгінде өңірде «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентін барлығы 5 540 адам қабылдағанын мәлімдеді. Oлардың 72,8 %-ы –  медицина саласының қызметкерлері. Ал білім саласының қызметкерлері 19,8 %-ды құрайды. Сондай-ақ екінші кезеңде екпе алғандар қатарында Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полиция департаментінің қызметкерлері, студенттер мен әлеуметтік мекемелердің мамандары және мемлекеттік қызметшілер де бар. Бұлардың 400-ге жуығы ерікті түрде вакцина салғызған өңір тұрғындары екен.

Ал Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенованың сөзінше, балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі үшін әрбір мұғалім жауапты. Сондықтан өңірдегі педагогтарға екпе туралы түсіндіру жұмыстары барынша кеңінен жүргізілуде.

Денсаулық сақтау саласы мамандарының ескертпелері мен ұсынған ережелерін барлық білім беру мекемелері жоғары деңгейде ұстанып жатқанын баса айтқым келеді. Бұл үрдісті алдағы уақытта да жалғастыра береміз. Өйткені, ұстаздар тек өздері мен отбасыларының ғана емес, әрбір оқушының да денсаулықтарына жауапты. Сол себептен де екпе алу шараларын үзіліссіз жалғастыратын боламыз. Әзірге мұғалімдердің белсенділігі көңілден шығады, - дейді ол.

Айта кетейік, коронавирусқа қарсы жүргізіліп жатқан вакцинация мәселесі аймақта да БАҚ-та да кеңінен талқыланып жатыр. Мәселен, саланың жауапты мамандары тікелей эфирлерге шығып, өңір азаматтарын сақтық шараларын сақтауға шақыруда. Сонымен қатар облыстың қазіргі эпидемиологиялық ахуалы мен екпе салудың тиімділігі жайлы орынды ой қозғауда.

Жер бетіне тарап үлгерген қауіпті індетті ДДСҰ пандемия деп жариялағалы бері инфодемияға, яғни фейк ақпараттарға қарсы күрес те қатар жүргізіліп келе жатқаны анық. Сол əлеуметтік желі арқылы əлемді шарлаған негізсіз ақпараттардың көбі əлі дайындалып болмаған вакцинаға қатысты болғаны да белгілі.

Соның əсері шығар, екпенің тиімділігіне сенбейтіндер көп. Мұндай жағдай Жамбыл облысы тұрғындарының арасында да жиі кездеседі. Сол себептен түсіндіру жұмыстарын жүргізе беруіміз керек. Өйткені, вакцина – біздің дертке шалдықпауымыздың бірден-бір кепілі, - деп атап өтті облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Нейла Муликова.


Өзгелердің жаңалығы