Дәрігер туберкулезден сақтанудың жолдарын айтты

25 Қазан 2020, 12:05
2266
Бөлісу:
Дәрігер туберкулезден сақтанудың жолдарын айтты

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Елімізде туберкулез дертін анықтау мен оның алдын алу, емдеу, қажетті дәрі-дәрмекпен қамту тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енгізілген. Нақтырақ айтсақ, бұл сырқат түріне тегін ем-дом жүргізіледі.

Жамбыл облыстық фтизиопульмонология орталығы бас дәрігерінің ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Гүлзия Жолдасова осылай дейді. Оның сөзіне қарағанда, тұрғындардың басым көпшілігі өздерінің денсаулықтарына немқұрайлы қарайтыны жасырын емес. Адамның ағзасы өзінің қағидатымен жұмыс істейді. Таза ұстаса, тепе-теңдік сақталса, ағзаға қандай да бір салмақ түспесе, яғни артық жүктеме болмаса, ол бұзылмайды.

Туберкулез ауруының асқынуының алдын алудың бір жолы – профилактикалық тексерулер. Ағзаның саулығы, негізінен, дұрыстап тамақтануға, орнымен тынығуға, қимыл мен қозғалысқа, саламатты өмір сүру салтына тікелей байланысты. Сол себептен дәруменге толы, қуатты тағамдармен уақытылы тамақтанған абзал. Ал саламатты өмір салтын ұстану, белсенді қимыл-қозғалыс деннің саулығын одан әрі нығайта түседі. Темекі мен ішімдіктен барынша бас тартқан жөн. Ағзаның сыртқы әсерлерге қарсы тұру, күресу қабілетін арттыру, яғни иммунитетті күшейте түсу қажет. Ең басты есте сақтайтын нәрсе – бұл жазылатын сырқат және оның алдын алуға болады, - деп сендірді ол.

Дертті жұқтыра қалған күннің өзінде дәл уақытында және дұрыс ем алса, кез келген адамның сырқатынан толық сауығып кетуіне мүмкіндігі бар көрінеді. Ол үшін саламатты өмір салтын ұстанып, таза ауада серуендеп тұрған жөн.

Дәрігердің айтуынша, жыл мезгілдеріне қарамастан, таза ауаға көп шығу керек. Себебі таза ауа – адам ағзасына жағымды әсер ететін шынығудың мінсіз құралы. Сонымен қатар жеке тазалық ережесін сақтау: қолды, ыдысты тазартқыш құралдарын пайдалану арқылы жуу, ғимаратты ылғалдап сүрту және желдету, ет, сүт өнімдерін міндетті түрде жылумен өңдеу, гигиеналық дербес құралдар мен ыдысты қолдану аса маңызды.

Науқас өз дертін жақындарына жұқтырып алмау үшін жөтелу тәртібін сақтауы тиіс. Ал гигиеналық тәртіптің маңызды бөлігі – дұрыс тамақ ішу. Адам тәбетті арттыратын және ағзаға жақсы сіңетін түрлі тағаммен тамақтануы қажет. Тағамның құрамында ақуыздар, майлар мен көмірсулардан өзге, міндетті түрде дәрумендер мен минералды тұздар болғаны жөн. Ақуыздар етте, сүтте, сүзбеде, жұмыртқада, көмірсулар – қантта, нанда, картопта, жармада бар. Дәрумендер мен минералды тұздар балғын көкөністер мен жемістердің құрамында да көп, - деп атап өтті Жолдасова.

Жауапты маман туберкулездің алдын алудың аса тиімді тәсілдерінің бірі – халықты профилактикалық медициналық тексеру екенін айтты. Ал оны рентгенологиялық әдіспен көкірек қуысын флюорографияға түсіру және рентгенологиялық әдіспен толық зерттеу арқылы анықтауға болады. Флюорография – туберкулезді анықтаудың қауіпсіз әдісі. Мұндай тексеруден азаматтар тұрғылықты жері бойынша емханаларда тегін өте алады.

Туберкулездің алдын алу, адам ағзасының қорғау қабілетін арттыру мақсатында тубекулезге қарсы арнайы егу (БЦЖ) жүргізіледі. Екпе сәби дүниеге келгеннен 1-4 күннен салынады. Дертке қарсы иммунитет жағдайын бақылау және балалардың ауруды алғаш жұқтырған сәтін анықтау үшін Манту жасалады, - деді бас дәрігердің орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы