Дәрігер: Төтенше жағдай – жан-жақты сараланып барып қабылданатын шара

12 Мамыр 2020, 16:22
2207
Бөлісу:
Дәрігер: Төтенше жағдай – жан-жақты сараланып барып қабылданатын шара
Фото: дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі төтенше жағдай режимін тоқтату туралы қабылдаған шешіміне қатысты пікір білдірген "Астана медицина университеті" КЕАҚ Балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешова Қазақстанның COVID-19-ға қарсы күресте жасап жатқан амалдары дұрыс екенін айтты.

Төтенше жағдайдың аяқталуы карантин шаралары да тоқтатылатынын білдірмейді. Бүгінде елімізде бес мыңнан астам адам коронавирус инфекциясын жұқтырғанын көріп отырмыз. Үкімет және Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қабылданып жатқан шараларға қарап, біздің елдегі жағдайды өзге елдермен салыстыратын болсақ, жағдай біршама жақсы деп бағалауға болады. Себебі, жағдай бақылауға алынған. Әрине, әлем елдерінде егде жастағылармен қатар, жастардың, дәрігерлердің де вирустың әсерінен қайтыс болып жатқан жайттар көңілге қаяу түсіреді. Дегенмен, мен дәрігер ретінде біздің елдің коронавирус инфекциясымен күресте жасаған қадамдарын дұрыс деп білемін, - деді ол.

Дәрігердің айтуынша, вирус мүлдем жоғалып кетпей, адамдардың ортасында қалып қоюы әбден мүмкін. Оның мутацияға ұшырағаннан кейін қалай өзгеретінін тек уақыт көрсетеді.

Халық қандай жағдайда қалай әрекет ету керегін нақты білуі керек. Коронавирус инфекциясынан қорғану үшін 5 ережені есте сақтаған жөн. Олар: қолды мұқият жуу, оқшаулану, қолмен көз, тыныс алу жолдарын ұстамау, түшкіру және жөтелуді бақылауда ұстау (ережеге сай, оң жақ шынтаққа қарай жөтелу/түшкіру), халық көп шоғырланатын жерлерден мүмкіндігінше алшақ жүру. Мұндай жерлерге бара қалған жағдайда сақтық шараларын ұмытпау керек. Дәл осы 5 қағида кемінде бір жыл сақталуы қажет. Осындай профилактика инфекция жұқтырып алмаудың кепілі болмақ, - деді ол.

Динагүл Баешова төтенше жағдайдың біртіндеп алынғаны дұрыс екенін айтады.

Мұндай жағдай аяқ асты қабылданып, бірден шешіле салмайды. Бұл біртіндеп, барлық қауіп-қатерлер ескеріле отырып, жан-жақты сараланып бірақ қабылданатын шара. Қазір біздің ел өзге мемлекеттер жасай алмаған шараларды жасап отыр деп айтуға толық негіз бар. Тек халық тарапынан да вирустан сақтану талаптары тыңғылықты орындалуы керек, - дейді дәрігер.

Өзгелердің жаңалығы