Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық терапевт-дәрігер Меруерт Бақыт халық арасында «система» аталып кеткен медициналық процедураның шын мәнінде кімге қажет екенін айтты.
Бұл туралы ол әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир кезінде хабарлады.
Ауруханада күндізгі стационарда жұмыс істеп жүргенде келген науқастар «приемныйда дәрігер система жазып береді деді» деген сөздерді жиі еститінмін. Астанада да ардагерлер госпиталінде бүкіл пациент «сонау алыстан келдік, 10 күн система алайын, қатарынан жазып берші» деп сұрайтын. Яғни больницаға тек система алуға ғана келеді. Ал сол науқастарға құр «физиологиялық раствор» не глюкоза жазып берсең де, 2-3 күннен кейін «ой сондай жақсы болып қалдым» дейді, соған сенеді. Кеңес одағынан біздің халықта сондай түсінік қалыптасып қалған, система жақсы көмектеседі, ауруханаға жаттың ба тек система алу керек..., - дейді дәрігер.
Расымен де система (капельница) сондай таңғажайып қасиеті бар ма, науқастарға берер пайдасы қандай? Дәрігер осы сауалдарды жіті түсіндіріп өтті.
Дәрілерді көктамырішілік (система) жіберудің пайдасы біршама. Мәселен система арқылы дәрі қанға тезірек түсіп, тез әсер етеді. Бұл емшара кімдерге арналған? Ең алдымен шок жағдайында жатқан науқастарға (кардиогенді, травмалық, анафилаксиялық) арналған. Сонымен қатар түрлі қан кетулер, естен танулар, инсульт, инфаркт тәрізді жедел жағдайлар кезінде, құсу мен іш өту салдарынан көп сұйықтық жоғалту кезінде және т.б. жағдайларда салдырудың пайда зор, - дейді дәрігер.
Терапевттің айтуынша, басқа жағдайларда егер науқас өздігінен дәрі іше алса, онда оған система қажет емес. Ол көктамырішілік инфузия кезінде бірқатар асқыну болуы мүмкін екенін айтты.
Көктамырішілік инфузия кезінде гематома (тері астына қан ұюы), флебит (көктамыр қабынуы), майлы не ауалы эмболия (тамыр ішіне май не ауа кіріп, тамырды бітеуі), нерв пен сіңірлердің зақымдалуы, аллергиялық реакция не естен тану (коллапс) тәрізді кері әсерлер болуы ықтимал. Сондықтан да көктамырішілік дәрі жіберу бұл жедел көмек ретінде ғана жүргізілуі керек. Қалған жағдайларда дәріні ауыз қуысы арқылы ішке ішіп қабылдаған жөн, - деп атап өтті Меруерт Бақыт.