Елімізде жаңадан құрылған «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының қатарына кім қосыла алады? Бұл сұраққа коалицияның төрағасы Төлеген Күнәділов жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қоғамда сайлау науқаны жылдан жылға еліміздің күнделікті өміріне еніп келеді. Мысалы, биылдан бастап пилоттық жоба ретінд е ауыл әкімдерін, кейін аудан, қала әкімдерін сайлау. Жыл сайын дауыс беру күні байқаушы ретінде сайлауға қатысатын адамдардың саны да артып келеді. Дәлірек айтқанда, 2019 жылы еліміз бойынша 43 мыңнан астам байқаушы қатысса, 2021 жылы Парламент сайлауында 75 мыңға жуық адам қатысты. Ал былтыр өткен референдум мен президент сайлауында жобамен 100 мың адам, - деді Күнәділов.
Оның сөзінше, әр науқан сайын азаматтарымыздың байқаушы ретінде сайлаудың ашық, әділ өтуіне белсене қатысуға ниеттері артып келеді.
Алдағы Парламент Мәжіліс мен мәслихат депутаттарын сайлауда 10 мыңға жуық сайлау учаскесі жұмыс істейді. Осы сайлау учаскесінің барлығын қамту ойымызда бар. Бауқаушылар пулын құрып, оларды оқытып, жетілдіріп, науқанды қоғамдық бақылау ретінде өткізуге дайынбыз, - деп айтты коалиция төрағасы.
Ол бұған дейін де қоғам белсенділерін барлық сайлау учаскелерін бақылауға тартып келе жатқанын айтты. Сөзінше, бұл қоғамдық жұмысқа қаражат бөлінбеген.
Бізде қаражат қарастырылмаған. Барлығы өздерінің белсенділігін танытып, байқаушы ретінде қатысып келеді. Байқаушылардың қатарында әртүрлі саланың мамандары бар. Оның ішінде тіпті жұмыс істейтіндер де, істемейтіндер де бар. Бір қуантарлығы жастардың белсенділігі жоғары, - деді Төлеген Күнәділов.
Ол журналистердің «байқаушылардың арасында мұғалімдер де бар ма?» деген сұрағына жауап берді.
Мұғалімдер де бар шығар... Өйткені ондай шектеу жоқ. Заңнама бойынша 18 жасқа толған азамат және ол сотты болмаса, оның байқаушы болуға құқығы бар, - деп түсіндірді ұйым төрағасы.
Оның сөзінше, байқаушы ретінде «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясына қосылу үшін барлық мәлімет қоғамдық ұйымның әлеуметтік желілердегі парақшаларына жарияланады. Сонымен қатар жақында коалицияның сайты да ашылмақ. Сайтта байқаушы болғысы келетіндерге арналған бөлім болады. Ол жерге азамат өзінің байланыс деректерін қалдыра алады. Кейін коалиция өкілдері азаматпен байланысады.
Бұған дейін Қазақстанда «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы құрылғанын хабарлаған болатынбыз.