Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Дәрігер кіммен күресуі керек: диагнозбен бе, адаммен бе?

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
7 Тамыз 2025, 07:30
1591
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

Дәрігерлер адам өмірі үшін күреседі. Бірақ соңғы жылдары олар аурумен емес, науқастың өзімен, оның туысымен, қоғамдағы агрессиямен күресуге мәжбүр. Ақ халат киген жан кімнен қорғануы керек? Дәрігерді қорғайтын заң қандай болуы керек?

Соңғы жылдары Қазақстанда медицина қызметкерлеріне күш көрсету оқиғасы көбейіп келеді. Көп жағдайда мұндай әрекеттер жазасыз қалып жатады. Себебі дәрігерді қорғайтын нақты, қатаң заң жоқ. Министрлік жаңа заң енгізуге ұсыныс жасап жатыр. Ал басқа елдерде мұндай әрекетке түрме жазасы мен миллиондаған айыппұл қарастырылған. BAQ.KZ тілшісі заңгер мен сала маманының пікірін білді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, медбикелерге және басқа да денсаулық сақтау қызметкерлеріне жасалған шабуылдардың 170-тен астам фактісі тіркелген. Солардың бірнеше мысалын бұған дейін жазған болатынбыз. 

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне күш көрсетуге қатысты заңды қатаңдату жөніндегі ұсынысты қолдап, Үкіметке заңнамалық түзетулер әзірлеуді тапсырды.

Премьер-министр Олжас Бектенов бұл тапсырманың орындалуын қадағалау үшін арнайы жиын өткізіп, ІІМ, Денсаулық сақтау және Әділет министрліктеріне 10 күн ішінде медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға қылмыстық жаза енгізуді қарастыратын заң жобасын дайындауды жүктеді.

Қазақстан дәрігерлерін қорғайтын заң қандай болуы керек? Заңгер мен сала маманының пікірін білдік.

Дәрігерді қорғайтын заң қандай болуы керек?

Заңгер Ләззат Рақышева бұл заң “Педагог мәртебесі туралы” заңға ұқсас болуы керек деп санайды.

Ең алдымен бірнеше маңызды мәселе ескерілуі тиіс: қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкеріне шабуыл жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту, сондай-ақ олардың ар-намысына тиетін әрекеттер үшін де жазаны нақтылау қажет. Қолданыстағы заңнамада мұндай жағдайлар көбіне бұзақылық (ҚК 293-бап) немесе денсаулыққа ауыр зиян келтіру (ҚК 106-бап) ретінде қарастырылады. Алайда бұл жеткіліксіз. Сондықтан мұндай әрекеттерге құқық қорғау органдары қызметкерлеріне шабуыл жасаумен теңестірілетін, нақты әрі жеке бап енгізілуі керек, - дейді заңгер.

Оның пайымынша, мысалы, полиция қызметкеріне шабуыл жасаған кезде қолданылатын жазалар секілді, медицина қызметкерлеріне қатысты да қатаң шаралар енгізілуі керек. Егер медицина қызметкерін қорлау, дауыс көтеру секілді әрекеттер болса, олар әкімшілік ауыр құқықбұзушылық ретінде қарастырылып, айыппұл емес, тек 25 тәулікке дейін қамау түрінде жазалану қажет.

Осыған байланысты, медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтумен қатар, әкімшілік жауапкершілікті де қарастырған жөн. Бұл – кешенді шара болуы тиіс. Мысалы, медицина қызметкерлерін қорғайтын дабыл түймелерін енгізу маңызды. Сонымен қатар қауіпсіздік бойынша оқыту, ауруханалар мен емханаларда бейнебақылау жүйесін күшейту, тәулік бойы полиция посттарын орналастыру және өткізу режимін енгізу қажет. Жедел әрекет ететін мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыру да тиімді шешім болар еді, - деп санайды Рақышева.

Барлық жедел жәрдем қызметкерлерінде бейнежетон, орналасу деректері, және мобильді дабыл түймесі болуы тиіс. Егер қызметкерге үйге барғанда шабуыл жасалса, ол бірден түймені басып, көмек шақыра алады. Мұндай жүйе медицина қызметкерлерін шұғыл қорғауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар медицина қызметкерлерін өздерін қорғау құралдарымен – мысалы, газ баллоншалары немесе арнайы қорғаныш құрылғыларымен қамтамасыз ету де қарастырылуы тиіс.

Жалпы алғанда, медицина қызметкерлеріне қарсы жасалған әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейту – уақыт талабы. Мұндай шабуылдар ауыр қылмыс ретінде танылып, егер дене жарақаты келтірілсе, бес жылдан жоғары мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы керек. Бұл ретте, медицина қызметкерлерін полиция қызметкерлерімен тең деңгейде қорғауға бағытталған жеке заң қабылдануы қажет. Ол заң олардың құқығы мен қауіпсіздігін нақты қамтамасыз етуге тиіс, - деп өз ұсынысын айтты заңгер Ләззат Рақышева.

Ал дәрігер Аягөз Болатқызы соңғы кездері заңнамалық тұрғыдан нақты және қатаң талаптар болмағандықтан, медицина қызметкерлеріне қол көтеру фактілері жиілеп кеткенін жасырмады.

Дәрігерлердің мәртебесін көтеру және оларға күш көрсету, қол жұмсау әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік белгілеу – уақыт талабы деп санаймын. Егер дәрігер өз қызметін атқарып жатқанда оған негізсіз түрде күш қолдану болса, мұндай жағдай әкімшілік жауапкершілікпен қатар, қылмыстық жазаға да тартылуы керек, - дейді дәрігер.

Сондай-ақ ол осындай оқиғалардың алдын алу үшін әрбір медициналық мекеменің әкімшілігі дәрігердің қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуі қажет деп санайды. Мысалы, жұмыс орнында бейнебақылау жүйесінің болуы, қауіп төнген жағдайда шұғыл дабыл беретін тетіктің қолжетімділігі – мұның барлығы дәрігердің қорғаныс құралдары ретінде қарастырылуы тиіс.

ДСМ не дейді?

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медициналық қызметкерлерге қатысты зорлық-зомбылыққа арнайы жаза көзделетін жаңа заң жобасы әзірленгенін хабарлады. Министрдің айтуынша, бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай жаңа нормалар әзірленді. Қазір бұл жобаны Бас прокуратура және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп пысықтап жатырмыз. Алдын ала оң қорытындылар алынды. Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылға қатысты арнайы бап енгізіледі. Бұл - жаңа 158-баптың 1-тармағы болады. Ол бостандықты шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Тіпті күш қолдану қаупі дәлелденсе де, 2 жылға дейін шектеу шарасы қарастырылған, - деді министр.

Әлназарованың сөзінше, егер зорлық-зомбылық бір ғана медицина қызметкеріне қатысты жасалса - жаза мерзімі 2 жылдан 7 жылға дейін болады. Егер оқиға төтенше жағдай кезінде орын алса - 10 жылға дейін, ал бір немесе бірнеше адам бір топ медицина қызметкеріне қауіп төндірсе - 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Аталған түзетулер Қылмыстық кодекске енгізіліп, қыркүйек айында Парламент қарауына ұсынылады.

Дәрігерлерге шабуыл: Әлем тәжірибесі қалай?

Италия

2024 жылы Фогия қаласындағы ауруханада дәрігерлер мен медбикелерге қатысты бірқатар зорлық оқиғасы болып, бұған байланысты үкіметтен қауіпсіздікті күшейту, тіпті кейіндеу әскери қорғауды енгізу ұсынылды. Сондай-ақ бірқатар заңдар әзірленіп, зорлық жасағандарға тегін медициналық қызмет көрсетуден уақытша айыру қарастырылған.

Ұлыбритания

2024–2025 жылдары ел бойынша жедел жәрдем қызметкерлеріне 22 536 шабуыл жасалған. Яғни аптасына орта есеппен 433 шабуыл тіркелген. Бұл зорлық-зомбылықтар сот үкіміне дейін жеткізіліп, әдетте тәртіптік және қылмыстық жауапкершілікке алып келеді. Заңда мұндай әрекеттерге төзбеушілік принципі орнатылған, ал кінәлілерге жаза қатты түрде қолданылуда.

Үндістан

Аурухана қызметіндегі дәрігерлерге жасалған шабуылдар үшін заң бойынша ең қатал жаза қарастырылған: 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 270 мыңнан 1 млн теңгеге дейін айыппұл салу мүмкін. Алайда бұл заңдар Қылмыстық кодекстің негізгі бөлігіне әлі қосылмағандықтан, толық жүзеге аса қойған жоқ.

Өзгелердің жаңалығы