Дәрігер: Кез келген аурудың тамырында психосоматикалық негіз бар

2 Сәуір 2024, 07:45
1147
Бөлісу:
Дәрігер: Кез келген аурудың тамырында психосоматикалық негіз бар
Фото: ҚР ПІБ Медицина орталығының баспасөз қызметі

Адам тәні мен жаны өзара үндестікте жаратылғандықтан, әр дерттің алдымен эмоциялық көңіл күймен байланысты туындау себептерін, түпкі төркінін анықтау маңызды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мұны анықтау үшін психосоматикалық медицинаның көмегіне жүгінеміз. Психосоматиканың аурумен қандай қатысы барын, соматикалық аурулардың себебін анықтап, терапиялық ем-шаралар жүргізудің қыр-сыры туралы ҚР ПІБ МО ауруханасының жоғары санатты психотерапевт дәрігері, психология ғылымдарының докторы Ләйлә Өтениязова сұхбат барысында айтты.

- Жалпы, психотерапевт маманына қай жағдайда жүгінеді? Бізде көпшілік психотерапевтің алдына баруға әлі де қымсынатын сияқты...

- ҚР ПІБ МО ауруханасы көпбейімді болғандықтан, психотерапевт маманына әртүрлі бөлімнен науқастар жіберіледі. Терапевт, эндокринолог, кардиолог, хирург және өзге де тар шеңбердегі мамандар науқасты толық тексерістен өткізіп, бірақ түбегейлі диагноз қоя алмаған жағдайда біздің көмегімізге жүгінеді. Себебі кез келген аурудың тамырында психосоматикалық негіз бар. Жалпы психосоматика терминіне келсек, бұл адамның психикалық жағдайы мен физикалық ауруларының пайда болуы мен дамуындағы байланысын зерттейді. Бүгінгі дамыған заманда психосоматикалық аурулар өте көп. Алайда басым жағдайда бұл жалпы практикадағы дәрігерлердің назарынан тасада қалып жатады. Мәселен, науқастың физикалық шағымдарына ғана көңіл бөлініп, психологиялық күйі елеусіз қалады. Соған қарай медициналық логикаға сай келмейтін «диагноз» қойылып, ем тағайындалғанымен, ол уақытша ғана әсер етуі мүмкін. Ал салдарында адам жоқ ауруды қолдан жасап алады, соңында диагнозға өзі сеніп үлгереді. Сол себепті психотерапевт, психиатр, невролог мамандарының кеңесін алуда еш қымсынудың қажеті жоқ. Қазіргі уақытта психосоматикалық аурулар өте жақсы емделеді.

- Сізге науқастар қандай шағымдарымен келеді?

- Психотерапевтің артықшылығы – біз алдымен медициналық көрсеткіштерге назар аударамыз. Яғни емдеуші дәрігер науқастың шағымдарына қарай толыққанды тексерісті жүргізіп, күдік тудырған аурулардың бар-жоғына көз жеткізген соң барып науқастың психисоматикалық күйін зерттеуге көшеміз. Психосоматика екі үлкен топқа бөлінеді: психосоматикалық аурулар және психосоматикалық медицина. Психосоматикалық аурулардың өзі конверсиялық, функционалдық және психосоматикалық болып үш түрлі адам бойындағы бұзылыстар бойынша қарастырылады. Конверсиялық бұзылыстарға шынайылықтан ауытқып, өзін-өзі түрлі сырқатқа иландыру жағдайларын жатқызамыз. Мысалы, есте сақтау, өзін-өзі тану, сезім, қозғалыс функциялары мен сезімталдықты жоғалту, көру қабілетінің бұзылуы сияқты шағымдарды атауға болады. Яғни бұған эмоцияға тәуелділіктен туындайтын ауру түрлері жатады. Ал екіншісіне ішкі ағзалардың функционалдық бұзылыстарынан туындайтын ауруларды жатқызамыз. Мысалы, жүректің жиі соғуы, терлеу, тамаққа тас тұрғандай күй кешу, тыныс алудың қиындауы, кеуде тұсының шаншуы сияқты бұзылыстарды атаймыз. Бұл адам денсаулығына қауіп төндірмейді, тек ішкі эмоциялық күйдің дабылы ретінде адам тәнінде уақытша көрініс табатын белгілер. Үшіншісіне жүйке жүйесінің бұзылулары немесе күйзелістен туындаған ішкі ағзалардың аурулар тобы жатады. Күйзелісті ұзақ уақыт елемеудің салдары генетикалық бейімділігі бар адамдарда қант диабеті, асқазан және ішек жарасы, демікпе, семіздік және өзге де ауруларды тудыруы мүмкін. Нәтижесінде, психосоматикалық медицина адамды қоршаған ортамен тығыз байланыстыратын психикалық және соматикалық процестердің байланысынан туындаған ауруларды емдейді.

- Алдыңызға келген науқастарға қандай ем түрлерін қолданасыз?

- Біздің басты қаруымыз – сөйлесу және бақылау. Алдымызға келген науқасқа сырқатының қашан, қалай пайда болғаны, оған дейінгі және кейінгі көңіл күйі, эмоциялық жағдайы, сырқатының қандай сезімдермен байланыс тудыратыны туралы сұрақтар қойып, жалпы көрінісін анықтаймыз. Ол да жауап беру арқылы сол сезімдерді еске түсіріп, кейде дертінің жұмбағы бірден шешіліп жатады. Біз әңгімелесу барысында науқастың қимыл-әрекетін, сезімін, терідегі өзгерістерін мұқият бақылап отырамыз. Менің тәжірибемде дәрігерлердің психосоматикалық бұзылыстарына мән берместен, физикалық шағымдарына қарай асығыс диагноз қойып, ауруын күрделендіріп жіберген жағдайлар көп орын алған. Ұзақ уақыт емнен нәтиже болмаған соң әбден шаршап, психологиялық тұрғыда қажыған күйде келеді. Сөйлесу барысында ол науқастың психосоматикалық ауру екені анықталып, бірден жадырай түскеніне қанша рет куә болдым. Ем шараларына келсек, науқастың табиғатына қарай түрлі терапиялық әдіс қолданылады. Мысалы, ер адамдарға логикалық тәсілдер, ал әйел кісілерге эмоцияға негізделген тәсілдер өтімді келеді. Кей жағдайда науқастарға жүйкені тыныштандыратын арнайы дәрілік препараттарды тағайындау жеткілікті. Яғни біз науқасты ауруының пайда болу тарихына терең үңіліп, оның түп тамырын анықтау арқылы емдейміз.

- Көп кездесетін аурулардың психосоматикасын мысалы ретінде атай аласыз ба?

- Мысалы, ең жиі кездесетін бас ауруы іштей бір нәрсені қабылдамаудың белгісі болса, бас айналу қандай да қорқыныштан хабар береді. Жүректің шаншуы – көңілдің жарақаты. Ал омыртқа аурулары көбінде болашақ алдындағы және материалдық қорқыныштарға байланысты. Өт жолдарының ауруы көп жағдайда өткенге өкініштен туындаса, асқазан ашулану, уайымды білдіреді. Аяқтағы варикоз өзіне шамадан тыс жүк артқанда сыр беруі мүмкін. Жөтел – айтқың келген нәрсені ұят болады немесе құпияда сақтау мақсатында жасырып қалу, эмоцияны бөліспеу, сөзбен шығармаудың белгісіне саяды. Мұның бәрі аурудың жалпы психологиялық сипаттамалары ғана. Әр адамға жеке-дара терапия қажет. Америкалық жазушы Луиза Хейдің "Исцели себя сам" кітабында психосоматикалық аурулардың кестесін береді. Кез келген адам өз сырқатына сол кестеге сүйеніп жорамал жасап көрсе де болады. Дегенмен кейбір ғалымдар бұл кестемен келіспейді. Психолог пен психотерапевтің айырмашылығы, біз медицинаға бірінші мән береміз. Сол себепті психотерапевт көбірек қаруланған деп айта аламын. Бүгінде интернет желісінде психосоматолог мамандар өте көп екенін байқаймын. Бірақ олар көбінде психологиялық біліммен ғана шектелгенін мойындау маңызды.

-Жүйке жүйесі ауруларына шалдықпас үшін қандай дәрігерлік кеңестеріңізді ұсынасыз?

- Эмоцияларыңызды, әсіресе сіздің жан дүниеңізге ауыртпалық әкелетін сезімдерді жасырып, тұншықтырмаңыз. Оның бәрін сыртқа шығару керек. Ол сіздің ішкі әлеміңізде қалып қойса, жара сияқты тәніңізді әлсіз тұсынан тесіп шығады. Сондықтан күйзелістің алғашқы белгілерін тануды үйреніңіз және оның өміріңізді жаулап алуына жол бермеңіз. Күйзелісті басқаратын кеңестерге келсек, ең бірінші дене шынықтырумен айналысыңыз. Тіпті 15 минут таза ауада серуендеу де миыңызды тынықтырып, серпілуге көмек береді. Сондай-ақ сезім мен эмоцияларыңызды бақылау үшін күнделік жүргізудің пайдасы зор. Қазір телефонда онлайн күнделік жүргізетін арнайы бағдарламалар да бар. Тыныс алу техникалары мен медитациялар да адамның жүйке жүйесін тыныштандыруға көп көмегін тигізеді. Ұйқы – адамның психикалық денсаулығы үшін аса маңызды. Сондықтан ұйқы режимін сақтап, жеткілікті уақыт тыныққан дұрыс. Жұмысқа толыққанды еніп кетпей, арасында демалуды да ұмытпаған жөн. Сүйікті ісіңізбен айналысып, бір сәт өзіңізге көңіл бөлуді әдетке айналдырыңыз. Негативті ойлардан сананы таза ұстауға шақырамын. Электронды санағышпен негативті ойларыңызды есепке алып отыруға да болады. Сонда бір күнде қанша жағымсыз ойға ерік беретініңізді түсініп, оны жақсы ойлармен алмастырасыз. Жалпы бойыңызда ауру-сырқауды сезінсеңіз алдымен терапевтке барып ауру нышанын тексертіңіз. Егер нышаны бар, ал аурудың өзі анықталмаса, психотерапевтке уақытында қаралыңыз.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы