Спорттық медицинаның классикалық травматологиядан айырмашылығы неде? Неліктен бүгінде кәсіби спортшылармен қатар қарапайым жандар да осы көмекке жүгінеді? Буындағы ауырсыну қай кезде қауіпті? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасы Спорттық медицина орталығының жетекшісі, травматолог-ортопед дәрігер Асқар Баймұхаметов BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.
- Асқар Тұрсынұлы, спорттық медицина дегеніміз не және оның әдеттегі травматология мен ортопедиядан басты айырмашылығы неде?
- Спорттық медицина – бұл спортшылар мен белсенді өмір салтын ұстанатын жандарды диагностикалау, емдеу және оңалтумен айналысатын жеке бағыт. Қарапайым травматологиядан басты айырмашылығы – біз тек сүйектің бітуімен немесе сіңірді қалпына келтірумен ғана шектелмейміз. Біздің негізгі мақсатымыз – адамды спорттық жүктемелерге, үлкен спортқа қайта қосу.
Бізге сіңір жарақатымен немесе иық шығуымен келетін пациенттер алдымызға нақты мақсаттар қояды. Оларды жай ғана жүре алу немес қолды қозғалту мүмкіндігі емес, «қашан спортқа оралып, жарыстарға қатыса аламын?» деген сұрақ көбірек толғандырады. Спорттық медицина мен травматологияның басты айырмашылығы – нәтижеге қойылатын талаптың жоғарылығында.

- Бүгінде спорт дәрігеріне кімдер жиі жүгінеді: кәсіби спортшылар ма, әлде қарапайым адамдар ма?
- Қазір кәсіби спортшылардан бөлек, белсенді өмір салтын ұстанатын жандар өте көп. Фитнес-индустрия дамыған сайын, адамдардың сұранысы да артып келеді. Соған сәйкес жарақат алу жиілігі де бұрынғыдан жоғары.
Маусымдық ерекшеліктер де бар: жазда көбіне футболшылар мен ММА спортшылары келсе, қыста тау шаңғысымен айналысатындар бірінші орынға шығады.
- Ең жиі кездесетін буын жарақаттары қандай?
- Ең бірінші кезекте – тізе буыны. Мениск жыртылуы, алдыңғы айқыш тәрізді сіңірдің үзілуі және бірнеше сіңірдің қатар зақымдануы (мультилегаментарлы зақымдану) жиі кездеседі.
Тізеден кейінгі орында – иық буыны. Шын мәнінде, иық патологиялары тізеге қарағанда тіпті көп деуге болады. Статистика бойынша, біздің орталықта иыққа жасалатын оталар тізеге қарағанда жиірек орындалады. Мәселен, иықтың үйреншікті шығуы, ротаторлы манжетаның жыртылуы, импичмент синдромы, артроздар – осының бәрі біздің күнделікті жұмысымыз. Сондай-ақ толарсақ, шынтақ және жамбас буындары бойынша да жоғары деңгейлі көмек көрсетеміз.
- ҚР ПІБ МО ауруханасының Спорттық медицина орталығында қандай ота түрлері жасалады?
- Біздің орталықта тізе мен иық патологиялары бойынша оталардың толық кешені атқарылады. Кейбір технологиялар Қазақстанда алғаш рет біздің ауруханада енгізілді және тек бізде ғана жасалады деп нық сеніммен айта аламын.
Біз иық буынының тұрақсыздығында, оның ішінде сүйек ақаулары мен иық сүйегінің құстұмсық тәрізді өсіндісіндегі (коракоид) мәселелер кезінде қолданылатын Латарже (Latarjet) артроскопиялық әдісі сияқты бірегей әрі күрделі оталарды жасаймыз. Сондай-ақ иық сіңірлерінің қайтымсыз жыртылуы кезінде арқаның ең жалпақ бұлшықетін трансферлеу (latissimus dorsi) отасы да жүргізіледі.
- «Артроскопия» деген не және ол несімен тиімді?
- Қарапайым тілмен айтқанда, артроскопия – бұл теріні үлкен етіп тілмей, кішкентай тесіктер арқылы жасалатын ота. Бұл әдіс ашық ота кезінде жасау мүмкін емес өте ауқымды жұмыстарды атқаруға мүмкіндік береді және отадан кейін ешқандай тыртықтар қалмайды. Қазір біз артроскопияны тек буын ішінде емес, буын айналасындағы жұмсақ тіндерде де еркін қолданамыз.
- Отадан кейін қалыпқа келу процесі қанша уақытты алады?
- Артроскопиядан кейін оңалту ашық отаға қарағанда әлдеқайда жылдам жүреді. Бірақ биологиялық заңдылықтар бар: жаңадан салынған немесе тігілген сіңірдің ағзаға бірігіп кетуіне уақыт керек. Біз науқастарға сіңірдің күніне шамамен 1%-ға ғана бітетінін айтамыз. Демек, 100 күннен кейін (шамамен 3 ай) ғана тіндер толық қалпына келеді. Ал, алдыңғы айқыш тәрізді сіңір пластикасының зақымдануынан кейін толық интеграция 6-8 айды алады. Сондықтан үлкен спортқа тек 6-8 айдан кейін ғана оралуға рұқсат беріледі.
- Буын ауырсынуының қандай жағдайында дәрігерге дереу көріну керек?
- Егер ауырсыну созылмалы немесе тұрақты сипатқа ие болса, бұл дабыл деген сөз. Тізе буыны «блокқа» түсіп, қозғалмай қалса немесе қолыңызды көтере алмай, қарапайым қозғалыстарды (мысалы, арқаңызды қасу) жасай алмасаңыз, дереу маманға көріну керек.
- Ауыр буын жарақаттарының алдын алу мүмкін бе?
- Көп жағдайда буынның ауыр жарақаттарын болдырмауға болады. Жарақат алу қаупін азайтуға, әрине, оңалту және алдын алу бағдарламалары, сондай-ақ сіңірлер мен бұлшықеттерді сау қалыпта ұстауға мүмкіндік беретін дұрыс құрылған жаттығу процесі көмектеседі. Бұлшықет тепе-теңдігін дамыту өте маңызды. Егер сіз спортқа жаңадан келсеңіз, бірден ауыр салмақ көтеріп, қарқынды жаттығуға кіріспеңіз.
Алдымен «дайындық кезеңінен» өту керек. Әрқашан сауатты әрі тәжірибелі нұсқаушының бақылауымен жаттыққан дұрыс. Қазіргі әлемде дәл осы сіңірлердің, мысалы, алдыңғы айқыш тәрізді сіңірдің үзілуінің алдын алуға бағытталған көптеген бағдарламалар бар. Мұндай бағдарламаларды жүйелі түрде орындау сіңір жарақаттарының қаупін 40-70%-ға төмендететіні дәлелденген.
- Әңгімеңізге рахмет!
Жанерке ЖӘКЕН