Дәрігер: Дер кезінде емдемеген құлақ ауруларының зардабы ауыр

Кеше, 22:19
180
Бөлісу:
Дәрігер: Дер кезінде емдемеген құлақ ауруларының зардабы ауыр
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

29 қыркүйек – Дүниежүзілік оториноларинголог күні. ЛОР-мамандар адамның қалыпты өмірі үшін қажет ең маңызды ағзалар – құлақ, мұрын, тамақтың саулығын қамтамасыз ететіні белгілі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Суық тиіп, тамағымыз ауырса, дұрыс емделіп жүрміз бе? Дер кезінде емделмеген ЛОР-ауруларынан келер қауіп қандай? Қазір ЛОР-аурулары қаншалықты көп таралған? Күнделікті өмірде немесе жұмыс барысында қолданатын құлаққаптың зияны бар ма? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін тамағымыз ауырып, құлағымыз шыңылдаса көмекке жүгіретін мамандық иесінің бірі де бірегейі, ҚР ПІБ МО ауруханасы ЛОР-бөлімінің меңгерушісі Арман Нағұмановпен сұхбаттасқан болатынбыз.

- Арман Кәкімжанұлы, кәсіби мерекеңіз құтты болсын! Медицинадағы бірнеше саланың ішінен неге дәл оториноларингологияны таңдадыңыз?

- Рахмет! Оториноларингология саласын таңдауыма студент кезде гайморитпен ауырғаным себеп болды десем болады. Сол кезде қатты қиналып, мұрынмен дем ала алмай қалдым. Ауырып, ЛОР-дәрігерлердің қарауында болдым. Сондықтан бұл мамандықты мен пациент ретінде де, дәрігер ретінде де өте жақсы білемін.

- Қазір адамдар арасында қандай ЛОР-аурулар кең тараған? Пациенттер сізге көбінесе қандай шағымдармен келеді?

- Өздеріңіз білетіндей, біз құлақ, мұрын мен тамақты емдейміз. Соның ішінде адамдар тыныс жолдары ауруларымен дәрігер көмегіне жиі жүгінеді. Пациенттердің көпшілігінің тыныс алуы қиындайды, қабыну пайда болады, мұрнынан су ағады. Адам мұрнымен дем ала алмаған кезде жұмыс істеу де, ұйықтау да қиындайды. Пациенттерді ең көп мазалайтыны – осы.

Адам ағзасы бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан мұрын аурулары құлаққа да әсер етеді. Яғни адамның тыныс алуы қиындаса қуыс дұрыс жұмыс істемейді де құлақтың жұмысына кері әсер етеді. Тіпті,гайморит салдарынан адам есту қабілетінен айырылуы мүмкін.

- Құлақ, мұрын, тамақ аурулары асқынса, қандай жағдайға әкеп соғуы мүмкін?

- ЛОР-аурулардың салдары әртүрлі болуы мүмкін. Егер адамның негізгі қойнауы, маңдай қойнауы ауырып, оны елемей, дер кезінде дәрігерге көрінбесе, қабыну көз орбитасына, тіпті бассүйек ішіне дейін өтіп кетуі ықтимал. Кез келген дәрігердің жұмыс тәжірибесінде мұндай күрделі пациенттер болады.

Сол себепті бас қатты ауыра берсе, мұрын қуысы қосалқыларының компьютерлік томографиясын жасау керек. Бұл талдау негізгі стандарт саналады, оның көмегімен мұрын қуысының қандай жағдайда екенін анықтауға болады. Ол ми негізі мен көз орбитасы арасындағы шекара саналатын сүйек қабырғасының қай жерде екенін және қабыну деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Егер адам дер кезінде ЛОР-дәрігерге қаралмаса отогендік, яғни бассүйек ішіндегі қабынуға әкелуі ықтимал. Өкінішке қарай, мұндай жағдай жиі кездеседі. Салдарынан адам толықтай есту қабілетінен айырылуы мүмкін. Сонымен қатар лабиринтит туындайды, яғни адамның басы қатты айналады. Созылмалы отит салдарынан мидың сыртқы қабаты, тіпті мидың бетіндегі тіні қабынуы мүмкін. Бұл – мидың іріңдеуі деп аталады. Өте күрделі асқынуға жатады және жиі кездесе бермейді. Десе де отитке шалдыққан адамдардың бәрі кез келген инфекцияны ЛОР-дәрігер емдеуі керек екенін білуі қажет.

- «Құлаққаппен ән тыңдау есту қабілетін нашарлатады» деген пікір бар екеніне қарамастан, қазір құлаққапсыз жүретін адамдар өте аз. Оның қаншалықты зиян екенін түсіндіріп беріңізші?

- Құлаққапты қолданған кезде дауысын қатты қоймау керегін ескеру қажет. Ол есту қабілетін нашарлатады. Сонымен қатар біреудің құлаққабын мүлдем пайдалануға болмайды. Өзіңіздің де құлаққабыңызды ешкімге бермеңіз.

- ЛОР-ауруларды болдырмау немесе олар асқынып кетпеу үшін қандай кеңес бересіз?

- ЛОР-аурулардың алдын алу үшін қарапайым ережелерді сақтау қажет. Біріншіден, адам көп жиналатын жерде маска тағыңыз. Егер мұрныңыз бітіп тұрғанын сезсеңіз, тұзды сумен немесе дұрысы, дәріханадан физиологиялық ерітінді алып, сәл жылытып, шаю қажет. Қарапайым ринитті емдеу үшін бірнеше күн бойы кіші шприцпен күніне 1-2 рет мұрынды шаю жеткілікті. Тамақты да қарапайым тұзды сумен шайған пайдалы. Егер өз-өзіңізді емдеу қолыңыздан келмей жатса, тіркелген емхананың ЛОР-дәрігерінің көмегіне жүгініңіз. Дәрігер қарап, тексеріп, ем тағайындайды. Егер жағдайыңыз ауырлау болып, ЛОР-хирургтың көмегі қажет болса, әрі қарай бейінді дәрігерге жолдама береді.

- Өзіңіз жұмыс істейтін ҚР ПІБ МО ауруханасында қандай ерекше операциялар жасалады?

- ҚР ПІБ МО ауруханасының ЛОР-бөлімінде біз құлағы, тамағы, мұрны ауырған адамдарға қызметтің түр-түрін көрсетеміз, күрделі операциялар жасаймыз. Оның ішінде кохлеарлы имплантация, СО2 лазер көмегімен көмекейге жасалатын операция, мұрын қуысының барлық операциясын жасаймыз деуге болады. Оталар заманауи технологиялардың, атап айтсақ, эндоскопиялық техника, жоғары қолжетімділігі бар микроскоп, СО2 лазер көмегімен өтеді. Яғни біздің ауруханада дамыған елдерде жасалатын операцияның бәрі бар деуге болады.

Айта кететін жайт, біз қазір медициналық туризмді дамытып жатырмыз. Бөлім базасында шетелден келген науқастар жиі ем қабылдайды. Сондай-ақ Аурухана туралы, операцияларымыздың тиімділігі жайлы айтып қазақстандық және шетелдік форумдарға тұрақты түрде қатысып тұрамыз.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы