Дәрігер бет терісіне қажет витаминдерді атады

27 Мамыр 2021, 18:15
9036
Бөлісу:
Дәрігер бет терісіне қажет витаминдерді атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық дәрігер, терапевт Меруерт Бақыт бетте болатын проблемалардың басты себептерін айтып, оның күтіміне қажет дәрумендерді атады.

Ылғал жетіспеуі - беттің басты проблемаларының бірі. Теріміз ылғалды ұстап, шығарып тұратын липидті (майлы) қабықпен қапталған. Жас тері керекті липидті түзіп, оны қатты зақымдасақ та, тез қалпына келеді. Бірақ уақыт өте келе липид түзетін ферменттер азайып, ағзада сусыздану алғашқы әжімдер шықпай тұрып-ақ басталады, - дейді дәрігер. 

Терапевттің айтуынша, бос радикалдар да бет терісіне кері әсер етеді.

Бос радикалдар - бұл жоғары тотығатын әсері бар молекулалар. Олар коллагеннен реакцияға түсіп оның эластикалық қабілетін жояды және де липидтер мен ферменттерге де әсер етеді. Бос радикалдар тізбекті болғандықтан, липидпен әсерлесіп, жаңа бос радикалдар түзе алады. Оларды антиоксиданттар жоя алады. Коллаген қалыпты жағдайда 25-27 жаста қасиетін жоя бастайды, адам қартая келе әр жыл сайын 5-7% коллагенінен айырылады екен, - дейді ол.

Меруерт Бақыт күн сәулесінің (ультрафиолет) бетке ықпалын түсіндірді. 

Ол Д витамині түзілуіне пайдасы болғанымен күн сәулесінде ұзақ жүру фотоқартаюға - ультрафиолет арқылы терінің терең қабаттары мен капиллярларды зақымдайды, салдарынан терең әжімдер мен дақтар пайда болады. Сондықтан да бетіңіз таза, көрікті болуы үшін жақсы күтім, фейсфитнес, саналы тамақтанумен қатар қосымша витаминдер қабылдауды қажет етеді. Мәселен, А витамині - күн сәулесінен қорғайды. Антиоксидантты әсерімен қатар фотоқартаюды төмендетеді: капиллярларды қатайтып, тері тонусын күшейтеді. Ал С витамині - бос радикалдарға қарсы нөмірі бірінші антиоксидант. Онымен қоса Е витаминін қалыпты ұстауға көмегі мол. С витамині ағзада түзілмейді, оны тек күнделікті тамақтан және БАД-тардан аламыз. Ол суда ерігіш болғандықтан, тіндерде жиналмайды, сондықтан күнде қабылдауды қажет етеді, - деп атап өтті терапевт.

Дәрігердің сөзінше, бетке қажет витаминдер тізімі мынадай:

- Е витамині - теріні ылғалдандырады, майда ерігіш болғандықтан, липидті қабатты қалыпты ұстап, терінің сусыздануына жол бермейді. Және антиоксиданттық әсері күшті;

- В1 витамині - тері эластикалық қасиетін сақтайды. Қабыршақтану мен құрғақтыққа жол бермей, ұсақ әжімдер мен тітіркенуімен күреседі;⠀

- В2 витамині - терінің регенерациясы үшін (қалпына келуі) қажет. Жасушалық зат алмасу күшейтіп, қабынуды басады. Микрожарақаттардан кейін теріні қалпына келтіріп, қалыпты түсі мен жылтырауын сақтайды;

- В9 (фолий қышқылы) - тері әдемілігі үшін қажет. Антиоксидантты әсермен қатар ультрафиолет әсерінен асқынуды жойып, коллаген түзілуіне қажет аминқышқылдарын түзуге қатысады. Микрожарақаттарды жазып, қабынуды басады;

- F витаминінің жетіспеуінен теріде дақтар пайда болады;

- РР витамині - тері серпімділігі үшін: тері ісінуін басып, артық сұйықтықты шығаруға қатысады, микроқанайналымды жақсартып, ұсақ әжімдерді тарылтып, лифтинг әсер береді;

- Д витамині - жастықты сақтауға қажет. Бұл майда ерігіш дәрумен коллаген түзілуіне қатысады. Менопауза кезінде оның мөлшері 75% дейін күрт төмендейді. Қосымша Д витаминін қабылдау терінің жастығын сақтап, қалыпты түсін, жұмсақтығын, жылтырлығын сақтауға көмектеседі;

- К витамині - капиллярлар мен тамырларға қажет. Олардың қабырғаларын қатайтып, көзасты қараюын болдыртпайды. Иекте және мұрында капиллярлар жарылуынан пайда болатын тамырлық жұлдызшаларды жояды. Ағзамыз К витаминін аз мөлшерде түзеді, сол себепті оны қосымша сырттан қабылдаған дұрыс.

Өзгелердің жаңалығы