Дәрігер: Бауыр – адамның өмір сүру ұзақтығына тікелей әсер етеді

25 Мамыр 2024, 07:00
628
Бөлісу:
Дәрігер: Бауыр – адамның өмір сүру ұзақтығына тікелей әсер етеді
Фото: Ұлттық ғылыми онкология орталығының баспасөз қызметі

Бауыр – адам организміндегі маңызды ағзалардың бірі екендігі белгілі. Өте күрделі құрылысқа ие маңызды ағзаның қызметі қандай? Бауыр істен шықса, денсаулыққа қандай қауіп бар? Оның ауырғанын қалай білеміз? BAQ.KZ тілшісі осы және өзге де сұрақтарды Ұлттық ғылыми онкология орталығының гастроэнтеролог-гепатолог дәрігері Маржан Жанасбаевамен сұхбат барысында қойған болатын.

- Маржан Сиязбекқызы, адамның өмір сүру ұзақтығы тікелей бауырға байланысты деген рас па?

- Бауыр – адам организміндегі ең басты ағза. Өкінішке қарай, оны басқа ештеңемен алмастыруға болмайды. Бауыр дегеніміз қанды сүзгіден өткізу, маңызды ақуыздар мен гормондардың синтезі сынды ауқымды функциялар топтамасы шоғырланған бірегей фабрика деп айтсақ болады. Осы әрбір функцияның біреуінен ақау шықса, ол өмірге қауіп төндіруі әбден мүмкін. Мысалы, бүйректің жіті зақымдануы кезінде диализге жүгінеміз. Сол арқылы бүйрек табиғи жолмен өз қызметін орындай алмайтындықтан қандағы артық сұйықтықты, ыдыраған заттар мен токсиндерді шығару процесін қолданамыз. Ал бауыр жеткіліксіздігінде өкінішке қарай, емнің ондай тәсілі мүлдем жоқ. Бауыр зақымдалса, тек қана трансплантацияға жүгінуге тура келеді.

- Май – бауырдың жауы деп жатамыз. Майлы гепатоз сынды бауырдың аурулары туралы айтып беріңізші. Ол патология несімен қауіпті?

- Бауыр ауруларының бірнеше түрлері бар. Соның ішінде, инфекция және тұқым қуалайтын тұрғыда туындаған бауыр ауруларын айтуға болады. Майлы гепатоз немесе бауырдың стеатозы – қазіргі заманда бауырдың ең кең таралған дерті. Бұл ауруда бауыр жасушаларында майдың шектен тыс жиналуы орын алады. Негізінен бұл дұрыс тамақтанбау, артық салмақ, алкогольді шектен тыс тұтыну немесе зат алмасудың бұзылуымен байланысты. Бауырдың мұндай тектес дерттерінің орын алуының басты себебі – бұл калориясы жоғары тамақтанумен байланысты салауатты өмір салтын ұстанбау, физикалық қозғалыстың болмауы, майлы және рафинадталған көмірсуларды шамадан тыс тұтыну болып саналады.

- Осы майлы гепатоз цирроз бен онкологиялық аурудың пайда болуына алып келеді деген түсінік рас па? Адам бауыр гепатозына шалдыққан жағдайда қандай да бір симптомдары, белгілері байқала ма?

- Майлы гепатоз фиброз, цирроз бен бауыр-жасушалық обырдың жоғары қаупімен сипатталуы мүмкін. Сондықтан қандай жағдай болмасын, өмір сүру салтын барынша дұрыс ұстану және қажет болған жағдайда дәрілік коррекция қажет. Көп жағдайда аурудың клиникалық белгілері клиникалық тұрғыда барынша байқалмайды. Бұл дегеніміз майлы гепатоздың қаншалықты қауіпті екендігін көрсетеді. Пациенттердің аз ғана бөлігі оң жақ қабырға астының ауырсынатынына шағымданады. Ауырсыну синдромы бауырда липидті бөліктердің жиналуына байланысты капсуланың созылуымен байланысты орын алады. Майлы гепатоздың басқа симптомдары байқала бермейді.

- Ал жалпы бауыр гепатозы қалай айқындалады? Қандай диагностика жасау талап етіледі?

- Денсаулық жағдайын бақылауда ұстау үшін тіпті дені сау деген адамның өзіне тұрақты түрде, жылына бір рет құрсақ қуысына УДЗ жасатып тұруға кеңес беремін. Скрининг бауырдың күйін анықтауға, сондай-ақ өт, бауырдың тамырлары, сонымен қоса ұйқыбездің күйі қалай екендігін айқындауға мүмкіндік береді. Май инфильтрациясын сонымен қатар КТ немесе МРТ арқылы анықтауға болады. 

- Ал өзіңіз жұмыс істейтін орталықтағы гепатология және гастроэнтерология секторының міндеті қандай?

- Біздің бөлімшеміз бауыр және асқазан-ішек жолдарының ауруларына шалдыққан пациенттерге медициналық көмек көрсетуге маманданған. Бауыр циррозы және оның түрлі этиологиядағы асқынуларына, бауырдың аутоиммунды аурулары, ішектің қабыну ауруларына шалдыққан пациенттерді емдеп, ішектің қабыну ауруларының биологиялық терапиясын жүргіземіз. Сонымен қоса, гепатология мен гастроэнтерология бауырды ауыстыру тұрғысында бір-бірімен өте тығыз байланысты және трансплантологиялық қызметтің маңызды құрауыштары болып саналады. Бауыр трансплантациясымен айналысатын көпсалалы ғылыми-клиникалық орталықтағы гепатологияның негізгі міндеті – трансплантацияға дайындау, ағза ауыстыруға оңтайлы реципиенттерді таңдау мен трансплантациядан соң реципиенттерді бақылауда ұстау. Бауыр аурулары мен оның асқынуларын анықтау мақсатында біздің орталығымызда бауырды ультрадыбыстық зерттеу, қантамырлардың допплерографиясы, компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография, ангиография, бауырдың тіндері мен ісіктерін гистологиялық зерттеу, сондай-ақ эндоскопия сынды диагностикалау әдістері қолданылады.

Одан басқа, бөлімшеміз ішектің қабыну ауруларын емдеу орталығы болып саналады. Жастар мен халықтың экономикалық белсенді тұрғындары арасында ішектің қабыну ауруларының таралуының жоғары деңгейі, мүгедектік пен өлім-жітімге, колоректалді обырға айналып кетудің жоғары қатеріне алып келуі мүмкін жиі асқынулар салдарынан оны әлеуметтік мәнге ие аурулар қатарына жатқызады. Бөлімшемізде сараптамалық эндоскопия, КТ-энтерография жолымен диагностикалау, ішепктің қабыну ауруларының ауыр ағымын емдеу, базистік терапия мен гендік-инженерлік биологиялық терапия бастамасын таңдау қолданылады. Осы жерде айта кететін бір жайт, жылына бізге үш жүзден астам пациент жүгінеді.

- Қандай жағдайда май ауруы бауырдың қатерлі ісігіне айналып кетуі мүмкін?

- Майлы гепатоз кезінде бауыр обырының пайда болу қаупі, әсіресе бауырдың айқындалған фиброзы, метаболизмдік синдром немесе екінші типті диабет кезінде ұлғая түседі. Циррозға, одан соң обырға айналып кетуге алкоголь ішу, бауырдың алкогольдік емес майды ауруы мен алкогольдік емес стеатогепатит те себеп болуы мүмкін. Аурудың әрі қарай өршуіне жол бермес үшін пациент салауатты өмір салтын сақтауы қажет. Оған дұрыс үйлестірілген тамақтану мен физикалық жаттығулар кіреді. «Жерорта теңізі диетасын» ұстау ұсынылады. Сондай-ақ пациент аптасына кем дегенде 150 минут спортпен айналысқаны дұрыс. Одан басқа, алкогольдік ішімдіктер мен шылым шегуден бас тартқан жөн.

- Майлы гепатоздан басқа, бауыр обырын тудыратын тағы қандай себептер бар?

- Бауырдың барлық аурулары бауыр-жасушалық обырды тудыруы мұмкін. Бауыр обырының пайда болуының ең көп таралған себебі – бұл ауруға шалдыққанға ұзақ уақыт болған кезде бауыр циррозына әкеліп соғатын созылмалы В, С және D вирустық гепатиттері. Одан басқа, ісікті алкогольді шектен тыс пайдалану, семіздік және қант диабеті сынды себептер тудыруы мүмкін.

- Орталықтарыңызда бүгінгі таңда обырдың осы түрін емдеу үшін қандай емдеу тәсілі қолжетімді?

- Бауыр обырын емдеу үшін ісікті алып тастауға немесе оны әрі қарай алып тастау үшін ісіктің көлемін кішірейтуге бағытталған түрлі әдістер қолданылады. Емдеу тәсілі обырдың сатысына, пациенттің жасына, қосалқы аурулардың сипатына байланысты таңдалады.

Біздің орталығымызда біз операция жасау жолымен емдеуді қолданамыз. Яғни дені сау ағзаның кем дегенде 35 пайыз көлемін сақтай отырып, сау тіндер шегіндегі ісікті хирургиялық жолмен алып тастаймыз. Радиожиіліктік абляция сондай-ақ бауыр обырын емдеуде қолданылады. Бұл әдістің негізінде қыздыру мен ультрадыбыстық датчиктің бақылауымен ісікті әрі қарай бұзу жатыр. Одан басқа, химиялық эмболизация, таргеттік терапияя мен химиятерапия сынды емдеу тәсілдері бар. Донорлық бауырды трансплантациялау сонымен қатар емдеу тәсілдерінің бірі болып саналады. Себебі бауырды ауыстыру да жіті бауыр жеткіліксіздігін емдеудің барынша тиімді әрі жалғыз түбегейлі нұсқаға жатады.

- Гепатология және гастроэнтерология секторы ішектің қабыну ауруларын емдеуге маманданғаны белгілі. Бұл ауру елімізде қаншалықты таралған деп айта аласыз?

- Ішектің қабыну аурулары бүкіл ішекті немесе асқазан-ішек жолдарының бір бөлігін қамтитын созылмалы қабыну процесінен тұрады. Әдетте бұл іштің ауырсынуы және диареяға алып келеді. Кейде буындардың қабынуы, терінің бөртуі, қабынбалы сипаттағы көздің зақымдануы сынды ішектен тыс симптомдар да орын алуы мүмкін. Өкінішке қарай, Қазақстанда бірнеше жылдан бері ішектің қабыну ауруларының өсуі тіркеліп келеді. Мәселен, егер 2018 жылы елімізде Крон ауруына шалдыққан 500-ден астам науқас, ойықжарады колитке шалдыққан 2 мыңнан астам науқас анықталса, 2023 жылы елімізде Крон ауруына 1 631 адам және ойықжаралы колитке шалдыққан 7 мыңнан астам адам анықталды. Ішектің созылмалы патологиясы жыл өткен сайын жасарып келеді. Пациенттердің арасында балалар мен жасөспірімдер саны көбейіп отыр.

- Крон ауруы мен ойықжаралы колит ішектің қабыну ауруларына жатады. Бұл аурулар туралы нақтылап айта кетсеңіз. Олардың бір-бірінен айырмашылығы қандай?

- Ішектің созылмалы ауруларына негізінен екі ауруды жатқызамыз, олар – Крон ауруы мен ойықжаралы колит. Крон ауруы асқазан-ішек жолдарының бүкіл бөлігін зақымдауы мүмкін. Ал ойықжаралы колит – бұл тоқ ішек пен тікішектің беткейінің қабынуы мен ойықжара күйі. Ойықжаралы колит пен Крон ауруына шалдыққан пациенттер диареяға, тікішектен қан кетуге, ішінің ауырсынуына, шаршағыштық пен салмақ жоғалтуға шағым айтуы мүмкін. Симптомдар жеңілден бастап ауыр түрге дейін барады. Сондықтан дер кезінде диагнозды нақтылау мақсатында гастроэнтеролог дәрігерге жүгінген абзал.

- Бұл ауруға кімдер шалдығуға бейім келеді?

- Ойықжаралы колит пен Крон ауруы кез келген жаста болуы мүмкін. Алайда, қазір бүкіл әлемдегі шыңы жас еңбекке қабілетті жаста, балалар мен жасөспірімдер жиі ауырады.

- Бұл патология емделе ме? Қалай емдеуге болады?

- Өкінішке қарай, ішектің қабыну ауруларының даму себептері белгісіз. Әр түрлі теориялар бар. Мысалы, бұл тұқым қуалайтын фактор, вирустық инфекциялар, алкогольді тұтыну және дұрыс емес өмір салты болуы мүмкін. Крон ауруы мен ойықжаралы колит өмір бойғы ауруларға жататынына қарамастан, оларды уақтылы дұрыс диагностикалау және заманауи хаттамалар негізінде сауатты емдеу арқылы аурудың ауыр түрге өтуіне жол бермей, тұрақты ремиссияға қол жеткізуге болады. Осының арқасында ішектің қабыну аурулары бар адамдар толыққанды өмір сүре алады, еңбекке қабілеттілігін сақтайды және нәтижесінде қауіпті операцияларсыз жасай алады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда ішектің қабыну ауруларын ерте сатысында анықтауға мүмкіндік беретін диагностикалық процедуралардың кең спектрі бар. Сонымен қатар әлемдік фармацевтика индустриясы ішектің қабыну ауруларын емдеуге арналған жаңа, тиімдірек препараттарды үнемі әзірлеуде. Қазақстанда жыл сайын осы препараттармен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жақсарып келеді. 2013 жылдан бастап ішектің қабыну аурулары бар науқастарды емдеу, соның ішінде қазіргі заманғы қымбат биологиялық терапияны мемлекет өтейді.

- Ішектің қабыну аурулары қандай күрделі асқынуларға алып келуі мүмкін?

- Ішектің қабыну ауруы-ауыр ауру. Тиісті терапия болмаған жағдайда немесе ағымның агрессивтілігіне байланысты ауру өмірге қауіпті асқынуларға әкелуі мүмкін жағдайларға: тоқ ішек қатерлі ісігі, ішек стенозы мен стриктурасы және ішек өтімсіздігі, ішектің жеткілікті мөлшерде қоректік заттарды сіңіре алмауы, анемия, фистулалар мен абсцесс жатады. Ішектің қабыну ауруының өршуі кезінде белгілі бір бұзылулар пайда болуы мүмкін, соның ішінде артрит, терінің зақымдануы және көздің қабынуын айта кеткен жөн.

- Аурудың алдын алу үшін қандай кеңес бересіз?

- Баршаға белгілі деректі тағы бір рет қайталап айтайын, ең жақсы ем – ол профилактика. Дәрігер ретінде өміріңізден алкогольді, темекі шегуді, майлы және өңделген тағамдарды алып тастауға кеңес беремін. Сондай-ақ қалыпты салмақты сақтау маңызды, өйткені семіздік бауырдың алкогольсіз майлы ауруының дамуына ықпал етуі мүмкін. Әр адам физикалық белсенділікке жеткілікті уақыт бөлуі керек. Өз-өзіңізді емдеумен айналыспаңыз, қандай жағдай болмасын дәрігерлермен кеңесіңіз, дәрі-дәрмектерді тек ұсынылған мөлшерде қабылдаңыз. Сонымен қатар А және В гепатитіне қарсы профилактикалық егуді ұсынамын.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы