Дәрігер: Әйелдердің онкологияға шалдығуына психологиялық күйі қатты әсер етеді

25 Сәуір 2024, 07:08
1465
Бөлісу:
Дәрігер: Әйелдердің онкологияға шалдығуына психологиялық күйі қатты әсер етеді
Фото: Ұлттық ғылыми онкология орталығының баспасөз қызметі

Қазіргі таңда әйелдер арасында жатыр мойнының қатерлі дерті кең таралған ауру түрлеріне жатады. Тіпті жыл сайын әлемде 300 мың әйел дәл осы дерттен көз жұмады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қатерлі дерттің дауасы бар ма? Оны емдеу әдістері қандай? Адам папилломасы вирусы деген не? Соңғы кезде неліктен оған қарсы вакцина салу қолға алынды? Осы және өзге де сұрақтарға Ұлттық ғылыми онкология орталығының білікті онкогинеколог-дәрігері, осы салада 22 жылдан астам уақыттан бері қызмет етіп келе жатқан маман Аида Шәкірова сұхбат барысында жауап берді.

- Аида Фазылқызы, қазіргі таңда онкогинекологиялық аурулардың қандай түрі бар екендігіне тоқталып өтсеңіз. Олардың ішінде дерттің қандай түрі ең көп таралған деп саналады?

- Әйелдердің жыныс жүйесінің қатерлі ісік аурулары көптеген дертті қамтиды. Мен әйелдердің репродуктивті ағзаларының обырының үш негізгі түрін атап өткім келеді. Бұл онкогинекологияда ең жиі кездесетін түрлері деп айтуға болады. Бұл – жатыр мойнының обыры, жатыр денесінің қатерлі ісігі мен аналықбездің қатерлі ісігі. Одан басқа, онкологиялық гинекологияда сыртқы жыныс ағзалары мен қынаптың обыры да кездеседі. Сондай-ақ трофобласты ауруын да айта кеткен жөн. Ол көбінесе жүктілікпен және ілкі перитонеалды обырмен байланысты болып келеді.

- Бұлардың ішінде ең көп таралғаны қайсысы?

- Бұлардың ішінде ең көп таралғаны – жатыр мойны обыры. Бұл ең кең таралған және ең қауіпті ісік ауруы. Біз соңғы уақытта эндометрий мен аналық без обыры ауруының күрт өскенін байқап отырмыз. Дамыған елдерде бұл ісіктер әйелдер арасында көш басында тұр. 

- Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған статистикалық деректерге сүйенсек, жатыр мойны обыры бүкіл әлемдегі әйелдер қауымы арасындағы обырдың таралу түрі бойынша төртінші орында тұр екен. Бұл көрсеткіш біздің елімізде қандай деп айта аласыз? Қазақстандық әйелдер арасында жатыр мойны обыры қаншалықты таралған? Жылына қанша пациент дәрігердің көмегіне жүгінеді?

- Дұрыс айтасыз. Жатыр мойны обыры – бұл бүкіл әлем бойынша әйелдер арасында таралуы жағынан обыр ауруларының арасында төртінші орында иеленіп отырған дерт. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, жыл сайын әлемде 600 мыңнан астам жаңа жағдай тіркеліп, одан 300 мыңнан астам өлім-жітім орын алады. 

Ал Қазақстандағы Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша елімізде жыл сайын жатыр мойны обырының екі мыңдай жағдайы анықталады. Қазақстандық әйелдер арасында онкологиялық аурулардың арасында таралуы жағынан қазір осы патология екінші орында тұр.

Біздің бөлімшеге өте көп әйел жүгінеді. Мысалы, 200 мыңдай жатыр мойны обырына шалдыққан науқас әйелдер хирургиялық жолмен емделуіне тура келеді. Сондай-ақ біз онкогинеколог дәрігерлеріміз жылына екі мыңнан астам пациентті қабылдайтын амбулаторлық қабылдауды да жүзеге асырамыз.

- Жатыр мойны обырының бастапқы белгілері мен ерте сатысындағы қарапайым симптомдары туралы айтып беріңізші...

- Жатыр мойны обырының бастапқы сатысы әдетте симптомсыз орын алады. Дабыл қағатын симптом ретінде жыныс жолдарынан қанды бөліністің пайда болуы саналады. Алайда қанның пайда болуы аурудың асқынып бара жатқан сатыда екендігін көрсетеді.

Ауру симптомсыз өтуі де мүмкін. Сол себепті әйелдер денсаулығына ешқандай шағым айтпайды. Ісікті бастапқы сатысында анықтау үшін үнемі профилактикалық тексерістен өтіп отыру маңызды. Біздің міндетіміз – жатыр мойны обырын неғұрлым ертерек анықтау. Обыралды күйде тұрған кезде анықтасақ, тіптен жақсы. Ол үшін біздің мемлекетімізде скрининг жүргізіледі.

- Онкогинекология тек қана адам папилломасы вирусымен байланысты деген пікір бар. Шын мәнінде солай ма? Жалпы, онкогинекологиялық аурулардың пайда болу себептері қандай?

- Адам папилломасы вирусын жұқтыру көп жағдайда жатыр мойны обырының дамуына себеп болып саналады. Адам папилломасы вирусы жыныстық жолмен жұғады. Бірақ басқа да факторлар бар, олар: жыныстық өмірді ерте бастау, әйелдің иммундық жүйесінің ерекшелігі, тұқымқуалаушылық, психоэмоциялық күй де теріс әсерін тигізеді.

- Соңғы кездері жиі айтылып жүрген мәселе туралы сұрағым келеді. Жалпы, адам папилломасы вирусына қарсы екпе салдырған дұрыс па? АПВ-ға қарсы вакцинаны қай жаста алған тиімді? Оның әсері қаншалықты деп айта аласыз?

- Адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация – жатыр мойны обырының алдын алудың ең тиімді тәсілі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау министрлігі де 2030 жылға қарай адам папилломасы вирусына қарсы 15 жасқа дейінгі қыз балалардың кем дегенде 90 пайызы вакцинация алады деп болжап отыр. Бұл скрининг және ерте емдеумен бірге жатыр мойны обырының жаңа жағдайларының пайда болуын 2045 жылға қарай 42 пайызға азайтуға тиіс.

Біздің үкімет «2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес бойынша кешенді жоспарды» бекітті. Осы жоспардың аясында 11 жастағы жасөспірім қыз балаларға адам папилломасы вирусына қарсы екпе егу ұйымдастырылып, жүргізіледі. Жаңа оқу жылынан бастап вакцинация ата-анасының немесе қамқоршысының жазбаша келісімімен тегін жүргізілетін болады.

Жалпы, вакцинация қауіпсіз әрі тиімді, сонымен қатар зерттеулерге сәйкес, вирустан қорғайтын жоғары деңгейге ие. Вакцинаны ертерек енгізу мен тұрақты түрде скринингтен өткізіп тұру жатыр мойны обырының даму қатерін төмендетіп, көптеген өмірді құтқаруға септігін тигізеді.

Айта кететін жайт, вакцинацияны енгізгендеріне 15 жылдан асқан тәжірибесі бар мемлекеттер жетерлік. Мәселен, Австралияда адам папилломасы вирусына қарсы екпе алған әйелдерде жатыр мойны обыры дамымайды.

Адам папилломасы вирусына қарсы екпені қыз балаларға жыныстық өмірді бастағанға дейін салған дұрыс. Сондықтан біздің елімізде екпе салу жасы деп 11 жас бекітілді.

- Ал онкогинекологиялық аурулардың диагностикасы қандай?

- Қатерлі ісіктердің алдын алу мен ерте диагностикалау және халықтың ерте диагностикалаудың маңыздылығы туралы ақпараттандырылуын арттыру мақсатында біздің орталығымызда жыл сайын Ашық есік күні өткізіледі.

Елімізде жатыр мойны обырының ерте айқындалуы үшін 30-дан 70 жас аралығындағы әйелдер қамтылады. Төрт жылда бір рет әйелдер онкоцитологияға жұғындыны тегін тапсыруға құқылы.

Жатыр мойны обырының тұрақты скринингі (ПАП-сынама мен АПВ-сынамасы) мен жүйелі бақылау ісіктің көптеген жағдайларының алдын алуы мүмкін. Дамыған мемлекеттерде скринингтің сәтті бағдарламалары жатыр мойны обыры ауруына шалдығу мен өлім-жітім деңгейін екі еседен артық деңгейге төмендетуге мүмкіндік берді.

- Жүктілік кезінде онкогинекологиялық ауруға шалдығу жағдайлары кездесуі мүмкін бе?

- Әйелдер жатыр мойны обыры мен өзге де онкогинекологиялық аурулармен ауырып жүріп жүкті болғанын байқамай қалуы мүмкін. Әдетте ауру гинекологқа тұрақты түрде бармайтын әйелдерде анықталып жатады.

Осы жерде айта кететін жайт, жүктілік кезінде ауру қашан да агрессивті түрже өтеді. Бұл жүктілік кезінде әйелдің организмінде көптеген физиологиялық ерекшеліктің болатындығымен байланысты. Мысалы, кіші жамбас ағзаларының қан айналымы күшейтілген режимде жұмыс істейді. Әрине, қанмен қамтудың соншалықты күшті болған кезінде кез келген ісік жылдам дамуға бейім келеді.

Жүктілік кезінде онкологиялық ауруларды жүргізудің тәсіліне келер болсақ, ол кқптеген факторларға байланысты болып келеді және акушер-гинекологтарды тарта отырып, мультидисциплинарлық топ шешеді. Әр нақты жағдайда ана мен баланың денсаулығына келетін қатерді дұрыстап екшеп қарау керек, сондай-ақ жүктіліктің түрлі мерзімі кезінде обырды қаншалықты сәтті емдеуге болатыны ескеріледі. Егер жүктіліктің мерзімі ерте болса, жасанды түсік жасауға тура келеді. Кейбір жағдайларда әйелдер босанып, баласы дүниеге келген соң бірден ем қабылдауға көшеді.

- Онкогинекологиялық ауруларды түрлі сатыларда қалай емдейді?

- Емдеу көптеген факторларға, соның ішінде қатерлі ісіктің қандай сатыда екендігіне байланысты. Емдеудің кең таралған тәсілдері – хирургия, сәулелік терапия мен химиятерапия.

Обырдың нөлдік сатысы бар – ол карцинома in situ. Ондай патология 35 жасқа дейінгі әйелдерде жатыр мойнының зақымдалған бөлігін кеңінен кесіп алып тастау арқылы емделеді. Осы жерде тағы бір ескеретін жайт, өзінің репродуктивті баланы өмірге әкелу функциясын әлі аяқтамаған кез келген әйел ісіктің бұл сатысы кезінде жатырды да, жатыр мойнын да сақтап қала алады.

Жатыр мойны обыры кезінде сатылау өте күрделі. Әр сатының бірнеше шағын сатылары болады, мысалы: IА1, IА2, IВ1. Оларды емдеуді жоспарлаған кезде ескерген өте маңызды. Мысалы, бірінші ІА1 сатысында зақымдалған бөлікті кесіп тастап, кіші жамбастың лимфотүйіндерін де алып тастауға болады. Өйткені жатыр мойны обыры лимфогенді жолмен, яғни лимфа тамырлары бойынша таралады.

ІВ1 сатысынан бастап емдеудің негізгі әдісіне хирургиялық араласу таңдалады. Сөйтіп жатыр мойны мен жатыр толықтай алынып тасталады. Жас әйелдерде біз аналық безді сақтап қалуға тырысамыз. Ал 45 жастан әйелдерде ағзаны алып тастауға тура келеді. Бірақ қазір ғылым бір орында тұрмайды, онкогинекология да күн сайын қарыштап дамып жатыр. Ағзаны сақтап қалуға бағытталған инновациялық операциялар пайда болды. Трахелэктомияны солардың қатарына жатқызуға болады. 2 сантиметрге дейінгі ісік кезінде тек жатыр мойнын ғана алып тастап, жатырдың өзін сақтап қалуға болады. Ондай операциядан соң жүкті болып, бала сүйіп жатады.

- Онкогинекологиялық ауруларды емдегенде оның сәтті болуына нге әсер етеді?

- Емнің сәтті болуы аурудың қаншалықты ертерек анықталғанына байланысты болып келеді. Ауруды неғұрлым ертерек анықтаса, соғұрлым ем де жақсы қонады. Алайда организмдегі жеке ерекшеліктерді де ескерген жөн. Басты фактор – әйелдің психоэмоциялық күйі. Ол емделу мүмкіндігіне өзі сенуі керек.

- Сіздердің бөлімшелеріңіздің негізгі қызметі қандай?

- Пациенттер бізге гинекологиялық ісіктік патологияны хирургиялық жолмен емдеу үшін жүгінеді. «Обыр» деген диагноз қойылған соң мультидисциплинарлық топтың отырысында ісіктік процестің сәйкес сатысын емдеу мен ісіктің биологиясын ескере отырып, жоспар жасалады.

Біздің бөлімшемізде түрлі хирургиялық операциялар жасалады: ағзаны сақтауға қалуға бағытталған оталардан бастап тек әйелдердің репродуктивті ағзалары ғана алынып тасталатын емес, аралас оталар да жасалатын көлемді операциялар жүргізіледі. Біздің орталық көпсалалы болғандықтан көп жағдайларда операциялар хирургтар, урологтар, қантамыр хирургтарымен бірігіп жасалады. Бұл ісіктер өсіп, әйелдердің жыныс ағзаларының шетінен шығып таралу мүмкіндігімен байланысты. Мұндай жағдайларда ішекті немесе қуықты алып тастауға тура келеді.

- Өзіңіз жұмыс барысында бетпе-бет келген күрделі жағдай туралы айтып өтсеңіз...

- Жатыр мойнының ісігі қуыққа дейін өсіп кетіп, әйелде көпіршікті-қынаптық жыланкөз, яғни саңылау пайда болған жағдай кездесті. Бұл патологияда әйел адам несеп ұстай алмай қалады. Яғни ол өздігінен әжетханаға бара алмайды, ал несеп үнемі қынаптан ағып тұрады. Біз операцияға дейін пациентке химиятерапия жасадық, сол арқылы ісіктің көлемін кішірейттік. Одан соң кіші жамбас ағзаларының алдыңғы эвисцерациясы деп аталған көлемді ота жасалды. Бұл жағдайда біз жатырды, жатыр мойнын, қуықты және кіші жамбастағы лимфотүйіндерді алып тастадық. Біз хирургтармен бірге жұмыс істедік, себебі қуықты алып тастаған соң хирург ішектен несепті ұстап тұратын жаңа резервуар жасады.

- Мұндай сипаттағы күрделі операциялардан соң қалпына келу процесі қалай өтеді?

- Организмнің қалпына келу процесі хирургиялық операцияның көлеміне, пациенттің жасы мен оның денсаулығының жалпы күйіне байланысты. Мұндай күрделі операциялар әлсіз пациенттерге жасалмайды, өйткені олар мұндай үлкен көлемге шыдай алмайды. Әлсіреген пациенттер – олар обырдың асқынған сатысындағы және жалпы жағдайы емдеудің арнайы әдістерін қолдануға мүмкіндік бермейтін науқастар. Бұл онкологияда емдеудің барлық әдісі өте агрессивті екендігімен байланысты болып келеді. Жалпы, егер техникалық тұрғыдан барлығы дұрыс орындалса, бүкіл ықтимал асқынулардың профилактикасы жасалса, операциядан кейінгі кезең ондай пациенттерде жеңіл әрі асқынусыз өтеді.

- Өзіңіздің бөлімшеңіздің қандай жетістігімен мақтана аласыз?

- Біздің бөлімшеде жатыр мойны обыры, эндометрий мен аналық без обырын емдеу бойынша күрделі операциялар жасалады. Хирургтармен бірге біз HIPEС-ті қолдана отырып, комбинацияланған және циторедуктивті операцияларды жасаймыз. HIPEC интраперитонеалды гипертермиялық химиятерапия онкопатологияны емдеудің инновациялық тәсіліне жатады. Бұл процедура арқылы 43 градусқа дейін қыздырылған химиялық препараттармен ісік жасушаларына тікелей әсер жасалады. Оны қолдану аурудың асқынуын баяулатып, патологиялық жасушалық бөліну белсенділігін төмендетіп, қатерлі ісік жасушаларын өлтіру үшін жағдай жасайды. Мен бұл біздің бөлімшенің, сондай-ақ жалпы орталығымыздың жетістігі деп есептеймін.

Орталықтағы тағы бір ерекшелік – ол көпсалалы екендігін ескере отырып, кардиология, нефрология, эндокринология, гепатология, гематология, қантамыр хирургиясы сынды бөлімшелердің болуында деп ойлаймын. Біз өңірлік онкологиялық мекемелер емдеуден бас тартқан, қосымша ауыр диагноздары бар, дене салмағының индексі 40 және одан жоғары пациенттерге хирургиялық ем жүргіземіз. Біздің пациенттеріміздің 70 пайызының түрлі қосымша аурулары бар.

Жаңа корпусқа көшуді асыға күтіп жүрміз. Себебі ол жерде хирургиялық операциялар мен сәулелік терапияны жүргізудің барлық жаңа мүмкіндіктері ұсынылады. Бұл қызметіміздің сапасын арттырып, емдеудің тиімділігін жоғарылатуға жол ашады. Біздің жаңа технологиялар мен емдеу әдістерін енгізуге жоспарымыз көп. Бұл пациенттерімізге тек қана пайдасын тигізеді деген сенімдеміз.

- Әйел адамдарға қауіпті дерттің алдын алуға қандай кеңес бересіз?

- Әр әйел оның денсаулығы ең бірінші тікелей өзіне ғана байланысты екендігін түсінуге тиіс. Сондықтан өзіңіздің денсаулығыңызды күтіп, дұрыс әрі белсенді салауатты өмір салтын сақтаңыздар. Гинекологқа ауырғанда ғана бармай, жүйелі түрде қаралып отыруды ұмытпаңыздар!

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы