Дәрігер: Ас қорыту ағзаларының ауруын емдеуде саумалдың емдік-шипалық пайдасы зор

18 Мамыр 2024, 07:10
3820
Бөлісу:
Дәрігер: Ас қорыту ағзаларының ауруын емдеуде саумалдың емдік-шипалық пайдасы зор
Фото: ҚР ПІБ Медицина орталығының баспасөз қызметі

Адам ағзасында ас қорыту мүшелері бірнеше күрделі де маңызды міндетті атқаратыны белгілі. Соңғы кезде ас қорыту ағзаларын қазақтың ұлттық тағамы – саумалмен емдеу жолға қойылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы бағытта өлшеусіз қызмет етіп жүрген ҚР ПІБ МО аурухананың бас гастроэнтерологі, Гастроэнтерология және гепатология орталығының басшысы Бақытжан Биімбетовті әңгімеге тартқан болатынбыз.

- Әңгімеміздің басында гастроэнтерология және гепатология орталығы қандай ауруларды емдейтінін түсіндіріп өтсеңіз?

- "Gastroos" грек тілінде асқазан, "enteron" - ішек, "logos" - ғылым дегенді білдіреді.  Яғни асқазан мен ішек ауруларын емдейтін медицина саласы. Десе де бұл сала осы екеуімен ғана шектеліп қалмайды, өңеш, асқазан, ұлтабар, аш ішек пен тоқ ішек ауруларын да қамтиды. Бұдан бөлек ұйқы безі мен өт жолы ауруларын да гастроэнтерология саласы зерттейді.

Ал гепатологияға келер болсақ, ол гректің "hepar" - "бауыр" сөзінен алынған. Яғни бауырдың созылмалы ауруларын, гепатиттер мен циррозды және басқа да көптеген бауыр сырқаттарын емдеумен айналысады. Бауыр ауруларының түрі көп вирусты гепатиттен болған, аутоиммунды жағдайлардан туындаған, метаболизм бұзылыстарынан пайда болған гепатит пен бауыр циррозы және олардың асқынулары. Сонымен қатар басқа да ағзалардың сырқаттары салдарынан да бауыр зақымдануы мүмкін - соның бәрін қарастырамыз. Ауқымы кең сала.

- Пациенттер қандай шағым болған кезде гастроэнтерологқа, қай жері ауырғанда гепатологқа баруы керек? Екеуінің ара жігін ажыратып беріңізші.

- Өңеш, асқазан-ішек аурулары, яғни, қыжыл, кекіру, жүрек айну, құсу, іштің ауырсынуы, үлкен дәреттің дұрыс жүрмеуі, іш өту, іш қату мазаласа гастроэнтерологқа қаралғаны дұрыс.

Ал бауыр аурулары болса гепатолог көмегіне жүгінеді. Бауыр аурулары, әдетте, ұзақ білінбейді, ауырсынбай жүргендіктен көп адамдар асқындырып алады. Бауыр ауруының ең жиі кездесетін белгілері – әлсіздік, тез шаршау, көздің, дененің сарғаюы, қан талдауы нәтижесінің өзгеруі.

- Орталық қандай емдеу тәсілдерін қолданады?

-  Орталықта заманауи әдістердің бәрі қолданылады, соның ішінде биологиялық терапия бар. Ішектің қабыну ауруларында, мәселен, Крон сырқаты мен жаралы колит кезінде ең соңғы шыққан биологиялық препараттар қолданылады. Басқа да В, С гепатит вирустарына арналған препараттар бар. Жалпы әлемде қандай ем-шара болса, соның бәрі біздің орталықта бар.

Дәрігер: Ас қорыту ағзаларының ауруын емдеуде саумалдың емдік-шипалық пайдасы зор

- Өз тәжірибеңізде саумалмен емдеу тәсілдерін тәжірибеңізде жиі пайдаланатыныңызды білеміз. Сол туралы айтып беріңізші, оның ерекшелігі қандай?

 - Саумалдың емдік-шипалық қасиеті өте зор. Асқазан-бауыр, ішек ауруларында, жалпы асқорыту органдарының ауруларында өте жақсы көмектеседі. Егер саумалды базисті терапия ретінде қолданар болсақ емнің нәтижесі 1,5-2 есе ұлғаяды. Оған көзіміз жетті. Әсіресе бауыр, ұйқы безі ауруларында, созылмалы ауруларда, онкологиялық процестер кезінде де жақсы нәтиже береді. Химиотерапияның кері әсерін төмендетеді, науқастың өмір сүру сапасын жақсартады. Жалпы профилактикалық жағдайда да қолдану қажет, себебі бие сүті адам өмірін ұзартатын өнім екені қазіргі таңда ғылыми түрде дәлелденіп жатыр.

Саумал - тағам, табиғи сусын, дәрі-дәрмек емес. Гиппократтың өзі "Ішкен тағамымыз ем болу керек, алатын еміміз тағам болуы керек" деп айтып кеткен. Осы постулатқа дәлме-дәл сай келетіні – саумалтерапия. Ол біріншіден - ас, екіншіден - профилактикалық, реабилитациялық және ем-шипалық құрал ретінде де қолданылады. Әсіресе, инфекциялық аурулардан, әртүрлі операциядан, реанимациядан кейінгі науқастарға саумал беретін болсақ тез сауығып кетер еді.

- Гастрит пен асқазан жарасы адам денсаулығы үшін қаншалықты қауіпті? Оған дұрыс тамақтанбаудың әсері қандай?

-  Олар асқынған кезде өте қауіпті. Гастриттің кейде ешқандай белгісі болмауы мүмкін. Адамдар қыжыл пайда болып, асқазан тұсы ауырып, тамақтан соң ауырлық сезімі туындаса өзін диетамен шектеп, диеталық тағамдар тұтынып жүре береді. Бірақ оны дұрыс тексермесе, асқазан қатерлі ісігіне дейін әкеп соғуы мүмкін. Оған асқазан шырышты қабатында болатын helicobacter pylori инфекциясы себеп болады. Асқазан жарасы асқынулары жиі кездеседі, олар: жарадан қан кету, жараның тесілуі, "перетрация", яғни көрші ағзамен бітесуі мүмкін, сонымен қатар, онкологиялық сырқатқа да айналып кетуі ықтимал. Сол себепті оны дер кезінде анықтап, емдеген абзал.

Дәрігер: Ас қорыту ағзаларының ауруын емдеуде саумалдың емдік-шипалық пайдасы зор

- Өзіңіз басқаратын орталық ашылғалы қанша науқас емделіп шықты?

-  Орталықтың ашылғанына 1 жылдан астам уақыт болды. Былтыр орталық стационарында 832 науқас емделсе, биыл бірінші тоқсанның өзінде 376 науқас ем алған. Ал жалпы 5000-нан аса пациент орталықтың консультациясына жүгінген.

- Гастроэнтерология мен гепатологиялық аурулардың алдын алуда қандай дәрігерлік кеңес бересіз?

-  Салауатты өмір салтын ұстанып, физикалық белсенділікті арттырып, толыққанды ұйқы, жұмыс режимін қалыпқа келтірген дұрыс. Зиян әдеттерден, яғни темекі шегу, ішімдік ішу, фастфуд пен энергетикалық, газдалған сусындар тұтынудан бас тарту керек.

Аурулардың алдын алатын ең басты факторлардың бірі – профилактикалық тексерістер. Жыл сайын дәрігердің қабылдауынан өтіп, анализ тапсырып, ультрадыбыстық және эндоскопиялық тексерістерден өтіп тұрған абзал. Өзгеріс байқала қалған жағдайда дәрігермен бірлесіп сауықтыру амалдарын істеу қажет. Ауруды дер кезінде емдеу толыққанды нәтиже береді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы