Дәрі-дәрмек нарығындағы өзгеріс: Қазақстанда қандай препараттар арзандады

2026 жылы Қазақстанда 922 дәрілік зат арзандап, 1 006 препараттың бағасы өскен.

 istockphoto.com 29 Қараша 2026, 16:00
29 Қараша 2026, 16:00
103
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда дәрілік заттардың бір бөлігі арзандағанымен, кейбір препараттардың бағасы керісінше өскен. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы қазанда жүргізілген талдау нәтижесінде дәріханаларда сатылатын 922 дәрінің бағасы төмендеген, ал 1 006 препарат қымбаттаған. Тағы 1 184 дәрілік заттың құны өзгеріссіз қалған. Сонда дәрі-дәрмек нарығындағы баға өзгерісі нені көрсетеді? Арзандау дәріханалардағы нақты сату бағасына әсер етті ме? Тегін берілетін препараттардың қоры жеткілікті ме? Бұл сұрақтарға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің Профилактикалық бақылау басқармасының басшысы Әсия Молдиманова BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Қандай дәрілер арзандады, қайсысы қымбаттады?

Әсия Молдиманованың айтуынша, қазір Қазақстанда халықты қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр. Дәрілердің қолжетімділігі мен дәріханалардағы қоры үнемі бақыланады. Қоры азайған препараттардың тізімі жаңартылып, дәріхана қоймаларына тапсырыстар беріліп отырады. Сонымен қатар дәрілік заттарға деген сұраныс пен тұтыну көлемі ескеріліп, олардың үздіксіз жеткізілуі қадағаланады.

«2026 жылғы қазан айында "Тауарларды таңбалау және қадағалау" ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті 31 қазандағы жағдай бойынша республиканың 20 өңірінде бөлшек саудада сатылатын 3 112 дәрілік заттың бағасына талдау жүргізді. Өңірлердегі баға айырмашылығы ескеріліп, дәріханалардағы бөлшек сауда бағалары қыркүйек айындағы өткізу бағаларымен салыстырылды», – деп жауап берді Әсия Молдиманова.

Талдау қорытындысы бойынша дәрілік заттардың 38,05 пайызының, яғни 1 184 позицияның бағасы өзгеріссіз қалған. Ал 922 препараттың құны төмендеген. Бұл қаралған дәрілердің 29,63 пайызына тең.

Бағасы 1-10 пайыз аралығында арзандаған дәрілік заттар саны – 727. Мәселен, «Каптоприл ШТАДА» 25 мг №10 препаратының республика бойынша орташа бағасы 6,8 пайызға төмендеген. Оның ең төменгі бағасы Ұлытау облысында тіркелген.

Тағы 113 препараттың құны 10-20 пайыз аралығында арзандаған. Олардың қатарында «Эссенциале форте Н» №30 дәрісі бар. Оның орташа бағасы 15,2 пайызға төмендеп, ең арзан құны Ұлытау облысында анықталған.

Ал 82 дәрілік заттың бағасы 20 пайыздан астам төмендеген. Мысалы, «Аспирин С» препаратының республика бойынша орташа бағасы 20,08 пайызға арзандаған. Бұл дәрінің ең төменгі бағасы Павлодар облысында тіркелген.

Алайда баға төмендеген препараттармен қатар, қымбаттаған дәрілер де бар. Талдау нәтижесінде 1 006 дәрілік заттың бөлшек сауда бағасы өскені анықталған. Бұл жалпы қаралған позициялардың 32,32 пайызы.

Бағасы 1-10 пайыз аралығында өскен препараттар саны – 776. Мәселен, «Сумамед» 125 мг/5 мл дәрісінің республика бойынша орташа бағасы 9,3 пайызға қымбаттаған. Ең жоғары баға Қостанай облысында тіркелген.

Тағы 134 дәрілік заттың құны 10-20 пайыз аралығында өскен. Олардың қатарында «Милдронат» 500 мг препараты бар. Оның бағасы 19,4 пайызға қымбаттап, ең жоғары құны Қостанай облысында тіркелген. Ал «Пантап» 20 мг №14 препаратының бағасы 16,5 пайызға өскен. Бұл дәрінің ең жоғары бағасы Жамбыл облысында анықталған.

Бағасы 20 пайыздан астам өскен препараттар саны – 96. Мысалы, «Тадалекс» 20 мг №4 дәрісінің құны 37 пайызға қымбаттап, ең жоғары баға Павлодар облысында тіркелген. Сондай-ақ «Зитмак» 500 мг №3 препаратының бағасы 20 пайызға өскен. Оның ең жоғары құны Түркістан облысында байқалған.

«Қазақстанның бірқатар өңірінде дәрілік заттар бағасының төмендеуі байқалады. Дегенмен арзандау деңгейі препараттың қай өңірде сатылатынына байланысты әртүрлі болады», – деді басқарма басшысы.

Осылайша, ұсынылған талдау дәріханалардағы баға өзгерісінің біркелкі емес екенін көрсетеді: 922 препарат арзандаса, 1 006 дәрінің бағасы өскен, ал 1 184 позицияда өзгеріс болмаған. Бұл ретте аталған статистика дәрілік заттардың бағасындағы өзгерісті көрсетеді. Ал халықтың дәрі-дәрмекке жұмсайтын жалпы шығыны қаншаға азайғаны туралы жеке көрсеткіш ресми жауапта келтірілмеген.

Бағаның төмендеуі дәріханаларда байқалды ма?

Министрлік өкілінің айтуынша, мемлекеттік бағаны реттеу тетігін жетілдіру дәріханалардағы нақты бөлшек сауда бағасына да әсер еткен. 2025 жылы дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеудің жаңартылған тетігі енгізіліп, 4 994 сауда атауы бойынша шекті бағалар қайта қаралған.

«Нәтижесінде 3 801 дәрілік препараттың бағасы орта есеппен 26,5 пайызға төмендеді. Мемлекеттік бағаны реттеу тетігін жетілдіру нәтижесінде дәріханалардағы нақты бөлшек сауда бағаларында да төмендеу байқалды», – деп түсіндірді Әсия Молдиманова.

Тегін берілетін дәрілердің қоры жеткілікті ме?

Тегін дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселесі де Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында. Басқарма басшысының мәліметінше, 2027 жылға арналған дәрілік заттарды сатып алу науқаны өткен жылмен салыстырғанда үш ай бұрын басталған.

2026 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша келесі жылға қажетті препараттар көлемінің 84 пайызы сатып алу процесімен қамтылған. Бұған қоса, дәрілік заттар тапшылығының алдын алу үшін төмендетілмейтін қор мөлшері 35 пайызға ұлғайтылған.

«Амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету жүйесінде пациенттердің диагноздары бойынша қажеттілікті жоспарлаудың дербестендірілген тәсілі енгізілді. Бұдан бөлек, цифрлық мониторинг нәтижесінде соңғы екі жылда тегін дәрілік заттарды дәріханаларда заңсыз сату фактілері 20 есеге азайды», – деді Әсия Молдиманова.

Бағаны реттеу отандық фармацевтикаға қалай әсер етеді?

Әсия Молдиманованың айтуынша, дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеу халық үшін препараттардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге және фармацевтикалық нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға бағытталған.

Отандық өндірістің дәрілік заттары ішкі нарықта сұранысқа ие. Қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындар бірқатар препаратты өндіріп, елдің дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуіне үлес қосып келеді. Отандық дәрілер өндірісін және олардың қолжетімділігін арттыру импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.

«Мемлекеттік реттеу тетіктерін жетілдіру отандық өндірушілер үшін тұрақты әрі болжамды нарықтық жағдай қалыптастыруға, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және өндірісті дамытуға бағытталған шаралармен қатар жүзеге асырылады. 2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде Қазақстанда өндірілген дәрілік заттардың көлемі 13 пайызға өсті. Ал олардың ішкі нарықтағы үлесі 42 пайызға жетті», – деп атап өтті басқарма басшысы.

Оның сөзінше, баға саясаты халықтың мүддесі мен отандық фармацевтика өнеркәсібінің тұрақты дамуы арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған.

Арзан баламалы дәрілерді таңдауға бола ма?

Қазақстанның фармацевтикалық нарығында түпнұсқа препараттармен қатар, құрамында бірдей әсер етуші заты бар генерикалық дәрілер де ұсынылады. Мемлекеттік баға белгілеу кезінде түпнұсқа және генерикалық препараттардың бағаларын салыстыру тетігі қолданылады.

Сонымен қатар 2026 жылғы қыркүйектен бастап құны бір айлық есептік көрсеткішке дейінгі рецептімен босатылатын дәрілік заттардың бір бөлігі мемлекеттік бағалық реттеуден шығарылған.

«Бұл фармацевтикалық нарықтағы бәсекелестікті дамытуға, дәрілік заттардың ассортиментін кеңейтуге және баламалы препараттардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған», – деді Әсия Молдиманова.

Басқарма басшысы дәрілік препаратты таңдағанда оның халықаралық патенттелмеген атауын, дозасын, дәрілік түрін және қолдану ерекшеліктерін ескеру қажеттігін де атап өтті. Ал бір дәріні екіншісімен алмастыру емдеуші дәрігердің ұсынымына сәйкес жүргізілуге тиіс.

«Дәрілік препаратты таңдау кезінде оның халықаралық патенттелмеген атауын, дозасын, дәрілік түрін және қолдану ерекшеліктерін ескеру қажет. Дәрілік затты алмастыру емдеуші дәрігердің ұсынымына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс», – деп түйіндеді Әсия Молдиманова.

Наверх