Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Серік Сыдықов Орталық сайлау комиссиясының мүшесі болып тағайындалды.
Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында спикер Дариға Назарбаева Серік Сыдықовты Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне тағайындауды ұсынды.Маған берілген құқықты пайдалана отырып, Орталық сайлау комиссиясы мүшесі қызметіне Серік Сыдықовтың кандидатурасын ұсынамын. Серік Сламжанұлын жақсы білесіздер, ол – білікті заңгер. Сенат аппаратында 25 жылдан астам уақыт жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Парламенттегі мол тәжірибесі Орталық сайлау комиссиясы мүшесі қызметінде пайдалы болады деп сенемін,- деді Назарбаева сенат отырысында.Сенат депутаттары бірауыздан жақтап дауыс берді.
Айта кетейік, Серік Сламжанұлы Сыдықов 1962 жылы туған, жоғары заң білімі бар.
Еңбек жолын 1985 жылы "Казгидрорыбпроект" институты кадр бөлімінің аға инспекторы ретінде бастаған.
1986 жылдан бастап Қазақ КСР Мемлекеттік еңбек комитеті іс басқармасының аға экономисі, азаматтық қорғаныс және арнайы жұмыс жөніндегі инспекторы, кадр секторының бірінші санаттағы маманы, бірінші санаттағы экономисі (заңгер) қызметтерін атқарды.
1991 жылдан бастап Қазақстан еңбек министрлігі еңбекті құқықтық реттеу бөлімінің бас заңгер-консультанты, мемлекеттік жұмыспен қамту инспекциясының бастығы – жұмыспен қамту бас басқармасы бастығының орынбасары, еңбекті құқықтық реттеу бөлімінің бас маманы
"Тұран-Агро" фирмасы заң бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан президентінің жоғарғы кеңестегі өкілдігінің аға сарапшысы, Қазақстан Парламент Сенаты аппараты сараптама бөлімінің консультанты, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, әкімшілік бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
2007 жылдан Парламент Сенаты аппараты басшысының орынбасары, бірінші орынбасары болды.
2016 жылдан бастап Парламент Сенаты аппаратын басқарды.
2020 жылдан Парламент Сенаты төрағасының кеңесшісі.