29 қарашада Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты сот тыйым салған экстремистік ұйымды қаржыландырғаны (ҚК 258-бабы 2-бөлігі), сондай-ақ оның қызметіне қатысқаны үшін (ҚК 405-бабы 2-бөлігі) Ж.-ға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сотта анықталғаны
Сотталушы ел аумағында тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» экстремистік ұйымының жақтаушысы бола отырып, ҚДТ көшбасшысымен және оның шетелдік штабымен байланыста болып, олардан Қазақстан Республикасының Конституциялық құрылымын күштеп өзгерту мақсатын көздейтін тапсырмалар мен нұсқаулар алған.
Атап айтқанда, Ж. шетелде жасырынып жүрген «ҚДТ» штабының үйлестірушісімен алдын ала сөз байласып, экстремистік қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатынын біле тұра, қаржылық, ақпараттық және өзге де қызметтерді ұйымдастырған.
Тараптардың ұстанымы
Сотта прокурор айыптауды қолдап, қоғамдық-саяси қызметпен айналысу құқығынан 3 жыл мерзімге айыра отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады (ҚК-нің 405 – бабының 2-бөлігі бойынша 2 жылға, 258-бабының 2-бөлігі бойынша – 10 жылға бас бостандығынан айыру).
Қорғаушы тарап сотталушыны оның әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрады.
Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен толық дәлелденді.
Сот үкімі
ҚК-нің 405-бабы 2-бөлігінің санкциясы белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе 2000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
ҚК-нің 258-бабы 2-бөлігінің санкциясы мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Сот үкімімен Ж. ҚК-нің 258-бабы 2-бөлігінде және 405-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды және қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, қоғамдық-саяси қызметпен, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникация желілерін пайдалану құқығынан 3 жыл мерзімге айырылды, - делінген хабарламада.
Сот жас баланың болуын және сотталушының бұрын-соңды сотталмағанын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды.
Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Марат Жыланбаев - қазақ марафоншысы Азия, Африка, Австралия және Америка құрлықтарындағы ең үлкен шөлдерді жалғыз өзі жүгіріп өткен. Талай рекордты жаңарып, Гиннестің рекордтар кітабына аты жеті рет жазылды. Оның тоқсаныншы жылдары орнатқан рекордтарын әлі күнге дейін ешкім бұза алмай келеді. Марат Жыланбаев – бапкер, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, марафон және ультра-марафонға арналған жаттығулар жүйесін қалыптастырған. Спортпен кәсіби айналысқан жылдары барлығы 160 мың шақырым қашықтықты жүгіріп өткен.