Дания премьер-министрі Гренландияны сату мүмкіндігін жоққа шығарды

Метте Фредериксен АҚШ президенті Дональд Трамппен Анкарада өтетін кездесуде Гренландия туралы мәлімдемелерді талқыламайтынын айтты.

 Reuters Бүгiн 2026, 07:25
Бүгiн 2026, 07:25
126
Фото: Reuters

Данияның премьер-министрі Метте Фредериксен Гренландияны сату мүмкіндігін жоққа шығарды. Бұл туралы ол Анкарада өткен НАТО саммиті барысында мәлімдеді.

Әрине, Гренландия сатылмайды. Біз мұны әуел бастан-ақ нақты айттық. Бұл ешқашан болмайды, – деді Дания премьер-министрі.

Оның айтуынша, Дания мен АҚШ арасында әскери ынтымақтастық жақсы жолға қойылған. Сонымен қатар, Фредериксен АҚШ президенті Дональд Трамппен Анкарадағы кездесуінде Гренландияға қатысты мәлімдемелерді талқылауды жоспарламайтынын жеткізді.

Мамыр айында BBC телеарнасы АҚШ-тың соңғы айларда Даниямен Гренландиядағы әскери қатысуын кеңейту мәселесі бойынша құпия келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлаған болатын. Журналистердің мәліметінше, Вашингтон аралдың оңтүстігінде үш жаңа әскери база ашуды көздеп отыр. Ақ үй келіссөздердің оң бағытта жүріп жатқанын мәлімдеген. Ал Дания қосымша базаларды орналастыру мүмкіндігін талқылауға дайын екенін растағанымен, егжей-тегжейін жариялаған жоқ.

Жоспар бойынша, жаңа әскери нысандар Солтүстік Атлантикадағы Ресей мен Қытайдың ықтимал теңіз белсенділігін бақылауға бағытталмақ.

Гренландия Дания Корольдігінің құрамына кіреді. Соған қарамастан, Дональд Трамп аралды АҚШ құрамына қосу ниетін бірнеше рет мәлімдеген. Қаңтар айында ол ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Гренландияны бақылауға алу жоспары бар екенін айтқан.

Наверх