Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Катонқарағай ауданына барды

11 Тамыз 2021, 10:40
1680
Бөлісу:
Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Катонқарағай ауданына барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аймақ басшысы Катоқарағай ауданына жасаған іссапарында ондағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды салу, жөндеу және жаңарту жұмыстарының барысын қадағалады. Сондай-ақ, жылыту қазандығы мен полиция бөлімінің ғимаратын жаңарту жоспарларымен танысты.

ШҚО әкімі ең алдымен Катонқарағай ауылындағы С.Ластаев атындағы орта мектепке барды. Ауданның тұрақты даму қоры есебінен «Ауыл мектебі» жобасы аясында білім ордасының кабинеттері косметикалық жөндеуден өткен. Жаңа үлгідегі 9 пәндік сынып әзірленіп, «Назарбаев зияткерлік мектебі» білім беру орталығына әдістемелік құралдар мен музыкалық жабдықтар сатып алынған.

Сондай-ақ Ахметов жалпы ауданы 640 шаршы метр болатын төрт екіпәтерлі тұрғын үйдің құрылыс барысын қадағалады. Пәтер кілттері көпбалалы отбасылар мен әкімдік кезегінде тұрғандарға беріледі. Даниал Ахметов Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшылығына жұмыстың сапалы орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Аймақ басшысы ауқымды жөндеуді талап ететін «Алтай комхозсервис» КМК-ның жылыту қазандығына да барды. Басқа аудандар мен қалалардағы қазандықтарды жөндеу және салу тәжірибесін ескере отырып, мен құрылыс басқармасына барлық шығындарды мұқият талдауды тапсырды. Егер ескі қазандықты қайта қалпына келтіру жаңасын салудан қарағанда қымбатқа түссе, облыс әкімдігі жоспарды қайта қарап, заманауи әрі энергиялық жағынан тиімді жаңа жылыту қазандығын салуға қаржы бөледі.

Полиция бөлімін аралаған аймақ басшысы ғимараттың іргетасы 1970 жылы қаланғанын және толық жөндеуді қажет ететінін айтты. Бірақ, бұл үшін қажет деген 120 млн теңге негізсіз әрі артық қаржы. Сондықтан, Даниал Ахметов бюджетті қайта қарап, оны 2,5 есеге қысқартуды талап етті.

Одан кейін облыс әкімі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңына барды. Нысанды аралап, жұмысқа көңілі толған әкім облыстық Құрылыс басқармасының басшылығына аймақта осындай типтік кешендердің санын арттыруды ұсынды.

Облыстың барлық аудандарында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын басқаша жүргізу тиіс деп ойлаймын. Әр қайсысына жеке жобалық-сметалық құжаттама әзірлеудің қажеті жоқ деп санаймын. Типтік нысандарды салған дұрыс болады. Бұл бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді, - деді Ахметов.
Жұмыс сапарының соңында аймақ басшысы биыл ашылған «Қаратай» қонақ үйін де аралап шықты. Мұнда ауылдың іскер азаматтары киіз үйлер тігіп, шағын ағаш үйлер салып қойған. Бұл жерге күніне орта есеппен 15-20 турист келеді. Нысанды іске қосуға қомақты инвестиция қажет болмады. ШҚО әкімінің айтуынша, ауылдық жердегі туризм мемлекеттің қолдауына лайық, назар аудару қажет. Біріншіден, бұл – ауылды жерде қосымша жұмыс орнын ашуға жақсы мүмкіндік. Аймақ басшысы қосымша аудан әкімдігіне осындай кәсіппен айналысқысы келетін азаматтарды анықтауды тапсырды.
Біз оларға типтік жобаларды ұсынып, қолдау көрсетуге дайынбыз, - деді Ахметов.

 



Өзгелердің жаңалығы