Даниал Ахметов: Ұстаздарымыздың берген білімі, тәлім-тәрбиесі әрқашан жадымызда

3 Қазан 2021, 14:08
3762
Бөлісу:
Даниал Ахметов: Ұстаздарымыздың берген білімі, тәлім-тәрбиесі әрқашан жадымызда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін елімізде мұғалімдер кәсіби мерекелерін атап өтіп жатыр. Осыған орай, Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов ұстаздарды мерекемен құттықтады.

Құрметті жерлестер! Бүгін жауапкершілігі аса жоғары мамандықтардың бірі - ұстаздар қауымының және барлық оқытушы мен жалпы білім беру саласы қызметкерінің кәсіби мерекесі. Біздің әрбіреуіміздің мектеп қабырғасын алғаш рет аттағанымыз, аяулы ұстаздарымыздың бізге берген білімі, тәлім-тәрбиесі, ақыл парасаты әрқашан жадымызда, - деп атап өтті облыс әкімі.

Ахметов мұғалім бойындағы ерекше қасиеттерге тоқталды.

Мұғалім болу үшін педагогикалық білім аздық етеді. Өйткені оқушының психологиясын меңгеріп, оны білім нәрімен сусындатып, болашақ ұрпақтың санасына адами қасиеттерді, рухани құндылықтарды сіңіру қажет. Сонымен қатар ұстаздар қауымы мейірімділік пен түсіністік, талапшылдық пен қаталдық сынды қасиеттердің үндестігін таба білу керек.

Біздің ұстаздарымыз - нағыз мақтаныштарымыз! Пандемияның қиын кезеңдерінде де мұғалімдеріміз қашықтан білім беруін жалғастырды, - деді ол.

Адам баласының тұлға болып қалыптасуы мектеп кезінен бастау алады. Оған себепкер болатын адамдардың бірі - мұғалімдер. Өйткені оқушының бойынан қандай да бір қасиетті байқап, оны жетілдіру үшін, бойындағы бар талантты ашып, дамыту үшін қолдарынан келгенін аямайды.

Құрметті ұстаздар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын және жұмыстарыңызға табыс, мықты денсаулық, зор бақыт тілеймін! – деп айтты Даниал Ахметов.

Өзгелердің жаңалығы