Дана Нұржігіт: Бүгінгімен алысып жүріп, ертеңімізді жоғалтып алмауды ойлайық

6 Қаңтар 2021, 16:55
3044
Бөлісу:
Дана Нұржігіт: Бүгінгімен алысып жүріп, ертеңімізді жоғалтып алмауды ойлайық

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт Egemen Qazaqstan газетіне жариялаған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының мақаласына қатысты ойын білдірді.

Жаңажылдық құттықтау сөзінде Президентіміздің «біз ұлттық құндылықтарымызды аспен де, таспен де қорғаймыз!» деген сөзі елді елең еткізгені рас. Egemen Qazaqstan газетіне жариялаған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының мақаласында бұл сөздің сан қырлы астарын көріп отырмыз. Президент біз үшін өте қастерлі мереке - Тәуелсіздік күні қарсаңында шекарамызға шек келтіріп, соған сұқ көздене қараған арам пиғылды адамдарға қызуқандылыққа салынбай, салмақты да пәрменді жауап беруіміз керек екенін меңзеп отыр. Ең біріншіден: ғылыми негізде, дәйекті дәлел келтіре отырып өз тарихымызды өзіміз жазып, әлем тілдеріне аударып, өзіміз насихаттап, әлемге танытатын уақыт жетті. Бұл - саясаткерлердің емес, тарихшылардың еншісіндегі аса маңызды жұмыс. Фильмдер түсіріп, түрлі шығармалар жазылуы керек. Біз азат ел, дербес мемлекет болып саяси картада қаламыз десек, ең бастысы, ұлттық құндылықтарымыз, соның ішінде баға жетпес құндылықтар – жерімізге, елімізге ие болуымыз керек. Ие болу деген - табиғатын аялау, әрбір азаматының құқығын қорғау, алған білімімізді, ғылыми жаңалықтарымызды ел игілігіне жарату. Заманға сай, бәсекеге шыдайтын, қатерге төтеп беретін, көркем өмір сүру дегенді білімді,саналы болу деп түсінетін қоғамды қалыптастыру, - деп жазды ол. 

Мұның бәрі тек қана Тәуелсіздігі мықты, шекарасы берік, бейбіт өмірді таңдаған елде ғана жүзеге асуы мүмкін дүниелер. 

2000 жылдары делимтиация жұмысы өте қарқынды жүргізілгені белгілі. Президенттің бүгінгі мақаласынан түсінгеніміздей, осы мәселені сол жылдары қолға алған Нұрсұлтан Әбішұлына «осыны асықпай жасауға да болар еді» деген сыңайдағы пікірлер де айтылған көрінеді. Ал бүгін, Елбасының сол кемеңгерлігі болмаса,шекара мәселесі барлық мағынада ашық болып жатса, жағдай қалай болар еді?! Оны ойлаудың өзі қорқынышты! Кеңес одағынан бөлініп шыққан 15 социалистік республиканың ішінде осы мәселеге 90-жылдары зор мән берген жалғыз Қазақстан ғана! Осындайда Ахмет Байтұрсынұлының «Ел – бүгіншіл, біздікі – ертең үшін» деген сөзі ойға оралады. Ертеңін ойлаған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен табыстарын мақтан ету артық» немесе «азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ» деп сөзден бұрын нақты іске, нәтижеге ден қоятын байсалды басшы екенін танытты. Сондай-ақ ол өз мақаласында ұлтымыздың даму жолында ең алдымен әділдік қағидатын ұстанатынын баса айтып отыр. Халықаралық саясаттағы тәжірибесі мен ел басқарған алғашқы бір жарым жылы 10 жылға татитын қиыншылықтарға тап болған Қасым-Жомарт Кемелұлының мемлекетті алға жетелейтін стратегиялық жоспары анық, мақсаты айқын. Бүгінгі қиындықтар өтеді, пандемияға адамзат болып төтеп беріп жатырмыз. Өмір мұнымен тоқтамайды. Сондықтан бүгінгімен алысып жүріп, ертеңімізді жоғалтып алмауды ойлайық! Ал ертеңгі ұрпағымызға қалдыратын ең басты мұрамыз,ең қымбат құндылығымыз - Тәуелсіз Қазақстан, - деп жазды Дана Нұржігіт.

Өзгелердің жаңалығы