Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада Конституциялық реформаларды түсіндіру сұрақтары бойынша Республикалық қоғамдық қолдау штабы мүшелерінің елордалық зиялы қауым өкілдері және мәдениет ұйымдарының қызметкерлерімен кездесті.
Осыған дейін үкіметтік емес ұйымдардың, ардагерлер қоғамдастығының, түрлі қауымдастықтар мен саяси партиялардың белсенді өкілдері заматтық белсенділер Референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабының құрылғанын жариялаған болатын.
Оның жетекшісі болып – «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасы Төлеубек Мұқашев айқындалды.
Ол бүгінгі отырыста штабтың жүргізіп жатқан жұмыстарымен таныстырды.
Конституциялық референдум өткізуге екі аптадай уақыт қалды. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бей-жай қарамай, белсенді қатысу әрбір азаматтың борышы. Себебі ол бүгінгі Қазақстанның ғана емес, болашақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт. Мемлекет басшысының бүкілхалықтық референдумды өткізуге қатысты бастамасын қолдау мақсатында еліміздің мәслихаттары бірлестігінің ұсыныстарымен Республикалық қоғам штабы құрылды, - деді штаб жетекшісі.
Оның айтуынша, қазіргі күні еліміздің түкпір-түкпірінде республикалық штабтың өкілдері референдум өткізу туралы жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бүгін біздің мақсатымыз – референдумның маңызы мен мәнін бүкіл бұқара халыққа барынша сауатты түрде жеткізу, халықты кеңінен ақпараттандыру. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланғанда сайлауалды бағдарламасында негізгі 3 мәселені көтерген болатын. Біріншісі, халықтың әл-ауқатын көтеру, Екінші, әділеттілік. Үшінші, мемлекетіміздің дамуы. Қазіргі күні болып жатқан барлық реформа Президентіміздің сайлауалды бағдарламасының логикалық жалғасы деп қарастыру керек. Президент ұсынған Конституциялық реформа елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының жаңа сатына, жаңа кезеңіне аяқ басқалы тұрғанын көрсетеді, - деп түсіндірді Төлеубек Мұқашев.
Референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабының жетекшісі әлемдегі дамыған озық мемлекеттердің саяси жүйесі – демократиялық жүйе екенін айтты. Себебі демократиялық жүйе экономикалық бостандыққа жол ашады.
Егер біз әлемдік бәсекеге қабілетті дамыған елдерден артта қалғымыз келмесе, онда демократиялық жүйеге көшуіміз керек. Алдағы Конституциялық реформа туралы бүкіл халықтық референдум мемлекеттің болашағына әсер ететін аса маңызды күн деп ойлаймын, - деді ол жиында.
Осыған дейін Референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабы үндеу жасаған болатын.