Дала кезіп, көсік теріп жедік - интернат тәрбиеленушісі балалық шағы туралы

17 Қазан 2023, 10:25
3306
Бөлісу:
Дала кезіп, көсік теріп жедік - интернат тәрбиеленушісі балалық шағы туралы
Фото: Артём Чурсинов - архив

"Күз - сағыныш пен естелік айы. Күз келсе-ақ болды әлденені, әлдекімді сағынып, іздеуге дайын тұрамыз. Артымызға қарасақ, өткеніміз есімізге келіп тұрады. Бала күнімізден күз жаныңа сағыныш толтыратын көңілсіз мезгіл ретінде жадымда сақталған" дейді бүгінгі сұқбат кейіпкері Сәбидолла Құлтайұлы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сәбидолла Құлтайұлы Маңғыстау облысының тумасы. Сам мектеп-интернатында оқып, тәрбиеленген. Салық комитетінде 40 жылдай еңбек еткен. Қазір зейнеткер. Өңірдің құрметті азаматы. Осы орайда біз кейіпкермен сұхбаттасып, 60-70-жылдардағы мектеп қабырғасындағы естеліктерімен бөлісуді өтіндік.

- Сіз қаншама жыл мектеп-интернатта оқып, білім алдыңыз? Ол жерде тәрбие жағы қалай болды? Өткенге бір көз жүгіртіп, айтып берсеңіз.

"Күндер қуып, күндерді итерді артқа

Безер күндер қашуға икемді, ақ та

Есіңде ме, ескі дос біз сол жылы

Он жылдықты бітірдік интернатта" — деп Мақатаев атамыз жырлағандай мен де интернат қабырғасында тәрбиеленген баланың бірімін. Мұны қазіргі балалар оқыса, ертегі дер, сірә.

Интернаттың сол кездегі деңгейі біз үшін жоғары болды. Әке-шешеміз қысы-жазы мал бағып жүрді. Балаларының қамы. Шаруашылықпен айналысты. Интернат ата-ана тәрбиесін алмастырды. Қазіргідей болған оқиғаларды бірден жеткізу жоқ. Ол кезде бала көп, олардың басым бөлігі көпбалалы отбасыдан шыққан. Интернаттың болуы көпбалалы отбасыға өте тиімді болды. Бір бөлмеде 5-6 бала бірге жататын.Мен 3 бауырыммен бірге оқыдым. Бауырларыммен бірге осында ержеттік. Жалғыздық мүлдем білінбеді. Бір қабатты мектеп, отын жағып, қимен жылытатын. Қазақ тілінен бөлек 4-5-сыныптардан бастап орыс тілі және әдебиеті пәндерін оқыта бастады. Мектеп-интернаты үш ауысымда болды: таңертеңгі, түстен кейінгі, кешкі. Түстен кейін оқитындар ортақ залда берілген тапсырмаларын орындайды. Ол кезде балалар ойнайтын арнайы алаң болмады. Демалыс күндері күн жылы болса далада жүретінбіз. Кейде ермек үшін дала кезіп, көсік, жуа теріп келетін едік.

- Осы орайда басыңыздан өткен қызық оқиғамен бөлісе аласыз ба?

Қазір ойыма бір қызық оқиға келіп тұр. Соны айтып көрейін: ол кезде мектепті ертерек жылыту үшін арнайы адамдар келіп, от жағады. Оны көрген балалар ойнап жүріп, қазандықтың түтін шығаратын қақпағын жауып кететін. Сосын түтін иіс бүкіл мектепке тарап, сабақ болмай қалатын. Мұны білген мектеп директоры бұзықтарды іздеп, «мынаны кім істеген» деп бәрімізге бір ұрысып алатын.

- Сіздің сөзіңізден байқасам, мүлде қарсылық болмаған. Қазіргі жастардың көңілі толмайтын дүниелері көп. Кейде үлкендер арасында жастардың бұзылып кеткені айтылып жатады. Аға буынның көңілінде сенімнен гөрі алаңдаушылық басым. Бұған не себеп? Өміріңізде түйген тәжірибеңізден жастарға қандай кеңес айтасыз?

Әр отбасыда кемінде бала саны 5-10 аралығында. Бір-бірімізге қарастық. Әке-шешеміз не айтса, соны тыңдадық. Я түйеге, я атқа мініп алып, малға кететін едік. Бармаймын деп айтпаймыз. Қарсыласу мүлде болмады. Біздің кезіміздегі балалар еңбекқор болды. Қазір барлық мүмкіндік жасалынған: мектебі жақсы, келіп-кетіп, көп шаруа жоқ. Жастайымыздан еңбектеніп, еңбекті жақсы көріп өстік. Ата-ана жаман болсын деп айтпайды.

- Аға, әдемі естеліктеріңізбен бөліскеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы