Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында Ұлттық банк қабылдайтын шаралар туралы Үкіметтің онлайн отырысында айтып берді.
ҚР Президентінің бұған дейін берген тапсырмасына сәйкес ақша-кредит саясатын 2030 жылға дейінгі стратегиясы әзірленуде. Жолдауда айтылғандай, жүргізілетін саясаттың тиімділігі мен айқындылығын арттыру жөніндегі тапсырмалар стратегияда ескерілетін болады, - деді Досаев.
Оның айтуынша, стратегияны бекіту 2025 жылға дейінгі жаңартылған стратегиялық даму жоспары қабылданғаннан кейін жоспарланып отыр.
Ақша-кредит саясатын іске асырудың тиімділігін арттыру және валюта нарығын тұрақтандыру үшін Үкіметпен бірлесіп, валюталық түсімді қайтаруға арналған қосымша шаралар пысықталады. Сондай-ақ, экспортталушылардың оны іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасалады, - деді Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы.
Ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясында Ұлттық банк жанында Ақша-кредиті саясаты жөніндегі комитетін құру ескеріледі.
Комитеттің басты міндеті - базалық ставка мен дәлізінің мөлшері бойынша стратегиялық шешімдер қабылдау. Орта мерзімде, перспективада оған тәуелсіз мүшелер кіреді. Заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер 2020 жылдың соңына дейін енгізіледі, - деді ол.
Сондай-ақ, дағдарыс салдарынан зардап шеккен кәсіпорындарды қолдау мақсатында 200 млрд теңге бөлінеді.
Мемлекет басшының тапсырмасына сәйкес экономикалық өсуді қалпына келтіру мақсатында дағдарыс салдарынан айтарлықтай зардап шеккен секторлардағы кәсіпорындарға қолдау үшін қосымша 200 млрд теңге бөлінеді. Салалар тізімін Үкімет Атамекен ҰКП-мен бірлесіп анықтайтын болады, - деді Ерболат Досаев.
Ұлттық банктің жеңілдік пен кредиттеу бағдарламасы 800 млрд теңгеге дейін жеткізіліп, 2021 жылдың соңына дейін ұзартылады.