"Даңқ" залының әр қабырғасы – соғыс жылдарының шежіресі

8 Мамыр 2020, 15:55
5846
Бөлісу:
"Даңқ" залының әр қабырғасы – соғыс жылдарының шежіресі
PHOTO
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласындағы "Жеңіс" саябағында орналасқан "Даңқ" залы – осы нысанның негізгі нүктесі. Былтыр ашылған мекеменің лентасы Жеңіс күні қарсаңында салтанатты жағдайда қиылған.

Екі қабаттан тұратын ғимарат Екінші жүниежүзілік соғыс жылдарының шежіресі іспетті. "Даңқ" залының басшысы Сайлаубек Лесбаевтың айтуынша, мұндағы әр жәдігердің өз орны бар. Артық бұрыш, қисынсыз картина жоқ. Расында, сырттан кірген бойда өзіңізді басқаша сезініп, көзіңіз көрмеген майдан даласына еніп кеткендей күй кешесіз. Жеңісті жақындатқан жауынгерлермен жүздескендей боласың.

данк2.jpeg

Кіре берістегі көлденең қабырғалардың біріне Кеңес Одағының Батыры, ерліктің ерен үлгісі Бауыржан Момышұлының: "Жеңіске жеткен қуанышқа кенелді, жетпеген арманда кетті. Отан соғысында өлгендерді ұмытпайық. Өзіміз өлгенше олардың аттарын аузымыздан түсірмей, жазғанымызды қағазда қалдырмай айта берейік. Оларға біздің дұғамыз сол болсын! Өлгенді ардақтай білген ғана тіріні құрметтей алады. Өлгенге бақыт керек емес. Өлінің бақыты тірінің тірлігінде" деген сөзі жазылыпты.

данк1.jpeg

Бірінші қабатта Жамбыл облысынан сұрапыл соғысқа қатысқан жауынгерлердің жәдігерлік бұйымдары, майданнан жазған хаттары сақталған. Осыдан 77-78 жыл бұрын отаны үшін оқ пен оттың ортасына түскен майдангерлердің өз қолымен жазған хаттары қазіргі ұрпаққа жетіп отыр.

Олардың көпшілігі ұрыс даласынан оралмаса да, қағазға түскен сезімдері, сағыныштары осы күнге жетіп, енді үнемі сақталатыны ерлік жасаған азаматтарға деген біздің құрметіміз. "Ана қасіреті" деген бұрышты да көпшілік зор тебіреніспен тамашалайды. Соғыс жылдарындағы барлық аналардың жиынтық образындай болған Қара кемпір "Қара қағазға" сенбей, Жексенқұлы мен Қосшығұлын ұзақ жылдар үздіксіз күткені кімді де болса, толғандырады. Егер соғыс болмаса, Жексенқұл мен Қосшығұлдан қанша ұрпақ өрбитін еді. Осындай қанша мыңдаған азамат Отанды қорғау жолында боздақ күйінде өмірлерін қиды. "Қара кемпір" өлеңін жазған ақын Жақсылық Сәтібеков те, әнін жазған Алтынбек Қоразбаев та соғыс қасіретін жас ұрпаққа танытуда ерен еңбек сіңірген, - дейді Сайлаубек Лесбаев.

данк5.jpeg

Одан әрі соғыстың әр жылы қабырғадағы картиналар мен мүсіндер арқылы көрініс тапқан. 1941 жылы құрамында батыр Бауыржан Момышұлы бар 316-атқыштар дивизиясының ерлігі де осында бейнеленген. 1942 жыл Ресейдің Санкт-Петербург қаласының бірнеше айлар бойы жау қоршауында қалуымен, сол кездегі Кеңес жауынгерлерінің жанқиярлық ерлігімен, төзімділігімен ерекшеленеді.

данк3.jpeg

Сол жылдары ақын Жамбыл Жабаев жазған "Ленинградтық өренім" өлеңінің Кеңес жауынгерлеріне қаншалықты жігер бергені тарихтан белгілі. Осы залда сол сәт те өз деңгейінде бейнеленген. 1943 жылға арналған қабырға әулиеаталық сұр мерген Ыбырайым Сүлейменовтың ерлігі, оның Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметовамен бір майданда тізе қосып, ұрысқа түскенін бейнелеуімен көпшілік назарына аударады.

1944 жылғы көріністерді Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың, жамбылдық батыр Ақәділ Суханбаевтың, екі дүркін Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтың ерлікке толы жолдарына арнадық. Осы ретте Ақтөбе облысында туған Әлия Молдағұлованың біздің өңірге де қатысы бар екенін, бір жылдары Тараз қаласындағы №11 орта мектепте білім алғанын айта кеткеніміз жөн. Алайда, батырлар Отанымызға ортақ екенін ойымыздан шығармауымыз керек, - дейді "Даңқ" залының жетекшісі.

1945 жылға арналған қабырға Ұлы Жеңістің жеткен сәтін, Кеңес одағы жауынгерлерінің Берлиндегі Рейхстагқа ту тіккен тарихи оқиғаны бейнелейді. Тағы бір қабырға тылдағы еңбеккерлердің тынымсыз еңбегіне арналыпты. Тылда қалған аналарымыз бен бұғанасы қатпаған балалардың майдан даласына қосқан өлшеусіз үлесі көз алдыңызға келеді.

данк .jpeg

Екінші қабат "Бауыржантану" ғылыми-зерттеу орталығына арналған. Қазір мұнда алты адам еңбек етіп жатыр екен.

Өңірге танымал қаламгерлер Бекет Момынқұл мен Елен Әлімжан Баукеңнің жаңа қырларын ашу жолында тер төгіп жүр. Мұнда Баукеңнің 500-ге жуық кітаптары қойылған кітап сөрелері бар. Батырдың 200-ге тарта суреттерін жинақтап, өз қолымен жазу жазған машинкасын да қойдық осында. Екінші жүниежүзілік соғыс кезінде Бауыржанның өз қолымен сызып жасаған соғыс қимылдарының картасы, әскери мәселелер төңірегінде жазған жазбаларының көшірмелері де біздің қорымызда тұр, - дейді орталықтың жетекшісі, белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы. 
данк6.jpeg

Екінші қабатта 50 адамға арналған мәжіліс залы да орын тепкен. Сайлаубек Лесбаевтың сөзіне қарағанда, "Даңқ" залында соғыс жылдарынан 1,5 миллионға жуық сурет қамтылған.

Біздің алға қойған жоспарларымыз өте көп. Оның біразы қаржы мәселесіне келіп тіреліп тұр. Жәдігерлерді молайту, майдангерлердің өмірлерінен қысқа метражды фильмдердің әзірленуіне себепкер болу ойымызда бар. "Бауыржантану" орталығының жұмысын одан әрі жандандыруды да көздеп отырмыз. Одан бөлек, Ұлы Жеңіске үлес қосқан әр батырға, әрбір тыл еңбеккеріне деген құрметіміз аласармайды. Әрқайсысы үшін еңбек етеміз, - дейді мекеме басшысы Сайлаубек Ермекбайұлы.


Өзгелердің жаңалығы