Дәурен Қуат: Кемшіліктеріміз бен қателіктерімізден сабақ алып болған жоқпыз ба?

11 Шілде 2020, 12:30
2073
Бөлісу:
Дәурен Қуат: Кемшіліктеріміз бен қателіктерімізден сабақ алып болған жоқпыз ба?

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ. Дәрен Қуат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирус пандемиясына байланысты жасаған кезекті телевизиялық үндеуі жайында пікір білдірді.

Дәстүрлі БАҚ бар, ақпараттық порталдар мен сайттар бар, әлеуметтік желілердегі белсенді азаматтар бар – бәрі бірнеше күннен бері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирус пандемиясына байланысты жасаған кезекті телевизиялық үндеуі жайында пікір білдіріп жатыр. Бірден айтайын, өз басым Президенттің ел ішіндегі ахуалды мойындап: "...денсаулық сақтау жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болған жоқ. Осы мәселе бойынша біз тергеу жүргіземіз және бұл жағдайдан сабақ аламыз. Әкімдердің жіберген қателіктеріне тиісті баға береміз" деген сөзіне ерекше ден қойдым. Неге? Өйткені, коронавирусті "наконец-то" деп қарсы алған Қазақстан "індетке қарсы сақадай саймыз" деуден танбаған еді, - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.
Дәурен Қуат төтенше жағдай мен карантинге байланысты уақытша кәсіп-қаракетінен айырылған азаматтарға әлеуметтік жәрдемақы ұсынып, жағдайы қиын отбасыларға азық-түлік таратылғанын да атап өтті.
Расында, Президент өзі пәрмен бере отырып, төтенше жағдай мен карантинге байланысты уақытша кәсіп-қаракетінен айырылған азаматтарға әлеуметтік жәрдемақы ұсынып, жағдайы қиын отбасыларға азық-түлік таратты. Дәрі-дәрмекке де қыруар қаржы бөлінді. Дегендей-ақ, індеттің алғашқы толқыны елімізде жеңіл өтті. Ковид жұқтырғандар да аз болды, індеттен көз жұмғандардың қарасы да аса қорқынышты емес еді. Содан кейін бе, әлде баяғы қазақы қамсыздығымыздан ба, арқаны кеңге салып жүруді бастадық, бұл екі арада қауіп-қатерді үнемі бақылап отыруға тиіс еліміздегі денсаулық сақтау саласы да бейжайлық танытты. Әрине, менің бұл сөзімді сала мамандары жоққа шығаруы мүмкін, бірақ, "все под контролем" болған жағдайда бүгінгідей сұмдықтың алдын алуға болатын еді-ау... - деп жазды Дәурен Қуат.
Қайталана берген қателік қателік емес, ол біздің ештеңе үйренбейтін, еш нәрседен тәлім алмайтын нәкөстігімізді білдіреді дейді ол.
Қазір, міне, әлемжелінің бетін ашудан қорқатын, үрейленетін болдық. Ашсаң, бітті, оқитының небір жақсы мен жайсаңның дүниеден қайтқаны туралы қаралы хабар... Енді, міне, "фармацевтика саласы дәрі-дәрмекке бөлінген ақшаны қымқырып қойыпты", "еліміздегі дәрі-дәрмек сататын сауда жүйесі науқастарға қажет препараттарды тығып, сатпай, қолдан тапшылық жасаған, бағасын әдейі көтерген" деген сөздер шығуда. Осындай келеңсіздіктерден кейін Президент: "...денсаулық сақтау жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болған жоқ. Осы мәселе бойынша біз тергеу жүргіземіз және бұл жағдайдан сабақ аламыз», – деп отыр. Жөн-ақ. Әйтсе де, осы біздер кемшіліктеріміз бен қателіктерімізден сабақ алып болған жоқпыз ба? Қателіктерге жол беріп қойып, қашанғы "сабақ аламыз" деп қарап отыра береміз?! Қателіктің аты – қателік! Қайталана берген қателік қателік емес, ол біздің ештеңе үйренбейтін, еш нәрседен тәлім алмайтын нәкөстігімізді білдіреді. Сондықтан Мемлекет басшысы Тоқаевтан екі тізгін, бір шылбырды қымтап ұстау керек дегенді ел болып талап етеміз. Президент – ол алдымен Президент. Бетімен кеткен қаржылық топтар мен ашынған халықтың арасында Қаскең бұдан былай елші болып отырмауы керек. Ел іші күйзеліп, күңіреніп жатыр. Ел Президенттен батыл әрекеттер мен пәрмен күтеді, - деп сөзін қорытындылады ол. 


Өзгелердің жаңалығы