Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Батыс Қазақстан облысында емдеу тәртібін бұзып, дәрігерлерге бағынбаған азаматтарға әкімшілік қаулы толтырылды.
Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюпов мәлімдеді, деп хабарлайды "Хабар 24".Өткен жұма күні облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында жатқан науқастар есікті бұзып шығып, өздерін үйлеріне жіберуді талап еткен еді. Олардың барлығы да Ресейде вахталық әдіспен еңбек етіп, жуырда елге оралғандар. Шекарада тексеріс кезінде қандарынан вирус табылған соң шұғыл ауруханаға жатқызылған. Алайда, бойынан аурудың айқын белгілері байқалмағандықтан, олар өзін "саумыз" деп санайды.
Дәрігерлердің айтуынша, сырқат симптомдарының болмауы – аурудың ерте кезеңде анықталып, уақытылы ем қабылдауының нәтижесі.
Дәрігерлерге көнбей, анализ нәтижелеріне сенбей, медперсонал мен полиция қызметкерлеріне ауру жұқтыру қаупін тудырып жүрген науқастармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Емдеу мекемесінің ережесін жиі бұзғандарына шара қолданылады. Айта кетерлігі, олардан вирус ерте анықталып, ем ала бастағасын инфекцияның дамуы тежелген. Әйтпесе, сырқат симптомдары болмауы – сау деген сөз емес. Олар қашан сараптама екі рет теріс нәтиже көрсеткенге дейін емделеді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюпов.