Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысында түзеу мекемесінде де ақ халатты абзал жандар қызмет атқарып келеді, деп хабарлайды Polisia.kz.
ШҚО бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Семей қаласындағы ОВ-156/16 мекемесінде бүгінгі күні қызмет атқарып жүрген ақ халатты абзал жандар аянбай еңбек етеді.Сотталғандардың денсаулығына аса мән беріп, дерттеріне дер кезінде дауа іздеп, дамыл таппайтын дәрігерлердің қоғамдағы алар орны ерекше. Осындай міндетті ерекше жауапкершілікпен атқарып жүрген мекеменің медицина пунктінде сотталғандардың денсаулығын қадағалау бойынша үш медицина қызметкері қызмет көрсетеді. Ақ халатты абзал жандар өздеріне тиісті дәрігерлік міндеттерін адал атқарып келеді.
Мекеме медицина пункті арнайы медициналық жабдықтармен, ем-шара жүргізуге арналған құралдармен сондай-ақ, арнайы дәрі-дірмектермен қамтамасыз етілген. Бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған коронавирус (COVID-19) ауруының алдын алу шараларын ұйымдастыру да бұл мекемеде басты орынға қойылған. Мекеме қызметкерлері мен жазасын өтеушілер денсаулықтарын қорғау мақсатында күнделікті таңертең медицина қызметкерлерінен медициналық қарап тексеруден өтеді, жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау және аурудың алдын алу шаралары бойынша мекемеде жасалған жұмыстар қатаң сақталуда, сонымен қатар кеңінен түсіндіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр, – деді мекеме басшысы Адлет Рахимжанов.