Нұр-Сұлтан, BAQ. KZ тілшісі. Денсаулық сақтау министрлігі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттарды жеткізуде іркілісті алдын алу бойынша кешенді жұмыс жүргізуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова хабарлады.
"Бір жыл бұрын тегін дәрі-дәрмектерді жеткізудегі іркілістер туралы көптеген шағымдардың аясында, онымен қоса сатып алу уақытында жүргізілетін дәрілерге де 2018 жылдың наурыз-сәуір айларында министрлік тексеру жүргізу үшін өңірлерде мониторингтік топтар құру туралы шешім қабылданды", - дейді Людмила Бюрабекова.
Бас прокуратураның тергеу қорытындысы бойынша, өңірлерде бүгінгі күні 20-дан астам қылмыстық іс қозғалған.
Сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың тапсырмасымен 2018 жылы Қазақстанның 70 медициналық мекемесінде психиатриалық, онкологиялық аурулармен, АИТВ/ЖИТС және туберкулезбен ауыратын науқастарға дәрілік заттарды ұтымды пайдалануды және науқастардың дәрілік заттармен қамтамасыз етілуін талдау мониторингі жүргізілген.
Ол мониторинг нәтижелері бойынша қажеттіліктің дұрыс емес (артық) қалыптасуы, науқастардың дәрілік заттармен толық көлемде және тұрақты емес қамтамасыз етілуі, дәрілік заттарды тиімсіз пайдалану және науқастарды тұтыну нормасынан тыс препараттармен қамтамасыз ету, берілген рецептілер туралы жазбалардың болмауы, медициналық ұйымдардың дәрілік формулярына дәлелденген клиникалық тиімділігі жоқ препараттарды енгізу, бекітілген шекті бағадан асатын баға бойынша дәрілік препараттарды өз бетінше сатып алу фактілерін анықтағанын, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жататын диспансерлік науқастардың тіркелімде болмауы, жазылған рецептердің ақпараттық жүйеде және науқастың амбулаториялық картасында дәрілік заттардың саны бойынша сәйкес келмеуін айтты. Мониторингтің барлық материалдары шаралар қабылдау үшін ҚР Бас прокуратурасына берілді.
"Сонымен қатар, әр аймақтан ҚР ДСМ Фармация комитетінің аумақтық департамент өкілдерінің қатысуымен өңірлерде тоғыспалы тексерулер түрінде мониторингтің екінші кезеңі басталды. Мониторингтің аяқталу мерзімі - 29 сәуір", - дейді ол.