Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кэти Личпен кездесу өткізді.
Тараптар денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
Кездесу басында А.Цой Кэти Лич мырзаға ілтипат білдіріп, Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалуымен құттықтады. Министр Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясының жыл сайынғы отырысын өткізу ынтымақтастықтың маңызды мәселелерінің кең ауқымын қамтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
А. Цой Денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығына назар аударып, Кэти Лич ханымды экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және инфекцияның таралуына қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ COVID-19 таралуының алдын алу және денсаулық сақтау жүйесінің сырқаттанушылықты көтеруге дайындығын қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар туралы хабардар етті. Осылайша, COVID-19 таралуын бақылау, сондай-ақ жұқтыру ошақтарын уақтылы оқшаулау мақсатында ҚР-да «Ashyq» мобильді қосымшасы әзірленді, ол азаматтың эпидемиологиялық мәртебесін айқындауға мүмкіндік береді, электрондық вакцинация паспорты әзірленді және енгізілді, ол Egov mobile мобильді қосымшасымен интеграцияланған.
Қазақстандық электрондық вакцинация төлқұжатын 6 ел мойындады: Венгрия, Таиланд, Моңғолия, Грузия, Қырғыз Республикасы және Молдова Республикасы. Бүгінгі таңда басқа елдермен вакцинациялау паспорттарын өзара тану мәселесі пысықталуда. Осыған байланысты, Қазақстан мен Ұлыбританияның вакцинацияланған азаматтарының трансшекаралық орын ауыстыруы үшін шектеулерді жою жөніндегі мәселенің маңыздылығы мен өзектілігін атап өтіп, вакцинация сертификаттарын өзара тану мәселесін қарастыруды ұсынамыз, - деді А.Цой.
COVID-19 таралуына байланысты сақталып отырған тұрақсыз жағдайды ескере отырып, Министр ағымдағы эпидемиологиялық жағдай, сондай-ақ оны тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан шаралар бойынша тұрақты ақпарат алмасу түрінде әріптестікті жандандыруды ұсынды.
Кездесу соңында А. Цой Ұлыбританияның МСАК жөніндегі Астана декларациясын ілгерілету жөніндегі Достық елдер тобына қосылуына және бастапқы буын деңгейінде медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуға бағытталған бірлескен іс-шараларды іске асыруға қатысуына мүдделілігін білдірді. Сондай-ақ, қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға дайындығын білдірді.