Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «Ashyq» жобасының жұмысы туралы және кейбір азаматтардың оқшаулау режимін сақтамайтыны туралы айтты.
Айта кетейік, кәсіпкерлік объектілерінің қызметі мен эпидемиологиялық жағдай арасындағы теңгерімді сақтау мақсатында 18 қаңтардан бастап пилоттық режимде «Ashyq» жобасы іске қосылды. Жоба 26 сәуірден бастап бүкіл өңірге таралды.
Бүгінгі таңда ашық жүйесі барлық қызмет саласындағы 6 мыңға жуық нысанды қамтиды, жүйеге 1,4 млн пайдаланушы тіркелген. «Ashyq» енгізілген сәттен бастап «қызыл» және «сары» мәртебесі бар 3 256 келуші анықталды, оның ішінде 1 867 ПТР-тестінің оң нәтижесі бар науқастар және 1 389 байланыста болған адамдар, - деді министр.
Сонымен қатар 12 мамырдан бастап пилоттық режимде Нұр-Сұлтан қалаларының әуежайларында және 21 мамырдан бастап Алматыда «Ashyq» қосымшасы пайдаланылады. Бұл ПТР-тестінің оң нәтижесі бар 37 науқасты және 37 байланыста болған адамды анықтауға және персонал мен келушілерді қауіпсіздендіруге мүмкіндік берді.
Статистика көрсеткендей, өкінішке қарай, кейбір жауапсыз азаматтар үйде оқшаулау режимін сақтамайды, халық көп жиналатын нысандарға баруға, көпшілік ішінде жүруге тырысады, осылайша ұшақтағы басқа келушілер мен жолаушылар үшін инфекция қаупін тудырады, - деп Цой айтты.
Министр сөз соңында жобаны енгізу және қолданыс аймағын кеңейту жалғасып жатқанын айтты.