Цой. Алдағы үш жылда медицина қызметкерлерінің жалақысы өседі

25 Желтоқсан 2020, 20:43
1488
Бөлісу:
Цой. Алдағы үш жылда медицина қызметкерлерінің жалақысы өседі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой іссапармен Павлодар облысына барды. Министр сапар барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру үшін арнайы кездесулер өткізді.

Облыс активімен жүздесу барысында министр өңірдегі эпидемиологиялық жағдаймен жеке танысты.

Министр Павлодар қаласындағы №3 емханаға барып, цифрландыру аясында атқарылған жұмыстармен және коронавирус инфекциясына қарсы күрес жөніндегі іс-шаралармен танысты. Қазір емханада ЖРВИ, пневмония, КВИ-ге шалдыққандардың шақыруына қызмет көрсету үшін 13 мобильді бригада құрылды, сондай-ақ мамандарды жедел және ұтымды пайдалану мақсатында сырқат саны өскен кезде болжамды индикаторлар айқындалды.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы дәрігерлердің қашықтан қабылдап және кеңес беруіне мүмкіндік жасаған медициналық ақпараттық жүйемен танысты, бұл пациенттердің емханаға баруын және карантин  кезінде науқастардың медицина қызметкерлерімен байланысын азайтуға мүмкіндік береді. ЖРВИ, пневмония, КВИ диагнозы қойылған бақылаудағы барлық пациент аудио және бейне қоңыраумен қамтылған.

2020 жыл денсаулық сақтау жүйесі үшін де, медицина қызметкерлері үшін де үлкен сынақ болды. Коронавируспен күресте алдыңғы қатарда тұрған медициналық ұйымдардың ұжымына алғыс айтқым келеді. Президенттің тапсырмасы бойынша алдағы үш жылда медицина қызметкерлерінің жалақысы өседі және 2023 жылға қарай ол экономикадағы орташа жалақыдан екі есеге артады. Осы мақсатта 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасында 1,1 трлн астам теңге қарастырылған, - деді А.Цой.

Сапар соңында министр Павлодар облысындағы медициналық ұйымдардың жұмысын жоғары бағалады.

Өзгелердің жаңалығы