- Мұқаба
- Жаңалықтар
- COVID-тен кейінгі қорқыныш: Хантавирус шынайы қауіп пе, әлде үрей ме?
COVID-тен кейінгі қорқыныш: Хантавирус шынайы қауіп пе, әлде үрей ме?
ДДСҰ, психологтар мен санитарлық мамандар хантавирусқа қатысты қоғамдағы алаңдаушылықтың себебі мен нақты қауіп деңгейін түсіндірді.
Бүгiн 2026, 16:52
COVID-19 пандемиясынан кейін әлем кез келген жаңа вирус туралы ақпаратқа алаңдай қарайтын болды. Соңғы апталарда Еуропада хантавирусқа қатысты жаңалықтардың жиілеуі, круиздік кемедегі ауыр жағдайлар мен әлеуметтік желідегі дабылды жазбалар қоғамдағы үрейді қайта күшейтті. Алайда мамандар хантавирусты COVID-19 секілді жаңа пандемиямен салыстыруға әзірге негіз жоғын айтады. BAQ.KZ тілшісі қоғамды алаңдатқан сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Хантавирусқа қатысты жағдай қаншалықты қауіпті?
ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің вакцинамен басқарылатын инфекциялар және иммундау бағдарламаларының үйлестірушісі, денсаулық сақтау саласының сарапшысы Қанат Суханбердиевтің айтуынша, ұйым жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр.
ДДСҰ ресми ақпаратты ұлттық эпидемиологиялық қадағалау жүйелері арқылы, сондай-ақ Халықаралық медициналық-санитарлық ережелер аясында алады. Қазіргі уақытта халық үшін жалпы қауіп төмен деп бағаланып отыр. Себебі хантавирустар, әдетте, адамнан адамға оңай жұқпайды. Көп жағдайда инфекция кеміргіштермен немесе олардың зәрі, нәжісі, сілекейі арқылы ластанған ортамен байланыс кезінде таралады. Әсіресе жабық әрі нашар желдетілетін орындарда қауіп жоғары болуы мүмкін. Сондықтан негізгі сақтық шарасы – адамдар арасындағы қарым-қатынасты шектеу емес, кеміргіштермен байланысты азайту және санитариялық тазалықты дұрыс жүргізу, – деді ол.
Сарапшының сөзінше, соңғы апталардағы алаңдаушылыққа MV Hondius круиздік кемесіне қатысты жағдай да әсер еткен. Онда хантавирус жұқтырғандар, соның ішінде көз жұмғандар тіркелген.
Бұл оқиға халықаралық деңгейде қаралып жатыр. Эпидемиологиялық зерттеу, зертханалық диагностика, науқастарды оқшаулау және емдеу, кемедегі санитариялық шаралар жүргізілді. Бірақ мұндай резонансты жағдайлардың өзі хантавирусты “жаңа пандемия” деңгейіндегі қауіп ретінде қарастыруға негіз болмайды. Оның таралу жолы ауа арқылы тез тарайтын респираторлық вирустардан бөлек, – деді Қанат Суханбердиев.
Жұрт неге қайта маска туралы айта бастады?
Мамандардың айтуынша, қазіргі алаңдаушылықтың бір бөлігі COVID-19 пандемиясынан кейін қалыптасқан психологиялық әсермен байланысты.
БҰҰ Балалар қоры ЮНИСЕФ-тің психикалық денсаулық жөніндегі кеңесшісі Сымбат Абдрахманова пандемия қоғамның қауіпсіздік сезімін түбегейлі өзгерткенін айтады.
COVID-19-дан кейін көп адам “вирус”, “індет”, “өлім-жітім”, “карантин” деген сөздерге өте сезімтал болып қалды. ДДСҰ дерегінше, пандемияның алғашқы жылында әлемде үрей мен депрессиялық бұзылыстар шамамен 25 пайызға артқан. Әсіресе жастар мен медицина қызметкерлері мұны ауыр өткерді. Қазір жаңа вирус туралы кез келген ақпарат бұрынғы пандемиялық сценарийді еске түсіреді. Адамдар тез таралу, шектеулер, маска, белгісіздік секілді жағдайларды қайта елестете бастайды, – деді ол.
Психолог әлеуметтік желідегі дабылды ақпараттардың да қоғам көңіл күйіне әсер ететінін айтады.
Психологияда мұны эмоциялық жұғу деп түсіндіреді. Адам күн сайын жаңа вирус, қауіп немесе карантин туралы мазасыз контент көрсе, ми оны шынайы әрі жақын қауіп ретінде қабылдай бастайды. ДДСҰ пандемия кезіндегі ақпараттық дүрбелеңді “инфодемия” деп атаған. Яғни жалған немесе шамадан тыс ақпарат қоғамдағы қорқынышты күшейтеді. Сондықтан эмоция мен нақты деректі ажырату өте маңызды, – деді Сымбат Абдрахманова.
Оның айтуынша, әсіресе жастар эмоциялық контентке тез әсерленеді.
Әлеуметтік желідегі расталмаған ақпарат адамдардың қоғамдық орындардан қашқақтауына, тұрақты стресс жағдайында жүруіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан тек ресми және ғылыми дереккөздерге сүйену қажет. Сенсациялық тақырыптарды бірден шындық ретінде қабылдай бермеген дұрыс, – деді маман.
Қазақстандағы жағдай қандай?
ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаевтың айтуынша, Қазақстандағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
2026 жылдың алғашқы төрт айында шетелден келген 2,1 миллионнан астам жолаушы термометриямен қамтылды. Олардың ішінде дене қызуы жоғары 28 адам анықталды. Қазіргі таңда елдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты, – деді ол.
Ведомство өкілінің түсіндіруінше, Andes orthohantavirus вирусының негізгі резервуары – Аргентина мен Чилиде таралған ұзынқұйрықты күріш тышқаны.
Негізгі берілу жолдары – кеміргіштердің бөлінділерімен ластанған аэрозольдерді тыныс алу, жұқтырылған беткейлермен байланыс, сирек жағдайда кеміргіштердің шағуы. Andes вирусының ерекшелігі – басқа ортохантавирустардан айырмашылығы, ол адамдар арасында шектеулі түрде берілуі мүмкін. Бірақ бұл көбіне аурудың бастапқы кезеңінде ұзақ әрі тығыз байланыс кезінде байқалады, – деді Жасұлан Алпысбаев.
Оның сөзінше, инфекцияның таралуына жабық кеңістіктер, желдетудің нашар болуы, халықаралық қозғалыс пен адамдардың ұзақ уақыт бірге болуы әсер етуі мүмкін.
Қандай сақтық шараларын ұстанған жөн?
ДСМ-нің мәлімдеуінше, хантавирустан қорғанудың ең тиімді жолы – кеміргіштермен байланысты азайту.
Жасұлан Алпысбаев шетелге шығатын азаматтарға бірнеше негізгі ұсыныс айтты.
Кеміргіштер болуы мүмкін орындарға бармаған жөн. Ластануы мүмкін азық-түлік пен суды пайдаланбау керек. Жабық үй-жайларда алдымен желдету жүргізіп, кейін ылғалды тазалық жасаған дұрыс. Құрғақ сыпыру немесе шаңсорғыш пайдалану қауіпті күшейтуі мүмкін. Мұндай жағдайда қолғап пен маска қолданған жөн, – деді ол.
Сондай-ақ мамандар кеміргіштермен байланыстан кейін әлсіздік, жоғары температура, бұлшықет ауруы, жөтел немесе ентігу байқалса, бірден дәрігерге қаралу қажет екенін ескертеді.
Ең бастысы – өздігінен емделмеу және шетелде болғаныңызды міндетті түрде дәрігерге айту, – деді комитет өкілі.
Үрей мен шынайы қауіптің арасы
Сарапшылардың ортақ пікірі бір жерден шығады: хантавирусқа жеңіл қарауға болмайды, бірақ оны жаңа жаһандық пандемия ретінде қабылдап, жаппай үрейге берілудің де қажеті жоқ.
Қазіргі жағдайда ең маңыздысы – эмоцияға емес, ресми ақпаратқа сүйену. Мамандардың айтуынша, қоғамдағы алаңдаушылық COVID-19-дан кейінгі психологиялық әсермен де байланысты. Ал нақты қорғаныс жолы – қарапайым санитариялық сақтық, тазалық және ақпараттық сауаттылық.
Ең оқылған:
Мақпал ОРЫНБЕК