COVID-тен кейінгі ең қауіпті кезең: Конгода Эбола өршіп барады

Конго Демократиялық Республикасында Эбола жұқтырғандар саны 782 адамға жетті. Сарапшылар жағдайды келесі жаһандық індетке дайындықтың маңызды сынағы деп бағалап отыр.

 istockphoto.com Бүгiн 2026, 18:41
Бүгiн 2026, 18:41
118
Фото: istockphoto.com

Конго Демократиялық Республикасында Эбола безгегінің таралуы алаңдатарлық деңгейге жетті. Ел билігінің соңғы мәліметіне сәйкес, расталған науқастар саны 782 адамға жеткен. Қайтыс болғандар саны – 181. Бір тәуліктің өзінде тағы 72 адамнан вирус анықталған. Бұл індет басталғалы бергі ең жоғары тәуліктік көрсеткіш саналады.

Мамандарды алаңдатқан тағы бір жайт – вирустың жаңа аумақтарға таралуы. Бұған дейін тіркелмеген Итури провинциясындағы Ниа-Ниа мен Солтүстік Кивудағы Мабалако денсаулық сақтау аймақтарында да Эбола жағдайлары алғаш рет расталды.

Індет биыл 15 мамырда елдің шығысындағы Итури провинциясында тіркелген болатын. Кейін ауру Солтүстік Киву мен Оңтүстік Киву өңірлеріне де тарады.

Қазіргі таңда Итуридегі 36 денсаулық сақтау аймағының 20-сында вирус анықталған. Солтүстік Кивудағы 34 аймақтың 10-ында жұқтыру деректері тіркелсе, Оңтүстік Кивудың бір аймағында Эбола расталған.

Халықаралық сарапшылар бұл жағдайды тек жергілікті эпидемиологиялық мәселе ретінде ғана емес, жаһандық қауіптің белгісі ретінде қарастырып отыр.

Financial Times басылымының жазуынша, Конгодағы қазіргі ахуал әлемнің келесі пандемияға қаншалықты дайын екенін көрсететін маңызды сынаққа айналған.

Сарапшылардың пікірінше, COVID-19 пандемиясынан кейін халықаралық денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндігі әлсіреп, ғылымға деген қоғамдық сенім төмендеген. Соның салдарынан жаңа індеттерге қарсы әрекет ету тетіктері бұрынғыдан әлдеқайда осал күйге түскен.

Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңестің жаһандық денсаулық сақтау бағдарламасының директоры Томас Боллики қазіргі жағдайды ерекше алаңдаушылықпен бағалайды.

COVID-тен кейін қоғамдық және жаһандық денсаулық сақтау саласына деген сенімсіздік күшейді. Соның салдарынан біз бұрынғыға қарағанда әлдеқайда осал жағдайда қалып отырмыз, – дейді ол.

Мамандардың айтуынша, қазіргі жағдай ғылымда жиі айтылатын «Х ауруына» дайындықтың өзіндік сынағы болып отыр. Бұл – болашақта жаңа пандемияға себеп болуы мүмкін, әзірге белгісіз қоздырғыштың шартты атауы.

Томас Болликидің пікірінше, дәл қазір халықаралық қауымдастықтың күш біріктіретін уақыты келген.

Егер әлем жаһандық денсаулық сақтау саласында табысқа жетуі керек кезең болса, ол – дәл қазіргі уақыт, – деп мәлімдеді сарапшы.

Сарапшыларды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың қысқаруы. Мәселен, АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шыққаннан кейін ұйым қаржылық қиындықтарға тап болып, қызметкерлерінің шамамен төрттен бірін қысқартуға мәжбүр болған.

Соған қарамастан мамандар Эбола вирусының өзі келесі жаһандық пандемияға себеп болады деп санамайды. Дегенмен оның аса қауіпті ауру екеніне күмән жоқ. Вирус ағзадағы сұйықтықтың күрт азаюына, қан кетуге және ішкі ағзалардың жұмысының бұзылуына әкелуі мүмкін. Ауру кей жағдайда бірнеше күннің ішінде, ал кейде бірнеше апта ішінде өлімге соқтырады.

Айта кетейік, 15 мамырда Конго Демократиялық Республикасының билігі Эболаның жаңа өршуі туралы ресми мәлімдеген еді. Бұл жолы індетті Bundibugyo деп аталатын сирек кездесетін вирус штаммы тудырған. Қазіргі уақытта оған қарсы әлемде ресми тіркелген вакцина да, арнайы емдеу тәсілі де жоқ.

Айта кетейік, Эбола безгегі – Эбола вирусынан туындайтын аса қауіпті жұқпалы ауру. Ол өлім-жітім деңгейі жоғары инфекциялар қатарына жатады.

Наверх