COVID-19 жұқтырғандардың тәуліктегі өсімі 2,1 пайызға дейін төмендеді

26 Шілде 2020, 21:07
1357
Бөлісу:
COVID-19 жұқтырғандардың тәуліктегі өсімі 2,1 пайызға дейін төмендеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында қабылданған шаралардың арқасында қазір COVID-19 жұқтырғандардың бір тәуліктегі өсімі 4 пайыздан 2,1 пайызға дейін төмендеді. 

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрліктің баспасөз қызметі Telegram парақшасында хабарлады. 

Сондай-ақ, коронавирустан сауығып кеткен пациенттердің саны 63 пайызға артқанын атап өту қажет. Елімізде COVID-19 шалдыққан науқастар қатары кезең-кезеңмен азаюда.

Енді бір рет пайдаланылатын медициналық үш қабатты масканың бөлшек саудадағы бағасы 85 теңге болады. Қыркүйек айына дейін алғашқы желі қызметкерлерінің жеке қорғану құралдарының резерві жасақталады. Қосымша 41 млн.маска, 27 млн. қолғап және 379 мың қорғаныш костюм, сондай-ақ 1,2 млн. ПТР тест сатып алынады.
Қазір зертханалардың  қуаты жедел  артып келеді. Тәулігіне 32 мың тест жасай алатын 59 мемлекеттік және жеке зертхана іске қосылды. Биыл 1 тамызға қарай зертханалардың қуаты тәулігіне 35,6 мыңға, 1 қыркүйекке дейін тәулігіне 64 мыңға жетеді.

Бүгінде инфекциялық және провизорлық стационарларда 1 958 ӨЖЖ аппараты бар, әкімдіктермен бірлесіп қосымша 4 183 аппарат, сондай-ақ 21 мыңнан астам оттегі концентраторы мен пациенттерге оттегі беру үшін медициналық газ қамтамасыз ететін жүйелер сатып алынады.

Осылайша, қабылданған кешенді шаралар  медициналық көмектің сапасын айтарлықтай жақсартуға көмектеседі.

КВИ шалдыққан науқастарға арналған реанимациялық бөлімге түскендер саны да 73 пайыздан 54 пайызға дейін төмендеді.

Эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғалы медициналық көмекке қолжетімділік жақсарды, провизорлық және инфекциялық стационарлардың жүгі айтарлықтай азайды.

Осылайша, провизорлық орындарға түскендер саны 40 пайызға (89 пайыздан 49 пайызға дейін), реанимациялық төсектерді – 19 пайызға (73 пайыздан 54 пайызға дейін) төмендеді.

Бұған қарамастан, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазір COVID-19 бен пневмониясы бар пациенттерді емдеу үшін қажетті стационарлық төсек-орын саны жеткілікті, жалпы төсек қоры 21,7 мыңға өсті: 30,4-тен 52,1 мың төсек-орынға дейін.
Бұл динамиканың тұрақталғанын көрсетеді. Дәрігерлер  бұрынғы жұмыс режиміне қайта оралады, шаралар жүйелі түрде жүзеге асырыла бастады, – деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Өзгелердің жаңалығы