Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Коронавирус пен пневмонияға шалдыққан науқастарды емдеу үшін наурыз-мамыр аралығында елорда стационарларына 62,9 мың төсекке күніне 811,4 млн теңге төленді. Осы аралықта карантиндік стационарларға 16,3 мың емделген күні мен төсек орнына, провизорлық стационарларға – 17,5 мың емделген күні мен төсек орнына, жұқпалы аурулар стационарларына 29,1 мың емделген күні мен төсек орнына қаржы төленді. Бұған пациенттің стационардағы орны, аурудың диагностикасы мен емі кіреді.
Қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесінде төсек-орын қорын ұлғайту қажеттілігі туындап отыр. Қазақстандықтарға стацонарлық деңгейде медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту үшін Қор шілде айында медициналық ұйымдарына деген тарифті көтерді.
Медициналық сақтандыру қорының пайымдауынша, аталған қызметтерге тарифтің жоғарылауы Қор жеткізушілерінің санын көбейтуге, коронавирус пен пневмонияға шалдыққан науқастарды емдеуге, жеке ауруханаларды тартуға және стационарлардағы медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.