Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Науқастың айтуынша, ол денсаулығындағы кінәратты 28 шілдеде байқап, үйде өздігінен ем қабылдай бастаған.
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 көпбейінді қалалық ауруханадан коронавирус дерті бар соңғы пациент жазылып шықты.
1967 жылғы науқас инфекциялық стационарға 4 тамыз күні түскен. Анализ тапсыру барысында науқаста екіжақты вирустық пневмонияның бары анықталған.
Баян Субкангулованың айтуынша, ол денсаулығындағы кәніратты 28 маусымда байқап, үйде өздігінен ем қабылдай бастаған.
Алайда, жағдайы жақсармаған соң ауруханаға барып көрінуге бел байқайды. Дәрігерлер науқастың жағдайын байқап, бірден ем-дом шараларына кірісіп кетеді.
Әуелде тамағым ауырғанына аса мән бермедім. Екінші аптадан соң иіс, дәм сезуден қалдым. Әлсіреу басталды. Сосын бірден дәрігер шақыртып, ауруханаға келдім. Аурухананың барлық медициналық персоналына алғысым шексіз. Бізге мұнда үйдегідей жағдай жасап, жылы қарым-қатынас көрсетті. Мұнда дәрігерлердің дәрі-дәрмекпен ғана емес, рухани жағынан да көмек бере алатынына көзім жетті, - дейді ол.№1 көпбейінді қалалық аурухана директорының міндетін атқарушы Марат Әбдуовтың мәліметінше, карантиннің барлық кезеңінде аталмыш стационарға бас-аяғы 367 дәрігер тартылған.
Ауруханада екі блок бар, бірі 185 төсек-орынға шақталған акушерлік блок, ол 17 маусымнан, ал, 600 адамға шақталған клиникалық блок 24 маусымнан бастап инфекциялық режимде жұмыс істей бастады. Осы аралықта клиникалық блок 3800-ден астам, акушерлік блокта 800-ден астам науқасты емдеп шығардық. Соңғы блокта осы кезеңде 350 сәби дүниеге келді. Бүгін екіжақты пневмониямен ауырып түскен соңғы пациентімізді үйге шығарып жатырмыз. Жағдайы өте жақсы. Медицина қызметкерлеріне түскен жүктеме мөлшері көп болса да, дәрігерлер, медбикелер, санитарлар бір кісідей жұмылып, қиындықты бірге еңсерді, - деді ол.Марат Әбдуов Денсаулық сақтау басқармасы, қала басшылығы қиын кезеңде қол ұшын беріп, медикаменттермен, әлеуметтік қорғаныш заттарымен, тиісті құрылғылармен қамтамасыз еткенін жеткізді.
Стационардың барлық қызметкері тексерістен өтті, тест нәтижесі жақсы. Сондықтан, әдеттегі жұмыс режиміне ауысамыз. Коронавирус инфекциясының екінші толқыны бола қалған жағдайда стационар инфекциялық режимге бірден кірісіп кете алады, - дейді дәрігер.18 тамыздан бастап №1 көпбейінді қалалық аурухана инфекциялық стационар ретіндегі міндетін аяқтап, штаттық режимдегі жұмысын бастайды.