Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді атынан Қазақстан азаматтары Темірлан Закир мен Ольга Жабинаға 2020 жылғы көктемде COVID-19 пандемиясы жағдайында отандастарымызды Отанына қайтару кезінде көрсеткен практикалық көмегі мен патриотизмі үшін алғыс хаттар тапсыру рәсімі өтті.
Іс-шара Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Шахрат Нұрышевтің қатысуымен өтті, ал Алматы қаласында алғыс хатты СІМ Өкілдігінің басшысы Ерлан Ысқақов табыс етті.
Марапатталған тұлғалар 2020 жылғы 2 сәуірде Кипрден 32 және Болгариядан – 2 отандасымызды Қазақстан Қорғаныс министрлігінің әскери-көлік авиациясының ұшағымен «Ларнака – Варна – Ақтау» бағыты бойынша арнайы рейсті ұйымдастыруға белсенді қатысты.
Коронавирустық инфекцияның жаһандық таралуына байланысты қазақстандықтардың аталған тобы өмір сүруге қаражатсыз қалып, күрделі жағдайдағы көптеген адамдардың қатарында болды. Бұл ерекше рейстің жолаушылары арасында балалары бар аналар, жүкті әйелдер және студенттер болды.
Ұшуды ұйымдастыру кезіндегі басқа да күрделі жағдай - Қазақстанның Кипрдегі шетелдік мекемесінің болмауы. Осыған орай логистика мәселелерін шешу үшін ҚР Болгариядағы Елшілігінің консулы Айбол Әліпов Ларнакаға уақытша іссапарға жіберілді.
Барлық қиындықтарға қарамастан, сондай-ақ дипломаттар мен біздің отандастарымыздың үйлесімді күш-жігерінің арқасында барлық жолаушылар өз Отанына аман-есен орала алды.
Жалпы, Қазақстан СІМ-нің COVID-19 таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел штабының және ҚР шет елдердегі мекемелерінің көмегімен пандемия басталғаннан бері (2020 жылдың қорытындысы бойынша) әлемнің 72 елінен 33 мыңнан астам ҚР азаматы елге оралды.