Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл мәселеге қатысты Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрлігінің басшылары жауап берді.
Биыл алты ай ішінде елімізде коронавирустан 785 адам қайтыс болды. Олардың басым көпшілігі вирус қатты өршіген қаңтар-ақпан айларында өмірден өтті. Атап айтқанда, қаңтарда – 311 адам, ақпанда – 411 адам, наурызда – 54 адам, сәуірде – 3, мамырда – 3, маусымда – 1, шілдеде – 2 адам қайтыс болды, - деді Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник.
Ал бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетованың айтуынша, коронавирус салдарынан орын алған өлім-жітім деректерін ведомство жарияламай жүр.
Бізде өлім-жітім аз орын алатын әрі ағымы жеңіл Омикрон штамы басым. Маусым айынан бастап коронавирустан қайтыс болған бірлі-жарым дерек қана тіркелді. Сондықтан оны жариялаудың қажеті жоқ деп есептейміз. Егер науқастардың қаншасы қайтыс болғаны туралы сұрақтарыңыз болса, жекеше тұрғыда бұл ақпаратқа қол жеткізуге болады, - деп түсіндірді ведомство басшысы.