Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС өндірістік аумағында баспасөз туры өтті. Мекеменің бас директоры Сергей Барон, сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасы орынбасары Нұрлыбек Асылбек БАҚ өкілдерін коронавирус инфекциясына қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасының өндірісімен таныстырды.
2020 жылғы 26 тамызда «СҚ-Фармация» мен Ресейдің тікелей инвестициялар қоры (РТИҚ) коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасының кепілдік берілген көлемін бөлу туралы өзара түсіністік келісіміне қол қойды.
2020 жылғы 11 қарашада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен РФ Президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлескенде пандемиямен күресте ынтымақтастықты жандандыруды, ҚР аумағында вакциналарды бірлесіп өндіруді ұйымдастыру жөніндегі жоспарларды талқылады.
2020 жылғы 4 желтоқсанда РТИҚ ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен ынтымақтастық туралы келісім жасасты және 2020 жылғы 13 желтоқсанда «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС препараттың тәжірибелік сериясын өндіру үшін 6 мың доза көлемінде субстанция алды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс тобымен, РТИҚ-ның және «Генерум» компаниясының серіктестерімен бірге жол картасы әзірленді, барлық мәселе күн сайын талқылануда. Біз қысқа мерзім ішінде технология трансферін, өндірісті дайындауды, тоңазытқышпен жабдықтауды, персоналды оқыттық, оның сапасын зерттеп және Қазақстанда тіркеу үшін вакцинаның тәжірибелік сериясын шығаруға кірістік, - деді Сергей Барон.
Вакцина 2020 жылғы 24 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 21 қаңтарға дейін Н.Ф. Гамалея атындағы ЭМҒЗИ-да сапасын бақылаудан өтеді. Тексеру сәтті болған жағдайда 2021 жылғы 26 қаңтардан 11 ақпанға дейін препаратты Қазақстан Республикасында тіркеу жоспарлануда.
Өзіміз өндірген вакцинаны толық тіркеп және бірінші партияны 2021 жылдың 12 ақпанына дейін РТИҚ-на тапсыруды жоспарлап отырмыз. «СҚ-Фармация» ЖШС бірыңғай дистрибьюторына вакцинаны жеткізуші және өнімнің иесі Ресейдің тікелей инвестициялар қоры, - деді Сергей Барон.
2021 жылғы ақпанда «Спутник V» вакцинасының 80 мың дозасын, наурызда – 150 мың доза өндіру, ал сәуір айынан бастап 600 мың дозаға жетеді деп жоспарлануда.
Бастапқыда медицина қызметкерлерін, бірінші кезекте жұқпалы аурулар ауруханалары мен жедел медициналық жәрдем қызметкерлерін, сондай-ақ кәсібіне байланысты жұқтыру қаупі жоғары, қашықтықтан жұмыс істеу қиын немесе қолайсыз қызметкерлерді вакцинациялау көзделіп отыр, - деді Н. Асылбеков.
Алдын ала қажеттілік бойынша, иммунизацияның екі еселік кестесін ескере отырып, халықтың 20% иммундау үшін 6 млн дозадан, халықтың 50% үшін 20 млн дозаға дейін қажет. КВИ-ге қарсы вакциналардың ерекшелігін ескере отырып, вакцинацияны ұйымдастыру жоспары дайындалуда. КВИ-ге қарсы вакцинация жоспарлы профилактикалық егу жүргізетін медициналық ұйымдардың қолданыстағы егу кабинеттері базасында жүргізіледі.
Баспасөз туры барысында журналистер вакцинаның жұмыс істеу процесімен танысып, инъекциялық және лиофилизацияланған препараттар цехын, этикеткалау желісін, вакцинаны екінші рет буып-түю мен сақтауды көрді.