COVID-19: Әлемде вакцинаның 85 миллион дозасы салынды

30 Қаңтар 2021, 20:05
1207
Бөлісу:
COVID-19: Әлемде вакцинаның 85 миллион дозасы салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықты коронавирусқа қарсы вакцинациялауда көшбасшысы ел - Израиль. Мұнда 100 адамға шамамен 49 дозадан келеді.

Қаңтар айының аяғында әлемде коронавирустық вакцинаның 84,9 миллионнан астам дозасы салынды. Бұл әр 100 адамға 1,1 дозаға сәйкес келеді деген сөз. Бұған Our World in Data сайтының деректері дәлел бола алады.

Израиль халықты вакцинациялау жылдамдығы бойынша бірінші орында: әр 100 адамға 48,9 доза салынған.

Құрлықтар арасында да айтарлықтай алшақтық бар. Африкада вакцинация бағдарламалары әлі іске қосылмаған. Ал Солтүстік Америкада 100 адамға 4,7 доза салынған.

Аса бақуатты емес елдер COVAX бағдарламасына сүйеніп отыр. Оған сәйкес жыл соңына дейін олар 2 миллиард доза алуы керек.

Сайттың ақпаратына сәйкес, бүкіл әлемде сегіз түрлі вакцина енгізілген. Тиімділігі 95%-ды құрайтын Pfizer-BioNTech вакцинасы қазіргі уақытта 49 елде қолданылады. Тағы бірнеше ел вакциналарды мақұлдады, бірақ оларды салуды әлі бастаған жоқ. 

Вакциналардың барлығы толық қорғанысты қамтамасыз ету үшін екі дозадан енгізілуі керек.

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинация 1 ақпаннан басталмақ. ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жыл соңына дейін 6 миллион адамға екпе салу  жоспары барын мәлімдеген болатын.

Өзгелердің жаңалығы