Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг кезінде айтты.
2 сәуір мен 7 қазан аралығында елімізде 2551 бала коронавирус инфекциясын (ПТР+) жұқтырғаны анықталды. 5 қазандағы жағдай бойынша елде вирус жұқтырған балалардың 138-і мектеп жасында, оның 52-сі кезекші сыныптардан болса, 86-сы қашықтан оқу форматында оқитындар қатарынан тіркеліп отыр. Тағы бір жағдай мектеп-интернаттан анықталған. Бүгінде олардың барлығы 14 күндік карантинге жатқызылды, - деді ол.
Бағдат Қожахметов брифинг барысында COVID-19 инфекциясымен 74 баланың ауырып жатқанын жеткізді.
Бұған дейін Бағдат Қожахметов аталған брифинг барысында қатаң карантиннің қайта қабылдануы әбден мүмкін екенін айтты.Балалар арасында вирусты ең көп жұқтырған өңірлер бойынша Шығыс Қазақстан облысы (47 жағдай) көш бастап тұр. Одан кейін Солтүстік Қазақстан (12 жағдай), Павлодар (8 жағдай) облыстары. 10 бала немесе (14,3%) ауруханаға жатқызылса, 60 бала (85,7%) үй карантинінде. Жалпы, ауру 32 балада симптомсыз өтуде, 31 бала індеттің жеңіл түрімен ауырып жатыр, ал 7 бала орташа деңгейлі аурумен ауырып жатыр. Тағы бір баладан бактериялды пневмония бары анықталды. 46 оқушы дәрігерлердің бақылауында. Министрлік елдегі жағдайға алаңдаушылық білдіріп отыр. Сол себепті азаматтарды санитарлық талаптарды мұқият сақтауға шақырады, - деді ол.