Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық тараптың өтініші бойынша бүгін түнде Қытайдың Ухань қаласынан Ресей мен Өзбекстанның арнайы борттарымен біздің тағы 8 азаматымыз қауіпсіз жерге көшірілді.
Біздің бес азаматымыз Ташкент қаласында екі апталық дәрігерлердің бақылауында, ал қалған үшеуі Түмен қаласында қадағалауда болады.
Сондай-ақ, эвакуацияланғандар арасында осыған дейін ҚХР-ның эпидемиологиялық қызметтерімен дене қызуы салдарынан шығарылмаған Яньцзы Университетінің 1-курс студенті бар.
Отырғызу алдында Қазақстан Республикасы азаматтары қосымша медициналық тексеруден өтіп, олардың арасында дене қызуы немесе коронавирус симптомдары бар адамдар анықталған жоқ.
3 ақпан күні Қазақстан Ухань қаласынан өзінің 83 азаматын, соның ішінде 80 студентін эвауациялағанын еске саламыз.
"Өлім вирусының" ошағына айналған Ухань қаласынан елге эвакуацияланған азаматтар коронавирус жұқтырмаған. Бұл туралы еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин хабарлады.
Сондай-ақ, Қазақстан Қытайға коронавирусқа қарсы күрес мақсатында гуманитарлық көмек көрсетті.
Соңғы деректерге сүйенсек, 4 ақпан күні қауіпті вирустан тағы 65 адам көз жұмып, қайтыс болғандардың жалпы саны 492-ге жетті.