Comic Con Astana 2026: Әуесқой косплей байқауының жеңімпаздары анықталды

Фестиваль аясында ересектер 50-ден астам, ал балалар 30-ға жуық ерекше образды көпшілік назарына ұсынды.

 Астана қаласының әкімдігі 6 Тамыз 2026, 22:24
6 Тамыз 2026, 22:24
263
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Comic Con Astana 2026 фестивалінің алғашқы күнінде 80-нен астам қатысушы бақ сынаған әуесқой косплей байқауының жеңімпаздары белгілі болды.

Фестиваль аясында ересектер 50-ден астам, ал балалар 30-ға жуық ерекше образды көпшілік назарына ұсынды. Қатысушылар фильмдер, сериалдар, аниме және бейнеойын кейіпкерлерін сомдап, шеберліктерін көрсетті.

Ересектер мен балалар санатында бірінші орын иегерлеріне – 100 мың теңге, екінші орынға – 60 мың теңге, үшінші орынға – 40 мың теңге көлемінде сыйақы табысталды.

Биыл байқауда алғаш рет «Бейнеойындар бойынша үздік косплей» арнайы номинациясы енгізілді. Бұл аталым бойынша жеңімпаздарға планшет сыйға тартылды.

Ересектер арасында үшінші орынды League of Legends ойынындағы Акали образы, екінші орынды Эдуард қайшы-қол кейіпкері иеленді. Бас жүлдені тазалық қызметкерлерінің образын ұсынған «Алматинские бабочки» командасы жеңіп алды. Ал арнайы номинацияның жеңімпазы Baldur’s Gate 3 ойынындағы Астарион образын сомдаған қатысушы болды.

Балалар санатында үшінші орын Хосино Ай, екінші орын Кли кейіпкерінің образына бұйырды. Бас жүлдені «Жұлдызды соғыстар» ғаламындағы Джабба образын ұсынған қатысушы иеленсе, «Бейнеойындар бойынша үздік косплей» арнайы жүлдесі Линк образын таныстырған қатысушыға берілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау Comic Con Astana 2026 фестивалінің алғашқы күніндегі ең көп көрермен жинаған іс-шаралардың бірі болды. Фестиваль 9 тамызға дейін жалғасады. Алдағы күндері кәсіби косплей байқауы, халықаралық қонақтармен кездесулер және өзге де қызықты бағдарламалар өтеді.

Наверх