#Тәуелсіздік30: Цифрландырудағы толымды тоғыз табыс

30 Қараша 2021, 09:05
1821
Бөлісу:
#Тәуелсіздік30: Цифрландырудағы толымды тоғыз табыс

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде тәуелсіздіктің 30 жылда жеткен жетістіктерді саралап жатқан жайымыз бар. Бар саланы жеке-жеке алып, жіліктеп, оңтайлы тұсымызды асырып, кейін қалған жеріміз болса жасырып, жарыса жазуда. Бір қарағанда науқаншылық болып көрінуі ықтимал. 

Дегенмен жеткен бір межені түйіндеп алу – алға қарай жылжуға жеңілдік беретіндей. Осы бір тәуелсіздік табыстарының тізбегінде телекоммуникацияның төбесі ерекше биік көрінді. Себебі жетістікке жеткен қай саланы алсақ та, мейлі ол медицина болсын, мейлі ол білім, не ауылшаруашылық, немесе кәсіпкерлік, экономика, қаржы саласы болсын, барлығының табысы телекоммуникация секторымен тығыз байланысты. Нақты айтқанда, цифрландыру процесіне байлаулы. Сондықтан дәл осы саладағы өзгерістерді зерделеп көрейік.

#Тәуелсіздік30: Цифрландырудағы толымды тоғыз табыс

Қазақстан – ТМД елдері арасында цифрлық трансформацияда өзіндік сара жолын салған ел. Өйтпегенде ше, жер көлемі жағынан әлем бойынша 9-орында тұр. Қала мен ауылдары кең байтақ жердің төсіне шашыла қоныстанған, сондықтан арасы тым алшақ. Ал халқының жартысына жуығы (45%) ауылда тұрады. Цифрландыру процесін жалпыға қолжетімді ету үшін интернетті елдің түкпір-түкпіріне жеткізу қажет. Айшылық алыс жерлерге желілер жүргізу – қыруар қаражатты қажет ететін ауқымды іс.

«Оптикалық» олжа

2017 жылдың 12 желтоқсанында мемлекеттік «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бекітіліп, оның маңызды бағыттарының бірі – ауыл мен қала арасындағы цифрлық теңсіздікті жою деп тайға таңба басқандай көрсетіледі. Осы ретте бұрын-соңды интернеті болмаған 4,8 млн адам тұратын 1200 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізу көзделеді. Бұл міндетті – телекомның толымды 9 табысының біріншісі деп біліңіз.

Өзінің жинақтаған тәжірибесі мен инфрақұрылымының арқасында бұл компания 1200 ауылдың 828-не «оптиканы» 2018-2020 жылдар аралығында екі жылда тартып бітіреді. Шақырымдармен шамалайтын болсақ, 20 мыңның 15 мың шақырымына Қазақтелеком оптикалық желіні өзі тартады. Бұл Қазақстан мен Жаңа Зеландияға дейін жететін ара қашықтық. Ауқымды аймақ.

#Тәуелсіздік30: Цифрландырудағы толымды тоғыз табыс

Екі жыл тоқтаусыз жүрген бұл жобаның айналасында небір қызықты оқиғалар бар. Мамандар әр өңірдің табиғи, географиялық ерекшеліктеріне байланысты, желі тартудың түрлі әдісін қолдануға мәжбүр болғанын айтады: оптикалық-талшықты желілер кейде тау-тасты, кейде ну орманды, егістік алқапты, ал кейде өзен-көлдерді қиып өтеді. Мұндайда жобаны өзгертіп, табиғатқа зиян келтірмейтіндей амалдар қарастырылады.

Мысалы, Түркістан облысының ең ірі, әрі халқы тығыз қоныстанған өңірі Келес ауданында мердігерлер 140 шақырымдық оптикалық желіні тарту үшін бастапқы жобаны өзгертуге мәжбүр болады.

Қазығұрттан бастау алып, Шардараға құятын Келес өзені жер астымен оптикалық желіні тарту жұмысын қиындатады. Себебі Келес өзенінің аумағы кең, әрі жағалауы биік жарқабақ. Осының салдарынан су астымен желі жүргізуге аса ыңғайсыз, техниканың өзенге жақын келуіне мүмкіндік жоқ. Сондықтан өзенге жақын аймақтарға желіні әуемен тартуға шешім қабылданады. Ол үшін Ораз ата елді мекенінде 22 темірбетонды бағаналар орнатылып, 1 шақырым талшықты-оптикалық желі осы бағаналар бойымен тартылады.

Ал Шығыс Қазақстан өңірінде «оптика» Үбі өзенінің табанымен жүреді. Үбінің жағалауы техниканың су астына түсуіне ыңғайлы болды. Сондықтан К-700 ауыр техникасы өзенге түсіп, су астынан траншея қазады, екінші көлік оптикалық желіні салып, артынша көміп отырады. Өзен табанында ірі тастар кезігіп, жұмысты едәуір қиындатқанымен, жобаны мамандар кешіктірмей тапсырады.

Талшықты-оптикалық желіні тарту бағытында кезіккен түрлі кедергілерді оңтайлы шешу арқылы мамандар Қазақстанды цифрландыру тарихындағы маңызды беттерді жазып шықты.

Айта кетер маңызды мәселе – ауылдарға интернет тарту жобасына мемлекет қазынасынан бір тиын да жұмсалмады. Бұған оптиканы тартқан компания өз бюджетінен 31,1 млрд теңге шығарып, жүзеге асырады, сонымен қатар Қазақстанның даму банкінен 26,7 млрд теңгені 13 жылға несиеге алып, жобаға салады.

Шеринг шешімі

Ауылға жеткен талшықты-оптикалық байланыс желілері ірі жобаны бастауға мүмкіндік ашады. Ауыл тұрғындарының 93,5%-ын мобильді интернетпен қамтамасыз ететін 250+ жобасы. Яғни халық саны 250 адамнан асатын ауылдарда ұялы байланыс операторлары базалық станцияларын орната бастайды.

Бұл ретте айта кету маңызды, ұялы байланыс операторлары өз станцияларын кез келген жерде тұрғыза алмайды. Біріншіден, елді мекендер тым алшақ орналасқан және талшықты-оптикалық байланыс желілерінің базасындағы тіректі нүктелерсіз станция тұрғызу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан мұндай тіректі нүктелер ретінде 2 мыңнан астам ауылға тартылған оптиканы қарастыруға болады.

Жобаның схемасы қарапайым: сигнал кабель арқылы ауылға жеткізіледі, осы нүктеден мобилді байланыс компаниялары іліп алып, радиосигнал арқылы жақын ауылдарға кеңжолақты интернетті жеткізеді.

#Тәуелсіздік30: Цифрландырудағы толымды тоғыз табыс

Осы ретте қол жеткізген маңызды келісім: цифрлық теңсіздікті жою және қазақ ауылын сапалы мобильді интернетпен қамтамасыз ету үшін әшейінде өзара бәсекелес ұялы байланыс компаниялары күш біріктіруге келісті. Яғни шеринг шешімі арқылы, олар бір-бірінің базалық станцияларын пайдалануға келісті. Нәтижесінде тұрғындар, ауылда бір ғана станция болса да, бірнеше ұялы байланысқа қол жеткізеді.

«250+» – көп қаражатты қажет ететін күрделі жоба. Ұялы байланыс операторлары мұны әлеуметтік жоба деп атайды, себебі салынған инвестицияның қайтарымына кемінде 30 жыл уақыт керек.

Бүгінгі таңда жоба бойынша ел аумағында 583 базалық станция салынды. Нәтижесінде кең жолақты интернетпен қамтылған аймақтарда тұратын қазақстандықтар саны жалпы халық санынан 84%-дан 99,3%-ға дейін өсті. Ел картасында 4G стандарты жетпеген «ақтаңдақтар» көлемі айтарлықтай азайды. Мұны тәуелсіздік жылдары жеткен 9 табыстың екіншісі деп есептеңіз.

Қоныстойға – интернет қосу

«Интернетсіз дүние бос». Әсіресе пандемия, локдаун дәл осы заманауи құралсыз күннің қараң екенін көрсетті. Интернет кәдуілгі адам өмір сүруі үшін аса қажетті жарық, жылу, су секілді коммуналдық қызметтермен қатар қарала бастады. Маңыздысы сол, үй құрылысын жүргізу барысында құрылыс компаниясы телеком операторды таңдап, келісімшартын бекітіп, интернетті бірден қостыру жағын пысықтайтын болды. Мұны 9 табысты істің үшіншісі деп қолыңызды тағы бір бүгіп қойсаңыз болады.

Сандарды сөйлетер болсақ, жыл басынан бері 500-ге жуық көпқабатты тұрғын үйді жүйрік интернетпен қамтылды. Жаңадан салынған үйлер GPON технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосылуда.

Жаңа үйлерді жүйрік интернетпен бірге тапсыру дәстүрінде оңтүстік өңір көш бастап тұр. 10 ай ішінде мұнда 100-ден астам көпқабатты тұрғын үй осы тәсілмен тапсырылған, ал бұл дегеніміз – 10 мыңдаған адамның жаңа пәтерінде ғаламдық желіге еш кедергісіз кіруіне жағдай жасалды деген сөз.

Gigabit PON технологиясы қазіргі уақытта «Қазақтелекомның» талшықты-оптикалық магистраліне қосылудың ең тартымды, әрі жоғары сұранысқа ие нұсқасы болып табылады. Өзгелерден артықшылығы – ол тұтынушы мен магистральды желіні өзара байланыстыратын әрбір пәтер үшін арнайы арна құруды көздейді. Сондықтан бұл технологияны қолдана отырып, желіге қосылған абоненттер үшін интернет жылдамдығы қашанда тұрақты, жылдам, әрі бейне «қатып қалмайтын» болады.

Спутник қалаға – жүйрік интернет

Қалалық қолданушыларға жүйрік интернет GPON технологиясы арқылы берілсе, қала маңындағы елді мекендердегі байланыс FWA технологиясының негізінде тартылуда.

Карантин қыспаққа алып, халық үйіне қамалған тұста елордасына іргелес жатқан Қосшы қаласының халқы сапасыз интернетке шағымданып, бірнеше рет өкпесін телеарна журналистері арқылы жеткізген. Тіпті бұл мәселені профильді министрлік басшысы Бағдат Мусин жеке қадағалауына алды.

Бұл күрмеулі мәселенің шешімі заманауи FWA желісінің арқасында шешілді. Жыл соңына дейін Қосшы қаласын FWA желісімен толықтай қамтимтылатын болады.

Тіркелген сымсыз интернет (Fixed Wireless Access, FWA) технологиясы – сапалы интернет байланысы жоқ және мыс желілерін заманауи «оптикаға» ауыстыру тиімсіз саналатын қалалар мен қала маңындағы жеке сектор үшін өте қолайлы тәсіл. FWA технологиясының арқасында жоғары жылдамдықты интернетке радио қолжетімділік арқылы қосылуға болады. Бұл тәсілдің маңызды артықшылығы – ауқымды және қымбат құрылыс жұмыстарын жүргізбестен, жүйрік интернет қызметін тез қосуға мүмкіндік береді.

Бүгінде «Қазақтелеком» Қосшы қаласында бірнеше базалық станция орнатып та үлгерді, әрі жыл соңына дейін «Лесная поляна» шағын ауданы мен Тайтөбе ауылдық округін қоса алғанда, қаланың негізгі бөлігіне интернет таратылуын кеңейтуді көздеп отыр. FWA технологиясы, операторлардың пікірінше, сымсыз интернет қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді, сонымен бірге оның трафигі жоғары, ал жылдамдығы кепілдендірілген болып келеді. Бұл технология тек интернетке ғана емес, сонымен қатар басқа да телекоммуникация қызметтеріне қосылуға мүмкіндік береді екен.

FWA технологиясы бойынша желілер тек Қосшыда ғана емес, елдің басқа да өңірлерінде даму үстінде. Телеком басшылығы қазіргі уақытта осы секілді жұмыстар Алматы мен Шымкент маңында жүргізіліп жатқанын мәлімдеген. Келесі жылы FWA желісі Ақмола облысының Қоянды, Қараөткел, Қаражар және Талапкер елді мекендерінде қолға алынбақ. Нұр-Сұлтан қаласында осындай желілер келесі жылы Оңтүстік-шығыста, Ильинка мен Көкталда іске асырылады. Ал бұл – 9 табыстың төртіншісі. Қолымызды бүгіп қояйық.

«Ақылды қала» – жаңа тұрмыстың стандарты
#Тәуелсіздік30: Цифрландырудағы толымды тоғыз табыс

Әлем бойынша халықтың қалаға қарай ағылып жатқан тенденциясын байқауға болады. Сарапшылар пікірінше, 2050 жылға қарай дамыған мемлекеттер халқының 80%-ы қалада тұратын болады. Қазақстанда да урбанизация көлемі ойлантарлық. БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаменті алдағы 30 жылда Қазақстанның қалалану деңгейі 69,1%-ға жетеді деп болжады. Бұл дегеніміз – еліміздің 10 тұрғынының 7-еуі қалада тұратын болады деген сөз.

Мұндай жағдайда билік алдында қаланың инфрақұрылымын басқаруда тың тәсілдер қолдану мәселесі туындайды, себебі дәстүрлі амалдар енді жарамайды. Халық саны өскен сайын, олардың қолайлы өмірін қамтамасыз ету қиын бола түседі. Бұл бағытта ақылды технологиялар қала тіршілігін басқаруда көмекке келеді.

«Smart Aqkol» жобасын сәтті жүзеге асырылды. Енді біртіндеп ірі қалаларды «ақылдандыру» процесін тұрақты жүргізілуде. Ақтау, Арыс, Түркістан қалаларының жұмысын ұйымдастыру интеллектуалды технологиялардың арқасында жаңа деңгейге шықты.  

Компанияда әр өңірдің, әр қаланың өзіндік ерекшеліктері мен күрмеулі мәселелері әртүрлі боп келетінін алға тартады. Мысалы, Түркістан облысы қайта жаңғырып келе жатқан жаңа облыс. Киелі өңірдің туристік әлеуетін дамыту – маңызды міндеттердің бірі боп саналады. Сондықтан Түркістанға туристер келген кезде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоғамдық орындарда бейнебақылау жүйелерін жетілдіру маңызды.

Ал Қазақстандағы алғашқы смарт қалалардың бірі – 14 000 тұрғыны бар  Ақкөл қаласында ақылды технологиялар электр энергиясын 40 пайызға дейін үнемдеуге көмектескен. Арыс қаласында қайғылы оқиғадан кейін ақылды қала элементтері ауадағы радиация көлемін анықтап, үрейленген халықтың қауіпсіздігін қалт жібермей қадағалады.

Ал бүгінгі таңда Smart Turkistan жобасын жүзеге асырудың белсенді кезеңі жүргізілуде. Ірі байланыс операторы салған IoT (Internet of Things) желілеріне қосу арқылы суды тұтыну деректерін қашықтан басқаратын құрылғылармен қаланың муниципалдық және коммуналдық нысандарын жабдықтай бастады.

Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда түркі тілдес елдердің рухани астанасының қауіпсіздігін қадағалайтын, деректерді қашықтан жинау мүмкіндігі бар 20-дан астам құрылғы орнатылған. Мысалы, олар құдық қақпақтарын ашу немесе құдықты су басу жағдайларын дереу баяндайтын датчиктер, жалпы үйлердегі суды есептегіштер, сондай-ақ топырақтың ылғалдылығын өлшейтін датчиктер және саябақ аймақтарын суаруға кететін судың негізгі шығынын есептегіш құралдар бар.

Қазіргі уақытта датчиктер арқылы жиналған суды тұтыну туралы барлық мәліметтер нақты уақыт режимінде «Жасыл Түркістан» және «Түркістан-Су» коммуналдық кәсіпорындарына беріліп отыр. Бұл деректер су көлемін тұтынудың деңгейін талдауға көмек береді.

Сонымен қатар, осы жылы Түркістан облысында тағы бір бұлттық бейнебақылау жобасын жүзеге асырған компания, облыстағы 349 мектепті жергілікті полиция қызметінің Жедел басқару орталығына қосқан болатын. Ағымдағы жылдың соңына дейін осылайша облыстағы барлық 919 мектепті біріктіру жоспарлануда, бұл құқық бұзушылықтардың алдын-алуға, бүкіл оқу үдерісін бақылауға, білім беру мекемелерінің аумағын қадағалауға және бөгде тұлғалардың мектеп аумағына кіруіне жол бермеуге көмектеседі.

Ақылды қала технологиясы бірте-бірте еліміздің әрбір аймағына жететін болады. Бұл – цифрландырудағы 9 табыстың бесіншісі.

5G белесі

Мобильді байланыстың бесінші буынын Қазақстанда кеңінен ендіретін күн алыс емес. 5G желісін Нұр-Сұлтан қаласындағы Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің аумағында сынақтан өткізуде. Сонымен қатар Шымкентте бесінші буын станциясын іске қосу жоспары бар. Ал бүгінде 5G базалық станциясы Түркістанда жұмысын бастап кетті.

#Тәуелсіздік30: Цифрландырудағы толымды тоғыз табыс

Түркістан – ежелгі қалалардың бірі, түркі тілдес елдердің рухани астанасы. Қаланың ішкі және сыртқы туризм орталықтарының біріне айналатын зор әлеуеті бар. Осы бағытта телекоммуникация саласында ауқымды инфрақұрылымдық жұмыстар қажет. Бұл ретте алғашқы маңызды қадам жуырда жасалды: қаланың әкімшілік орталығын облыс орталығының кіреберіс қақпаларымен байланыстыратын Бекзат Саттарханов даңғылында 5G базалық станциясы жұмысын бастады.

5G желісінің Түркістанда іске қосылуы қаланы басқаруда жаңа сценарийлерді енгізуге, көлік инфрақұрылымын цифрландыруға және «Ақылды қала» жобасын іске асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 5G желілеріне еркін қол жеткізу аймақтары қалаға туристер ағынын ұлғайтуға қосымша ынталандыру құралына айналары сөзсіз.

5G технологиялары 4G технологиясына қарағанда өткізгіштік қабілеті жоғары, сигналдың кешігуіне жол бермейді және батарея қуаттылығын сақтайды.

Сонымен қатар 5G технологиясы Big дата негізінде қызметі толықтай автоматтандырылған, басқарушылық шешімдер қабылдауға, талдауға және «ақылды қала» элементтерін енгізуге жағдай жасайды.

2022 жылдың басында Б.Саттарханов даңғылының әр бөлігінде орналасқан әуежай, әкімшілік-іскерлік орталығы мен мәдени-рухани орталықтың байланыс аймағын құру үшін 5G базалық станцияларын қосымша орнату жоспарланған.

Өмірдің әрбір саласын роботтандыруға жол ашқан 5G технологиясының қанат жаюы 9 табыстың алтыншысы.

Big data – биік меже

Ақпараттар ағыны күн сайын толассыз артуда. Адамзат баласы дүниеге алып келген барлық ақпараттың басым бөлігі, соңғы 3-4 жылда пайда болған. Яғни күнделікті әлеуметтік желілерге жүктелген контент көлемі минут санап өсіп жатыр. Ал 5G еліміз бойынша толықтай іске қосылған соң, бұл ақпараттар көлемін 100 есеге арттыра беріңіз. Үлкен көлемдегі деректерді сақтайтын бұлтты шешімдер мен дата орталықтар қазірдің өзінде ауадай қажет.

#Тәуелсіздік30: Цифрландырудағы толымды тоғыз табыс

Мобильді болу және деректерді виртуалды ресурстарда сақтау трендке айналды. Бұған дәлел 2021 жылдың екінші тоқсанында бұлттық инфрақұрылым қызметтеріне жұмсалған шығындар дүние жүзінде 36%-ға өсіп, 47 млрд долларды құрады. Canalys-тің соңғы деректеріне сәйкес, бұлттық инфрақұрылым қызметтеріне жұмсалған шығындар 2020 жылдың екінші тоқсанымен салыстырар болсақ 12 миллиард долларға өскен.

«Бұлтқа» сұраныс тұрақты өсуде. Бұл сақтау мен өңдеуді қажет ететін деректер көлемінің өсуіне тікелей байланысты. Big data, яғни үлкен деректерді сақтау және өңдеу табысты кәсіп түріне айналған, тіпті оны 21-ғасырдың мұнайы деп те бекер атамаса керек.

Бүгінгі таңда еліміздің әрбір үшінші ірі компаниясы өз деректерін бұлтты қызметте сақтап, дата орталықтарындағы бағаналарды жалға алып жатады. Бүгінде Қазақтелекомның өзінде еліміздің әр өңірінде орналасқан 26 дата орталығы бар, осы жерде шетелдік танымал ресурстар Google, Youtube, Facebook, Яндекс секілді ірі контент жасаушылардың серверлері сақталған. Осының арқасында аталған танымал платформаларда деректер алмасу анағұрлым тез жүзеге асады.

Жаңа заманның «мұнайына» айналған дата орталықтарының дамуын табысты тоғыздықтың жетіншісі деп есептеуге болады.

Цифрландыру дәрігер мен теледидарды қалтафонға салып берді

Тоғыз табысты істі түйіндеп келгенде бір түсінгеніміз, «Қазақтелеком» телекоммуникациялық оператор деңгейінен асып кетті. Бүгінде бір қарағанда үш қайнаса сорпасы қосылмайтын салаларды бір шатырдың астына біріктіріп отыр. Барлығы цифрландыру технологиясының арқасында. Енді телеком оператор телемедицинаны дамытып, медиа нарықтағы контент қалыптастырушы рөлін де сынап көруде.

#Тәуелсіздік30: Цифрландырудағы толымды тоғыз табыс

Осы жылдың наурыз айында қалың бұқараға жол тартқан «ТВ+» жобасында тұтынушыға эфирлік уақытты басқару мүмкіндігін жасады. Бүгінгі таңда 200 мыңнан астам қолданушысы бар, бұл платформа тікелей эфирде өтіп жатқан бағдарламаны тоқтатып қоюға, қайта айналдырып қарауға немесе көшіріп алуға және теледидардан телефонға ауысып тамашалауға мүмкіндік береді.

Тәуліктің кез келген уақытында жоғары білікті дәрігерден үйден шықпай-ақ кеңес алуға мүмкіндік беретін Аймедикус қосымшасын бүгінде 50 мыңнан астам тұтынушы жүктеп алған.

Бұл қосымша әсіресе қыста қардың астында қалатын шалғайдағы ауылдардың тұрғындары үшін нағыз олжа болды. Бүкіл ауылға қарайтын бір ғана фельдшердің нұсқауын күтпей-ақ ірі қалалардағы және Мәскеу, Санкт-Петербордағы 17 жылдық тәжірибесі бар мамандармен бейне немесе аудио байланыс арқылы шағымын айтып, қажет болса сараптама қорытындыларын жүктеп, диагноз қоюға, сонымен қатар қойылған диагноз бойынша қосымша кеңес алуға мүмкіндік береді.

Қалтадағы теледидар мен қолжетімді дәрігер 9 табысты жобаны толықтырып тұр. Бұл жаңашылдықтардың негізінде, әрине, елді цифрландыру және ауыл мен қала арасындағы цифрлық теңсіздікті жою тұр.

Өзгелердің жаңалығы