Чехия Орта дәлізді цифрландыруға атсалысуға дайын

15 Қазан 2026, 13:13
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова 15 Қазан 2026, 13:13
15 Қазан 2026, 13:13
99
Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Чехия халықаралық көлік дәліздеріндегі бюрократиялық кедергілерді азайтып, жүк тасымалын жеделдету үшін жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды кеңінен қолдануды ұсынады. Елдің көлік министрі Иван Беднариктің айтуынша, Орта дәліздің бәсекеге қабілеттілігі инфрақұрылыммен қатар, жүктерді уақытылы әрі қауіпсіз жеткізуге және деректермен жедел алмасуға байланысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Чехия Республикасының көлік министрі Иван Беднарик Астанада өткен VIII халықаралық «NEW SILK WAY» бизнес-форумында мәлімдеді.

Министрдің сөзінше, тарихи Ұлы Жібек жолы нарықтарды, мәдениеттер мен идеяларды байланыстырса, бүгінгі цифрлық Жібек жолы Азия мен Еуропа арасындағы көлік дәліздерін деректермен, цифрлық қызметтермен және зияткерлік шешімдермен біріктіруге мүмкіндік береді.

Оның пікірінше, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуда заманауи инфрақұрылымның маңызы зор. Алайда дәліздің бәсекеге қабілеттілігі жүктерді болжамды мерзімде, қауіпсіз және негізсіз кідіріссіз жеткізуге де тікелей байланысты.

Жасанды интеллект жүк ағындарын болжауға, жолдар мен өткізу қуатын оңтайландыруға, күту уақытын қысқартуға және елеулі кідірістерге әкелуі мүмкін кедергілерді алдын ала анықтауға көмектеседі, – деді Иван Беднарик.

Оның айтуынша, техникалық қызмет көрсетуді алдын ала жоспарлау инфрақұрылым мен жылжымалы құрамның сенімділігін арттыра алады. Ал құжаттарды автоматты өңдеу және жүктерді нақты уақыт режимінде қадағалау тасымалдаушылар мен тұтынушыларға жүк жөнелтілімдері туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік туғызады.

Министрдің пікірінше, цифрлық көлік дәлізінде жүк туралы ақпарат пойыз немесе кеме межелі жерге жетпей тұрып тиісті органдарға жеткізілуі керек. Бұл кеден қызметтеріне, терминалдарға және келесі тасымал кезеңіне жауапты тараптарға алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді.

Ол үшін электрондық құжаттар өзара үйлесімді болуы және мемлекеттер арасында деректерді қауіпсіз алмасу жүйесі құрылуы қажет. Сонымен қатар киберқауіпсіздік көлік қауіпсіздігінің ажырамас бөлігіне айналып, жасанды интеллект жүйелері ашық әрі адамның бақылауында болуы тиіс.

Чехия цифрлық логистика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға дайын

Иван Беднарик Чехия компанияларының мультимодальды тасымал, теміржол логистикасы, сигнал беру және байланыс жүйелері, терминалдарды автоматтандыру, жүктерді қадағалау, киберқауіпсіздік және болжамды техникалық қызмет көрсету салаларында тәжірибесі бар екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Чехия технологияларды қаржыландырумен, кадр даярлаумен, жергілікті әлеуетті дамытумен және сенімді қызмет көрсетумен ұштастыратын ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға мүдделі.

Министр халықаралық көлік дәліздерін цифрландыру бойынша үш басым бағытты атады. Біріншісі – трансшекаралық логистиканың толық тізбегін қамтитын пилоттық жобаларды іске асыру. Екіншісі – ортақ стандарттарға негізделген қауіпсіз әрі үйлесімді деректер алмасу жүйесін құру. Үшіншісі – мемлекеттік органдардың, инфрақұрылым операторларының, тасымалдаушылардың, логистикалық компаниялардың, технология жеткізушілері мен қаржы институттарының жұмысты бастапқы кезеңнен бірлесіп жүргізуі.

Жасанды интеллектіні сәнге айналған технология болғаны үшін емес, операторлардың, кәсіпорындардың және азаматтардың нақты мәселелерін шеше алатындықтан қолдануымыз керек, – деді ол.

Global Gateway бастамасы және көлік саласындағы бюрократия

Форумда министрге Еуропалық Одақтың Global Gateway бастамасы аясында Орта дәліздің цифрландырылуын қолдау мүмкіндігі туралы да сұрақ қойылды.

Иван Беднарик халықаралық көлік дәліздерінде бюрократиялық кедергілер мен жүк тасымалына қатысты қиындықтар барлық бағытта кездесетінін айтты. Оның сөзінше, жаңа технологиялар жүктің қай жерде, қандай көлікпен және қай бағытта тасымалданып жатқанын бақылауға мүмкіндік береді.

Көлік дегеніміз – уақыт, ал уақыт дегеніміз – ақша. А нүктесінен В нүктесіне дейінгі мыңдаған шақырымды қамтитын тасымал арзанырақ әрі қарапайым болған сайын, артық сұрақтар мен негізсіз кедергілер де азаяды. Біздің мақсатымыз – көліктің шекаралық және саяси кедергілерге тәуелділігін барынша төмендету, – деді министр.

Ол цифрландырудың маңызы алдағы уақытта одан әрі арта түсетінін атап өтті. Бұрын логистикада ақпарат алмасу үшін факс қолданылса, қазір жүргізушілер қажетті мәліметтерді мобильді құрылғылары арқылы ала алады.

Шетелдік сарапшының пікірінше, заманауи инфрақұрылымды зияткерлік логистикамен және цифрлық ынтымақтастықпен ұштастыру көлік дәліздерін жылдам, қауіпсіз әрі ықтимал үзілістерге төзімді етуге мүмкіндік береді.

Иван Беднарик Чехияның халықаралық көлік саласындағы тәжірибесімен бөлісуге және осы бағыттағы бірлескен жобаларды дамытуға дайын екенін жеткізді.

Наверх