Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"ChatGPT-ге мәлімет енгізбеңіз" – Цифрлық министрлік шетелдік ЖИ платформаларынан қауіп барын ескертті

Олжас АДАЙ
18 Шілде 2025, 15:06
3129
Бөлісу:
 BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ

Цифрлық даму министрлігі қазақстандықтарға ChatGPT сынды шетелдік жасанды интеллект платформаларын қолданғанда абай болуға кеңес берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жасанды интеллект пен қауіпсіздік: Министрлік не дейді?

BAQ.KZ тілшісі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне ресми сауал жолдады:

Қазіргі таңда әлем бойынша түрлі жасанды интеллект платформалары (ChatGPT, Gemini, Copilot және т.б.) кеңінен қолданылып келеді. Қазақстан жастары да осы платформаларға белсенді тіркеліп, кей жағдайда жеке мәліметтерін енгізіп жатыр. Министрлік бұл үрдісті бақылауда ұстай ма, және мұндай сервистерде тіркелу азаматтардың дербес деректері үшін қаншалықты қауіп төндіреді деп санайсыздар?

Ведомство ресми жауабында төмендегідей түсініктеме берілді:

Қазақстан Республикасының аумағында тіркелмеген шетелдік платформалар Қазақстан Республикасының заңнамасының қолданысына жатпайды. Осыған байланысты, мұндай платформаларда дербес деректерін қорғау кезінде азаматтардың құқықтары бұзылу қаупі бар.

Сондай-ақ:

Министрлік азаматтарға шетелдік ЖИ платформаларын пайдалану кезінде аса сақ болуға, құпия деректерді енгізбеуге, сондай-ақ пайдалану шарттары мен құпиялылық саясатын мұқият оқып шығуға кеңес береді. Дербес деректер бөлігінде құқықтарыңыз бұзылған жағдайда ҚР ЦДИАӨМ-не жүгінуге құқылысыз, – делінген министрлік жауабында.

Желіде 16 миллионнан астам қазақстандықтың жеке дерегі тарады деген ақпарат қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бұл мәселеге қатысты Цифрлық даму министрлігі ресми түсініктеме берді.

Айта кетейік, бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда суперкомпьютер негізінде ЖИ экожүйесі құрылатынын мәлімдеді.

Өзгелердің жаңалығы