Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың іргесінде жатқан Қоянды ауылынан қалаға қатынап жұмыс істейтін 100-ге тарта көліктің ішінде аяғы ауыр әйелдер мен балалар да бар.
Бұл туралы Қоянды ауылының тұрғындары хабарлады.
Кеше 26 қаңтар сағат шамамен 17:00 кезінде Қоянды ауылынан астанаға қарай 100-ге тарта көлік бүгінгі жұмысқа бару мақсатында жолға шыққан. Бірақ қарлы боранның күрт күшеюіне байланысты, көліктер түгелдей қар құрсауында қалды. Ең өкініштісі көліктерде аяғы ауыр әйелдер мен балалар, қарттар бар.
Қарға қамалған көліктерге түнгі сағат 3:00-ге дейін ешбір төтенше жағдайлар көмекке келген жоқ. Жолаушылар қарды қолмен қанша күрегенімен, қалың қар ырық бермей отыр. Көліктердің жанармайы таусылып, өшіп қалып жатыр. ТЖҚ, ІІҚ, iKOMEK барлығына хабарластық. "Көмек жібердік" дейді, бірақ көмекке жіберген автокөліктер жүре алмай қалғаны анық. Бұл жерге тек әскери техника ғана келе алады, - деп түсіндірді Қоянды ауылының тұрғындары.
Қазір боран саябырсығанымен көліктердің барлығы қар астында тұр.
Біз қолдан келгенше жанармайы таусылып қалған көліктердің жолаушыларын өзге көлікке ауыстырып отырғыздық. Уақыт өте тапшы, себебі олардың да жанармайы таусылуға жақын, - дейді қиын жағдайға тап болған ауыл тұрғындары.
Ауыл тұрғынының айтуынша, мына адамдар жол бойындағы заправканы паналап әлі отыр.