Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) мәліметінше, 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 27,6 трлн теңгені құрады.
Зейнетақы жинақтарының ең үлкен бөлігі – инвестициялық портфельдің 43,38%-ы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына салынған.
Сонымен қатар:
* 8,18%-ы квазимемлекеттік компаниялардың облигацияларына;
* 3,12%-ы Қазақстан Ұлттық банкіндегі депозиттерге;
* 2,57%-ы екінші деңгейлі банктердің облигацияларына;
* 2,07%-ы қазақстандық компаниялардың акцияларына инвестицияланған.
Бұдан бөлек, зейнетақы активтерінің 37,65%-ы индекстік басқару қағидаты бойынша инвестицияланып отыр. Бұл тәсіл қаражатты халықаралық қор индекстеріне орналастыруды көздейді және әртүрлі елдер мен қаржы құралдарына инвестиция салу арқылы тәуекелдерді әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Ал инвестициялардың валюталық құрылымына келсек, зейнетақы жинақтарының 58,94%-ы теңгемен, ал 41,06%-ы АҚШ долларымен инвестицияланған.
БЖЗҚ түсіндіруінше, инвестициялық портфельдің мұндай құрылымы тәуекелдерді түрлі қаржы құралдары, валюталар, елдер және экономика салалары арасында тиімді бөлуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, жыл басынан бері БЖЗҚ қазақстандықтарға 24,7 миллионнан астам қызмет көрсетті.
Сондай-ақ, зейнетақы жинағына қатысты қазақстандықтар нені білуі керек екені хабарланды.
Тағы оқи отырыңыз: Зейнетке шықпай-ақ ақша алуға болады: Маман 8 жыл бұрын төлем алудың жолын түсіндірді